Қ А У Л Ы
2026 жылғы 14 қаңтар №6003-25-00-2к/2536 (2) Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот, құрамында
төрағалық етуші судья Ғ.Б.Бастаубаев,
судьялар Даненова А.А., Токсанбаев А.Б.,
аудармашы Т[...], талап қоюшылар Е[...], Е[...], олардың өкілі К[...], жауапкерлердің өкілдері В[...], Е[...], бейнеконференцбайланыс арқылы қатысуларымен, ашық сот отырысында талап қоюшылар С[...], К[...], Е[...], Е[...] жауапкерлер «AGK[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне, Б[...], Б[...], Б[...] берген материалдық шығынды және моральдық зиянды өндіру, «AGK[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін үйді сатушы деп тану, мәмілелерді жарамсыз деп туралы талап қоюлары бойынша электронды азаматтық істі Ақтөбе қалалық сотының 2024 жылғы 15 қазандағы шешіміне және Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 13 наурыздағы қаулысына талап қоюшылардың өкілінің келтірген кассациялық шағымымен қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы:
2022 жылғы 27 қыркүйекте жауапкер «AGK[...]» ЖШС-і мен жауапкерлер Б[...] мен Б[...] арасында Ақтөбе қаласы, Батыс-2 шағын ауданы, 250/106 мекен жайында орналасқан тұрғын үйді сатып алу - сату шарты жасалған (бұдан әрі – даулы үй). Аталған шартқа 2022 жылғы 11 қазанда №797-2180 қосымша келісімімен өзгертулер енгізіліп, үйдің бағасы 49 000 000 теңге деп белгіленген.
2023 жылғы 6 ақпанда жауапкерлер Б[...], Б[...] мен талап қоюшылар С[...], К[...] арасында сатып алу - сату шарты жасалып, даулы үй соңғыларға 49 000 000 теңгеге сатылған.
Талап қоюшылар талап қоюында даулы тұрғын үй жауапкер «AGK[...]» ЖШС-нен жауапкерлер Б[...] мен Б[...] атына құқықтық салдарлар жасау ниетінсіз, тек алдау үшін жасалған жалған мәміле арқылы аударылғанын, іс жүзінде тұрғын үйді «AGK[...]» ЖШС-нен 50 600 000 теңгеге сатып алғанын, шартта үйдің бағасы 49 000 000 теңгеге салықтан жалтару мақсатында көрсетілгенін, үйдің ішкі және сыртқы жұмыстарының аяқталмауы себебінен пайдалануға жарамсыз болғанын, «AGK[...]» ЖШС-і тұрғын үйде толығымен жөндеу жұмыстарын жүргізіп, қоныстануға жарамды етіп беруге уәде бергені себепті үйді сатып алу шартына келіскенін, алайда жауапкермен тұрғын үйде жөндеу жұмыстары жасалмағанын көрсетіп, жоғарыда аталған мәмілелерді жарамсыз деп тануды және тұрғын үйдің сатушысы «AGK[...]» ЖШС-і деп тануды, жауапкерлерден 52 429 318 теңге материалдық шығынды өндіруді сұраған.
Сонымен қатар, талап қоюшылар көп балалы отбасымен ұзақ мерзімге үй жалдап тұруға мәжбүр болғанын, жауапкерлердің әділетсіздіктерінен өздері, зейнеткер ата-аналары, балалары, отбасы мүшелері уайымға салынып, денсаулықтары нашарлағанын, көпшілік алдында қадір-қасиеттері, абыройлары кеміп, төзімдері таусылғанын көрсетіп, 4 000 000 теңге моральдық залалды, 6 902 444 теңге (4 446 533 теңге) сот шығындарын өндіруді сұраған.
Ақтөбе қалалық сотының 2024 жылғы 15 қазандағы шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.
Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 13 наурыздағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Кассациялық шағымында талап қоюшылардың өкілі жергілікті соттардың істің мән жайын толық анықтамай, заң нормаларын қате қолданғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыруды сұрайды.
