Кассационный суд Республики Казахстан по уголовным делам - Постановление от 23.10.2025 по делу 6003-25-00-3к/628 (Об административном правонарушении)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 23 қазан №6003-25-00-3к/628 Астана қаласы

Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші- судья Қ.А.Мусетов, судьялар Г.Б.Даулетова, М.К.Сатыбалдин, Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының аға көмекшісі

А.Төремұратұлының,

әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша жүргізіліп жатқан тұлға А.М.Қайырбектің, оның қорғаушысы Т.С.Каржаубаевтың, жәбірленуші А.Хенниктің, оның өкілі - И.И.Опанасюктің, аудармашы Р.А.Таласпаеваның қатысуымен,

кассациялық тәртіппен ашық сот отырысында Қарағанды қаласының әкімшілік құқық бұзушылық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2025 жылғы 8 шілдедегі және Қарағанды облыстық сотының 2025 жылғы 5 тамыздағы қаулыларына Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот төрағасының ұсынуымен келіп түскен,

Асқат Мамырбекұлы Қайырбекке қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 610-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Бірінші сатыдағы соттың 2025 жылғы 8 шілдедегі қаулысымен А.М.Қайырбекке қатысты іс әкімшілік құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылған.

Апелляциялық сатыдағы соттың 2025 жылғы 5 тамыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот актісінің күшін жойып, А.М.Қайырбек ӘҚБтК-нің 610-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 78 640 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынған.

Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот төрағасының ұсынуында құқық нормаларын түсіндіруде және қолдануда бірізділіктің бұзылуына байланысты кассациялық тәртіппен іс бойынша шығарылған сот қаулыларын қайта қарауды сұраған. Жәбірленуші өкілінің сот алқасының қаулысын өзгеріссіз қалдыру туралы пікірін, қорғау тарапының түсініктемелерін және ұсынудың уәждерін қолдаған прокурордың қорытындысын тыңдап, іс материалдарын зерттей келе, сот мына мән-жайларды анықтады. Кассациялық тәртіппен қайта қарау ӘҚБтК-нің 851-бабы 5-бөлігінің 3) тармақшасына сәйкес жүзеге асырылады.

Сот алқасының қаулысына сәйкес, 2025 жылғы 14 маусымда сағат 16:13 шамасында А.М.Қайырбек «Toyota Camry» маркалы, мемлекеттік тіркеу нөмірі 651AEJ01 автокөлігін басқарып, Қарағанды қаласындағы Гудермесская көшесімен келе жатып, жасыл шам жанғанда қозғалысты бастап, қиылыста «Hyundai» маркалы, мемлекеттік тіркеу нөмірі F177609 автокөлігімен (жүргізушісі А.Хенних) соқтығысқан. Соңғысы рұқсат етілген бағдаршам сигналы бойынша солға бұрылу маневрін аяқтап келе жатқандықтан, А.М.Қайырбек басқарған көлік оған жол беруі тиіс болған. Соқтығысу нәтижесінде көліктерге бүлінген зақым келіп, материалдық шығын туындаған.

Апелляциялық сатыдағы сот А.М.Қайырбек Жол қозғалысы ережелерінің (бұдан әрі - ЖҚЕ) 13-тарауының 98 және 99тармақтарының талаптарын бұзған деп танып, екі көлік құралдарының соқтығысуына кінәлі деген түйінге келген.

Алайда іс материалдарынан көрініп тұрғандай, Гоголь мен Гудермесская көшелерінің қиылысында А.Хенних басқарған «Hyundai» автокөлігі кірген кезде, қарама-қарсы бағыттағы көліктер қозғалысты бөгеп, солға бұрылуға және қозғалысты жалғастыруға мүмкіндік бермегендіктен, кептеліс пайда болған.

Кептеліс Гоголь көшесінде бағдаршамның жасыл сигналы жанған сәтте де тарқамаған, себебі қарама-қарсы бағыттағы көліктер әлі де қиылыстың ортасында тұрған. Сондықтан А.Хенних бағдаршамның жасыл сигналы жанғанда тек тіке жүруге құқылы болып, солға бұрылған жағдайда қарсы бағыттағы көліктерге жол беруі тиіс еді.

Сондықтан осы жағдайда А.Хенних ЖҚЕ-нің 13-тарауының 92тармағына сәйкес тоқтап, өзіне арналған жасыл шамның жануын күтуге міндетті болатын. Бұл жайт іс материалдарына тіркелген бейнежазбалар мен фотосуреттерден көрінеді, онда қара түсті «Toyota» көлігі қарсы бағыттағы кептеліс себебінен тоқтағаны байқалады.

Демек А.М.Қайырбектің бағдаршамның жасыл сигналы кезінде қозғалысты бастауы оған жүктелген ЖҚЕ талаптарын бұзу болып табылмайды, бұл жөнінде бірінші сатыдағы сот іс бойынша дұрыс қорытынды жасаған.

Осылайша апелляциялық сатыдағы сот істі біржақты қарап, елеулі мән-жайларға тиісті баға бермеген. Іс материалдарынан А.М.Қайырбектің өзіне тағылған ЖҚЕ тармақтарын бұзбағаны анық көрінеді. Тиісінше, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы жасаған орган А.М.Қайырбектің құқық бұзушылықтың объективтік жағын құрайтын әрекеттерді жасағанын дәлелдейтін айғақтар ұсынбаған.

Мұндай жағдайда ӘҚБтК-нің 840-бабы 1) тармақшасына сәйкес апелляциялық сатыдағы соты қате түйінге келіп, қаулысы заңсыз шешім деп танылады. Осыған орай сот алқасы 2025 жылғы 5 тамыздағы қаулысының күшін жойып, ал бірінші сатыдағы соттың 2025 жылғы 8 шілдедегі әкімшілік құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты істі тоқтату туралы қаулысын (ӘҚБтК-нің 741-бабы 1-бөлігінің 2) тармақшасы) күшінде қалдыруға, ұсыну қанағаттандырылуға жатады.

ӘҚБтК-нің 851-бабын басшылыққа ала отырып, Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот,

ҚАУЛЫ ЕТТІ :

Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 610-бабының 1-бөлігі бойынша Асқат Мамырбекұлы Қайырбекке қатысты Қарағанды облыстық сотының 2025 жылғы 5 тамыздағы қаулысының күші жойылсын.

Қарағанды қаласының әкімшілік құқық бұзушылық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2025 жылғы 8 шілдедегі қаулысы күшінде қалдырылсын.

Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

К.А.Мусетов

Судьялар

Г.Б.Даулетова

М.К.Сатыбалдин

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.