ВС РК - Постановление от 14.05.2025 по делу 6001-24-00-6ап/1870 (Административное)

6001-24-00-6ап/1870

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 14 мамыр Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші судья Г.Б.Дуйсенбаев,

судьялар Г.К.Нұрбаев, Е.Д.Өміралиев,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында талап қоюшы Канымкул Демесиновна Сарымбетованың жауапкер жеке сот орындаушысы Биржан Копболсынович Кадирсизовқа қаулыны заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік ісі бойынша,

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 19 сәуірдегі қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы К.Д.Сарымбетова сотқа жоғарыда аталған талап қоюмен жүгініп, жеке сот орындаушысы Б.К.Кадирсизовтың (бұдан әрі - ЖСО) 2022 жылғы 20 маусымдағы атқарушылық іс жүргізуді тоқтату туралы қаулысын даулаған.

Түркістан облысы Бәйдібек аудандық сотының 2024 жылғы 27 ақпандағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.

Жеке сот орындаушысы Биржан Копболсынович Кадирсизовтің 2022 жылғы 20 маусымдағы атқарушылық іс жүргізуді тоқтату туралы қаулысы заңсыз деп танылып, күші жойылған.

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 19 сәуірдегі қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылған.

Талап қоюшы К.Д.Сарымбетованың талабын қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылданған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған апелляциялық саты сотының қаулысымен келіспейтінін көрсетіп, оның күшін жойып, бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдыруды сұраған. Тараптар Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды. Іс құжаттарын зерттеп, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Іс құжаттарынан анықталғандай, Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2019 жылғы 22 қазандағы шешімімен талап қоюшы «Нұртас» шаруа қожалығының төрағасы К.Д.Сарымбетованың талабы қанағаттандырылып, жауапкер «Құтылған» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің төрағасы Н.И.Жакипбековке талап қоюшыға тиесілі кадастрлық №19-286-056-1022 жер телімінде иеленіп отырған сым шарбағымен тартылған ені 79 метр, ұзындығы 201 метр жер телімін босату міндеттелген.

ЖСО 2022 жылғы 14 сәуірде сот шешімінің негізінде атқарушылық іс жүргізуді қозғап, 2022 жылғы 20 маусымдағы қаулысымен атқарушылық іс жүргізу толық орындалуына байланысты тоқтатқан.

Талап қоюшы К.Д.Сарымбетова соттың шешімі іс жүзінде орындалмағандығын көрсетіп, аталған талаппен сотқа жүгінген. «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 47-бабының 1-тармағының 7)-тармақшасына сай атқарушылық iс жүргiзу, егер атқарушылық құжаттың өндiрiп алу немесе өзге де талабы толық көлемде орындалса, тоқтатылады.

Заңның 47-бабының 2-тармағына сәйкес сот орындаушысының іс жүргізу тоқтатылған атқарушылық құжатты орындау жөніндегі әрекеттері заңсыз деп танылған жағдайларды қоспағанда, тоқтатылған атқарушылық іс жүргізуді қайта бастауға болмайды.

Апелляциялық саты сотымен анықталғандай, атқарушылық іс жүргізуді орындау барысында өндіріп алушы және борышкер арасында өткізу-қабылдау актісі жасалып, тараптардан келісім арыздары алынып, атқарушылық іс жүргізу толық көлемде орындалды деп, 2022 жылғы 20 маусымда атқарушылық іс жүргізуді тоқтату туралы қаулы қабылданған.

Іс құжаттарына тіркелген фотоматериалдарға сәйкес жер учаскесінің іс жүзінде бос екені және оны пайдалануға қандай да бір кедергілер жоқтығы тараптармен теріске шығарылмаған. Мұндай жағдайда, апелляциялық саты сотының ЖСО-ның дауланып отырған қаулысы сот шешімінің орындалуына байланысты негізді шығарылған деген тұжырымымен сот алқасы келіседі.

АПК-нің 452-бабының 1-бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актілерін өзгертуге немесе олардың күшін жоюға негіз бола алмайды.

Мұндай жағдайда талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1)тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 19 сәуірдегі қаулысы өзгеріссіз, талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Г.Б.Дуйсенбаев Г.К.Нұрбаев Е.Д.Өміралиев

Судьялар

Көшірмесі дұрыс Судья

Г.К.Нұрбаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.