ҚАУЛЫ
2025 жылғы 20 тамыз № 6399-2500-4а/827 іс Астана қаласы
Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соттың құрамында:
төрағалық етуші судья Е.Б. Тулеев,
судьялар Р.М. Айнакулова, Н.М. Кабдрахманова,
ашық сот отырысында «ABC– құрылыс Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Алматы қаласы атқарушылық округінің жеке сот орындаушысы Сагынаев Айдын Майрамбаевичке 09 қазан 2024 жылғы атқару өндірісін қозғау туралы қаулыны, 09 қазан 2024 жылғы тыйым салынған мүлікті сатуға беру туралы қаулыны, 19 желтоқсан 2024 жылғы борышкердің мүлкін өндіріп алушыға беру туралы қаулыны заңсыз деп танып күшін жою, Алматы облысы, Заречный а.о., Арна селосы, Арна көшесі, 32/5 учаскесі, кадастрлік нөмірі: 03-055-029-330 жер телімін бағаламау әрекетсіздігін заңсыз деп тану туралы талап қоюы бойынша Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 04 ақпандағы шешіміне, Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 13 наурыздағы қаулысына талап қоюшының өкілі Т.Э.Саитгалиевтің кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы «ABC– құрылыс Сервис» ЖШС жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.
Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 04 ақпандағы шешімімен «ABC–құрылыс Сервис» ЖШС–тің талап қоюын қанағаттандырудан бас тартылған.
Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 13 наурыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды сұраған.
Әкімшілік процеске қатысушылар әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының отырысына қатысуға дәлелді себепсіз келген жоқ.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады. АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Даудың мәні бойынша шешім қабылданғанда мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Іс құжаттарына қарағанда, 2019 жылғы 12 желтоқсандғы Алматы қаласының нотариусы З.К.Бахтибаеваның атқарушылық жазбасымен «АВСКурылыс сервис» ЖШ-тен «Mareeneks» ЖШС пайдасына 3 538 962 теңге көлемінде ақша өндірілген.
Осы жазбаның негізінде 2020 жылғы 13 ақпандағы ЖСО А.М.
Сагынаевтың қаулысымен атқарушылық iс жүргiзу қозғалған.
2024 жылғы 5 тамыздағы Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқаласының ұйғарымымен 2024 жылғы 29 сәуірдегі Алматы облысы Қонаев қаласы сотының шешімі бұзылып, тараптар арасында бітімгершілік келесі шарттар бойынша бекітілді:
«АВС-Құрылыс сервис» ЖШС, осы келісімге қол қойғанда және оны сот бекіткен жағдайда, жеке сот орындаушысының өндірісіндегі 2020 жылғы 13 ақпандағы №29/20-75-3838 атқарушылық іс жүргізу қысқартылатындығын және жауапкерде жеке сот орындаушысының қызметін төлеу міндеттемесі туындайтынынын түсінеді және келіседі. Аталған төлемнің мөлшері 306 875 теңгені құрайды және ол 2024 жылғы 30 қыркүйектен кешіктірмей келесі реквизиттер бойынша төленуге тиіс: ЖСО ЖСН 851004301217, ИИК KZ23722S000002506393, БИК CASPKZKA, КБЕ 19, КНП 854, «Kaspi Bank» АҚ;
«ABC-Құрылыс сервис» ЖШС 2024 жылғы 30 қыркүйек сағат 18:00ден кешіктірмей «Mareeneks» ЖШС-не 3 118 580 тенге мөлшерінде берешек сомасын төлеуге міндеттенеді;
«ABC-Құрылыс сервис» ЖШС келісімде көзделген кез келген шартты уақтылы және/немесе толық орындамаған жағдайда, «Mareeneks» ЖШС Алматы облысы, Заречный а.о., Арна ауылы, Арна көшесі мекенжайы бойынша орналасқан жер учаскесі 32/5, кадастр №03-055-029-330 бар кеңсе, ангар түріндегі жауапкердің жылжымайтын мүлкіне 3 882 193 теңге мөлшерінде бастапқы құны бойынша өндіріп алу туралы атқарушылық құжатты алу үшін дереу сотқа жүгінуге құқылы. 2024 жылғы 03 қазанда сотпен 1916-24-00-2/98-1 санды атқару парағының негізінде жауапкермен 2024 жылы 09 қазанда 2068/24-75-4790 санды атқарушылық іс жүргізу қозғалды.