Талап қоюшылардың және олардың өкілінің кассациялық шағымды қолдайтын, жауапкерлердің өкілдерінің қарсы пікірлерін тыңдап, шағым уәждері мен іс құжаттарын зерделеп, кассациялық сот төменгі тұжырымдарға келеді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі- АПК) 438 - бабының 5 - бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427 - бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434 - бабының 1- бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Қаралып отырған іс бойынша жергілікті соттармен заң бұзушылыққа жол берілмеген.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 157бабының 2-тармағына сәйкес мәміленің нысанына, мазмұнына және мәмілеге қатысушыларға, сондай-ақ олардың осы Кодексте немесе өзге де заңнамалық актілерде белгіленген негіздер бойынша ерік білдіру бостандығына қойылатын талаптар бұзылған кезде мәміле жарамсыз деп танылады.
АК-нің 160-бабының 1-бөлігіне сай, оған тиісті құқықтық салдарлар жасау ниетінсіз, тек алдау үшін жасалған мәмілені (жалған мәмілені) сот мүдделі тұлғаның, тиісті мемлекеттік органның немесе прокурордың талап арызы бойынша жарамсыз деп таниды.
Осы баптың 2-бөлігінде егер мәмiле екiншi бiр мәмiленi (қулықпен) бүркемелеу мақсатымен жасалса, тараптар шын мәнiнде ойлаған мәмiлеге қатысты ережелер қолданылатыны ескерілген.
2022 жылғы 14 қыркүйекте «AGK[...]» ЖШС-нің тіркеуші органда даулы тұрғын үйді меншік иесінің өз бетінше салынған объектіні пайдалануға қабылдау актісі тіркелген.
2022 жылғы 27 қыркүйекте «AGK[...]» ЖШС-гі мен Б[...] және Б[...] араларындағы даулы үйді сатып алу-сату шарты және осы шартқа қосымша келісім жасалып, даулы үйдің соңғыларға 49 000 000
теңгеге сатылғаны сотта осы келісім шарттарға қолын қойған тұлғалармен толық қуатталған. Ж[...] Б[...] мен Б[...] даулы үйге меншік құқығы 2022 жылғы 28 қыркүйекте тіркелген.
Осыған орай жергілікті соттар «AGK[...]» ЖШС-гі мен Б[...] және Б[...] араларындағы жасалған даулы үйді сатып алу - сату мәмілесінің оның тараптары расталғанын, сонымен қатар, даулы тұрғын үйдің Б[...] мен Б[...] атына тіркеуден өткізілгенін ескеріп, бұл мәмілелерді жалған мәміле деп тануға, ол мәмілелерді талап қоюшылар даулауына негіз жоқ деген тұжырымға келген.
Кассациялық сот бұл тұжырыммен келіседі, себебі ол істің мән-жайына сәйкес келеді, бұл мәмілелерді жалған деп тануға тиісті және жеткілікті дәлелдер жиынтығы талап қоюшылармен сотқа келтірілмеген.
Мұндай жағдайда жергілікті соттардың талап қоюшылардың «AGK[...]» ЖШС-ін даулы тұрғын үйдің сатушысы деп тану туралы талап қоюын қанағаттандырусыз қалдырғаны да орынды.
Талап қоюшылар мен Б[...] және Б[...] арасында тұрғын үйді сату және сатып алу туралы мәмілені жарамсыз деп тануға да заң талаптарымен көзделген негіздер жоқ болған, бұл талапқа негіз болатын тиісті және жеткілікті дәлелдер жиынтығы талап қоюшылармен сотқа келтірілмеген.
Бұл мәмілелер жазбаша түрде жасалған, нотариатты түрде куаландырылған, тиісті мемлекеттік тіркеулерден өткізілген құжаттар, даулы тұрғын үйдің құны толық төленген, тұрғын үй талап қоюшыларға берілген, демек, бұл мәмілелер нақты жасалып, іс жүзінде орындалған, ол мәмілелер бойынша тараптардың құқықтары мен міндеттері туындаған.
Талап қоюшылар талап қоюында даулы үй бойынша келісім шартты жасаған кезде үйдің төрт қабырғасы және төбеде тіреуіштер болғанын, яғни құрылыс аяқталмағанын, құрылысты аяқтау мәселесі бойынша «AGK[...]» ЖШС-мен ауызша келісімге келгенін, үйдің құрылысын аяғына дейін жеткізіп, толық салып беретініне сенгенін, яғни мәмілені осындай шартпен жасағанын көрсеткен.
