КСАД РК - Постановление от 14.08.2025 по делу 6003-25-00-4к/1678 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 14 тамыз № 6003-25-00-4к/1678 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:

төрағалық етуші – судья Д.Ә.Әбдіғалиев, судьялар – Д.Н.Нұрлыбаева, Ә.Ж.Назарова болып, жауапкер өкілі Қ.Ж.Нұрмановтың қатысуымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы Айнагуль Идирисовна Сейтасанованың

жауапкерлер Қызылорда қаласы әкімдігінің «Қызылорда қаласының ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Жер қатынастары бөлімі) , «Қызылорда облысының жер реусурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Департамент) әрекетіне дау келтіру туралы талап қоюы бойынша қабылданған

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 28 қарашадағы ұйғарымы мен Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 27 желтоқсандағы ұйғарымына талап қоюшының кассациялық шағымы бойынша келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы А.Сейтасанова сотқа жүгінген талабында Жер қатынастары бөлімінің 2024 жылғы 19 қарашадағы №01-35/3020 хатына, 2024 жылғы 20 қарашадағы жоспардан тыс тексеру жүргізудің басталатындығы туралы хабарламасына дау келтіріп, оларды заңсыз деп тануды, күшін жоюды сұраған.

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 28 қарашадағы ұйғарымымен талап қоюшының талабы әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпауына байланысты қайтарылған.

Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 27 желтоқсандағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.

Сот актілерімен келіспей, талап қоюшы кассациялық шағымында сот актілерінің күшін жойып, әкімшілік талапты негізінен қарау үшін бірінші саты сотына жолдауды сұраған.

Кассациялық сатыдағы сот жауапкердің түсініктерін тыңдап, іс құжаттарын, шағым уәждерін зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік – кодексінің (бұдан әрі АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, талап қоюшы А.Сейтасановаға тиесілі Қызылорда қаласы, К.Байсеитова көшесі, 87 үй мекенжайында орналасқан, жеке тұрғын үй құрылысы үшін берілген жер учаскесінде мемлекеттік жер учаскесін заңсыз иелену мәселесі бойынша жер заңдылығының сақталуын жоспардан тыс тексеру, осыған сәйкес әкімшілік жаза қолдану туралы хат жолдаған.

Ал Департамент талап қоюшыға 2024 жылғы 20 қарашадағы хабарламамен жоспардан тыс тексеру жүргізудің басталатындығы туралы хабарлаған.

Алайда, дауланып отырған Жер қатынастары бөлімінің хаты мен Департаменттың хабарламасы талап қоюшының құқығын іске асырудан бас тартатын, шектейтін, тоқтататын немесе оған міндет жүктейтін, сондай-ақ жағдайын өзгеше түрде нашарлататын актілер немесе әрекеттер болып табылмайды.

Себебі хабарлама мәтінінен алдағы уақытта тексеру жұмысы жүргізілетіні туралы хабарланғаны көрінеді. Яғни, бұл хабарлама мәлімет ретінде жолданған.

Сонымен қатар, талап қоюшы тексеру қорытындыларын даулауға құқығынан айырылмаған.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 28 қарашадағы ұйғарымы мен Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 27 желтоқсандағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшы А.И.Сейтасанованың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын. Төрағалық етуші

Судьялар

Д. Әбдіғалиев Д.Нұрлыбаева

Ә.Назарова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.