2024 жылғы 09 қазанда жауапкермен борышкердің мүлкін өткізуге беру туралы қаулы шығарылды.
2024 жылы 06 желтоқсанда, электрондық аукцион қорытындылары туралы хаттамаға сәйкес электрондық аукцион жеңімпазы болып Ш.Н. Пазилов танылды.
Аукцион жеңімпазы Ш.Н. Пазилов сатып алған мүліктің сатып алу құның заңда белгіленген мерзімде сот орындаушысының шотына төлемегендіктен, жауапкердің 2024 жылғы 17 желтоқсандағы қаулысымен №54522-АП лот бойынша электрондық аукцион өтпеген деп танылды.
2024 жылы 19 желтоқсанда «Mareeneks» ЖШС-нен жауапкерге жылжымайтын мүлікті өзіне қалдыру туралы өтініш келіп түсті. 2024 жылы 19 желтоқсанда жауапкердің қаулысымен және қабылдаутапсыру актісімен бұрын «АВС-Құрылыс сервис» ЖШС-ге тиесілі жылжымайтын мүлік «Mareeneks» ЖШС-не берілді.
Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 2 сәуірдегі №261 IV «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңының (бұдан әрі – Заң) 38 бабында атқарушылық іс жүргізуді қозғаудан бас тартудың негіздері, салдары және оның себептерін жою негіздері Заңның 38 бабында түгелдей тізіммен қамтылған.
Жеке сот орындаушысында атқарушылық іс жүргізуді қозғаудан бас тартуға негіздері болмағаны туралы соттардың тұжырымдары дұрыс.
Заңының 84-бабының 3) тармақшасына сәйкес сот орындаушысы, егер сатып алушы белгіленген мерзімде мүліктің толық сатып алу құнын төлемесе, электрондық аукцион өткiзiлмеді деп жариялайды.
Аукцион жеңімпазы сатып алған мүліктің сатып алу құнын заңда белгіленген мерзімде сот орындаушысының шотына төлемегендіктен, жауапкер 2024 жылғы 17 желтоқсандағы аукционды өтпеді деп таныған.
Заңның 85-бабы 1-тармағына сәйкес егер электрондық аукцион өткізілмеген деп танылса, өндіріп алушы сот орындаушысына тиісті өтініш беріп, бағалау құны бойынша мүлікті өзіне қалдыруға құқылы. Бұл өтініш аукцион өткізілмеген деп танылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде берілуі тиіс. Өндіріп алушының мүлікті өзіне қалдырудан бас тартуы өтініштің болмауымен танылады.
Осыған орай 2024 жылғы 19 желтоқсанда өндіріп алушының өтініші бойынша борышкердің жылжымайтын мүлкін өндіріп алушыға беру туралы жауапкердің қаулысы заңды деп дұрыс табылған.
АПК-нің 177-бабының 4-ші бөлігіне сәйкес егер татуласу келісімі заңға қайшы келсе немесе басқа тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзса, сот оны бекітпейді.
Кассациялық сатыдағы сот соттардың мүлікті өндіру туралы атқару құжатты жауапкер орындауға құқылы жөнініндегі, ЖСО-да мүлікті қайтадан бағалауға негіздері болмағаны туралы тұжырымдарымен толық келіседі, себебі талап қоюшы өз еркімен бітімгершілікке келген, келісімнің шарттары заңды болғандықтан 2024 жылғы 5 тамыздағы Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқаласының ұйғарымымен бекітілген.
Істің мұндай тұрғысында соттардың талап арызды қанағаттандыру туралы қорытындылары заңды әрі негізді болып табылады.
Кассациялық сатыдағы сот соттармен іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымы дұрыс айқындалған, материалдық заң нормалары дұрыс қолданылған, процестік құқық нормалары бұзылмаған деп санайды.
Талап қоюшының шағымында көрсетілген уәждері соттармен жанжақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал тараптардың сот тұжырымдамасымен келіспеуі, сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.
Осылайша, сот актілері күшінде қалдырылуға, ал талап қоюшының өкілі Т.Э.Саитгалиевтің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
ӘРПК-ның 169-бабы, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 4 ақпандағы шешімі, Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 13 наурыздағы қаулысы өзгеріссіз қалдырылсын.
Талап қоюшының өкілі Т.Э.Саитгалиевтің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Е. Тулеев
Судьялар
Р. Айнакулова
Н. Кабдрахманова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.