Сот құрылыс-техникалық сараптаманың қорытындысына сәйкес даулы тұрғын үйде құрылыс нормалары мен ережелерінің талаптарына сәйкес келмейтін кемшіліктер, яғни қабырға мен қалқада, бетон төсеніштерінде жарықтар бар, жылу жүейсі, жылыту құрылғылары, оған қатысты реттеу клапандары, реттеуші арматура, шатырдың бу тосқауылы, оған қоса электр жабдықтарын қосу-сөндіру құрылғылары жоқ, аталған кемшіліктер жасырын емес және әдеттегі қабылдау әдісі арқылы анықталуы мүмкін екені көрсетілген.
Сотта тұрғын үйде күрделі жөндеу жұмыстары және қайта әрлеу
жұмыстары жасалуы қажет екені анықталған.
Бұл мән-жайларға қатысты жергілікті соттар талап қоюшылар даулы үйді сатып алар алдында тікелей тексеріп, оның техникалық және санитарлықгигиеналық жай-күйімен танысып, көзге көрінетін кемшіліктерді анық байқап,
тұрғын үйді осы күйінде сатып алуға келіскенін, яғни тәуекел еткенін анықтап, бұл мән-жайлар да мәмілені жарамсыз деп тануға негіз болмайды деп тұжырымдаған.
Жергілікті соттардың бұл тұжырымы да орынды, себебі АК-нің 380 және 382 баптарына сәйкес азаматтар және заңды тұлғалар өз қалауы бойынша шарт жасасуға ерiктi екені белгiленген.
Мұндай негіздер бойынша талап қоюшылардың мәмілені бұзу немесе «AGK[...]» ЖШС-ін тұрғын үйде қажетті жөндеу және әрлеу жұмыстарын жүргізуге міндеттеу немесе оның құнын өндіру туралы талап қою құқығы сақталады.
Мұндай жағдайда, жергілікті соттардың дауланып отырған шарттарды жарамсыз деп тану және осы талаптан туындайтын материалдық шығынды және моральдық зиянды өндіру туралы талап қоюларды қанағаттандырусыз қалдырғаны дұрыс.
Кассациялық шағымда келтірілген уәждер істі қарау барысында айтылған, оларға жергілікті соттармен дұрыс баға берілген, тиісті заң нормалары дұрыс қолданылған, шағымдалған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіздер жоқ.
Талап қоюшылардың өкілінің осы іс бойынша сот актілеріне 2025 жылғы 3 қыркуйекте берген кассациялық шағымы баж салығын ескірген реквизиттер бойынша төлегені себепті қайтарылған. Екінші рет кассациялық шағым 2025 жылғы 21 қазанда берілген, оған қоса кассациялық шағым беру мерзімін қалпына келтіру туралы өтініш берілген. Осы себептте талап қоюшылардың өкілінің осы іс бойынша сот актілеріне кассациялық шағым беру мерзімін қалпына келтіру туралы өтініші қанағаттандыруға жатады.
АПК-тің 113 бабына сай жауапкер «AGK[...]» ЖШС-нің пайдасына өкіл көмегіне төленген 150 000 теңге шығыны талап қоюшылардан, әрқайсысынан 37 500 теңгеден өндіруге жатады, себебі ол шығын тиісті құжаттармен бекітілген.
Ж[...].Б[...] өкілінің өкіл көмегіне төлеген шығынды өндіру туралы өтініші қанағаттандыруға жатпайды, себебі оның өкілі заң кеңесшісі ретінде Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 166 - бабының 2 тармағына сәйкес өкіл көмегі үшін төлемді арнайы есеп-шотқа кассалық бақылау машинасын қолдану арқылы қабылдап алуы тиіс болған, алайда, ол өтінішіне «Каспий» клиентіне аударым жасалғаны туралы төлем құжатын тіркеген, ол құжат Салық кодексінің 686-1 бабына сай емес болғандықтан тиісті дәлел ретінде қабылданбайды.
АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Талап қоюшылардың осы іс бойынша сот актілеріне кассациялық шағым беру мерзімі қалпына келтірілсін.
Ақтөбе қалалық сотының 2024 жылғы 15 қазандағы шешімі және Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 13 наурыздағы қаулысы күшінде, талап қоюшылардың өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Талап қоюшылар С[...], К[...], Е[...], Е[...], әрқайсысынан, жауапкер «AGK[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің пайдасына 37 500 (отыз жеті мың бес жүз) теңгеден өндірілсін.
Ғ.Бастаубаев
Төрағалық етуші судья
Судьялар
А.Даненова
А.Токсанбаев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.