ВС РК - Постановление от 10.05.2023 по делу 6001-23-00-3Г/1777 (Гражданское)

6001-23-00-3г/1777

ҚАУЛЫ

2023 жылғы 10 мамыр Астана қаласы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Б.Р.Ералиева,

талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Қызылорда облысының Полиция департаменті» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Департамент) жауапкер «IW[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін (бұдан әрі - Серіктестік) мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану туралы талап қоюмен қозғалған электрондық құжат бойынша қабылданған

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 17 қаңтардағы ұйғарымына, Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 7 ақпандағы ұйғарымына Департаменттің өкілі Б[...] келтірген өтінішхатын құжаттарды сұрату арқылы алдын ала қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Департамент сотқа жоғарыда көрсетілген талап қоюмен жүгінген. Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 17 қаңтардағы ұйғарымымен Департаменттің талап қоюын қабылдаудан бас тартылған.

Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 7 ақпандағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы сот ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.

Өтінішхатта арызданушының өкілі Б[...] істі қарау барысында іс үшін маңызы бар мән-жайлардың шеңбері дұрыс анықталмағанын, материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылғанын көрсетіп, іс бойынша қабылданған жергілікті соттардың сот актілерінің күшін жойып, істі мәні бойынша қарау үшін бірінші сатыдағы сотқа жіберу туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Құжат бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген. Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының (бұдан әрі - Заң) 12-бабының 4-тармағына сәйкес, мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімі:

  1. біліктілік талаптары және (немесе) конкурстық баға ұсынысына әсер ететін құжаттар бойынша анық емес ақпарат берген әлеуетті өнім берушілердің немесе өнім берушілердің;

  2. жеңімпаздар деп айқындалған, мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарған әлеуетті өнім берушілердің;

  3. өздерімен жасалған мемлекеттік сатып алу туралы шарттар бойынша өз міндеттемелерін орындамаған не тиісті түрде орындамаған өнім берушілердің тізбесін білдіреді.

Заңның 12-бабының 5-тармағына сәйкес, осы баптың 4-тармағы бірінші бөлігінің 1) және 3) тармақшаларында көзделген мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімі заңды күшіне енген сот шешімдерінің негізінде қалыптастырылады.

Заңның 44-бабының 1-тармағына сәйкес, егер жеңімпаз деп танылған әлеуетті өнім беруші осы Заңда белгіленген мерзімдерде тапсырыс берушіге мемлекеттік сатып алу туралы қол қойылған шартты ұсынбаса немесе мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасып, мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді және (немесе) осы Заңның 26-бабына сәйкес соманы (ол болған кезде) енгізбесе, онда мұндай әлеуетті өнім беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарды деп танылады.

Соттар Департаменттің талап қоюын қабылдаудан бас тартуын мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз ету сомасы енгізілмеген, сол себепті өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану сотпен емес уәкілетті органның шешімі негізінде қалыптастырылады деп негіздеген.

Өтінішхатта төмендегі мән-жайлар көрсетілген.

  • Заңның 43-бабының 9-тармағына сәйкес өнім беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарт күшіне енген күннен бастап он жұмыс күні ішінде мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуі, сондай-ақ осы Заңның 26-бабына сәйкес соманы (болған кезде) енгізуге міндетті.

  • тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуі, сондай-ақ осы Заңның 26-бабына сәйкес соманы (болған кезде) енгізу мерзімі өткен күннен бастап екі жұмыс күні ішінде өнім берушіге мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы осы шартты бұзу ниеті туралы хабарлама жібереді. Егер өнім беруші мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы хабарламаны алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді енгізбесе, тапсырыс беруші осы шартты бұзу туралы хабарлама жіберетіні көзделген; - шарт қазынашылық органда 2022 жылғы 19 желтоқсанда тіркеліп, шарттың орындалуын қамтамасыз ету сомасын енгізудің соңғы мерзімі 2023 жылғы 4 қаңтар болып көрсетілген. Алайда 2022 жылғы 31 желтоқсанда шарттың қолданылу мерзімі аяқталған. Яғни Заңнамада көзделген шарттың орындалуын қамтамасыз ету сомасын енгізуге арналған мерзім (он жұмыс күні) сол уақытта әлі өтпеген, аяқталмаған.

Сондай-ақ Заңның 43-бабының 19-тармағының 4) тармақшасына сәйкес мемлекеттiк сатып алу туралы шарт мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді және (немесе) осы Заңның 26-бабына сәйкес соманы енгізбеу жолымен мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарған жағдайда, оны кез келген кезеңде бұзу туралы талапты қамтуға тиiс.

Демек, өнім берушіні шарт жасасудан жалтарған деп танып, уәкілетті органға жүгіну үшін заңнама талабына сәйкес алдымен шарт бұзылуы керек. Алайда шарт бұзылмаған, шарттың қолданылу мерзімі аяқталған.

Жоғарыда аталған шарттың орындалуын қамтамасыз ету сомасын енгізу мерзімі сақтала тұра және өнім берушімен шарт бұзылмағандықтан соңғыны шарт жасасудан жалтарған деп айтуға негіз жоқ.

Сол себепті соттың талап қоюшы мұндай талап қоюмен мемлекеттік сатып алу саласындағы уәкілетті органға жүгінуі қажет деген тұжырымы негізсіз.

Ал жалпы алғанда, Департамент жауапкер шарт жасасудан жалтарды деп талап қойып отырған жоқ, ол Заңның 12-бабының 4-тармағының 3) тармақшасына сәйкес, шарт бойынша міндеттемелерін орындамағаны үшін мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тануды сұрап талап қойған.

Сондықтан жергілікті соттардың түйіні іс құжаттарымен сәйкес келмейді.

Судья өтінішхат берушінің көрсетілген уәждері сот актілерін қайта қарауға негіз болатынын басшылыққа алып, құжатты алқа отырысында қарау үшін беру қажет деп санайды.

АПК-нің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып,

судья

ҚАУЛЫ ЕТТІ :

«Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Қызылорда облысының Полиция департаменті» мемлекеттік мекемесінің өкілі Б[...] Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 17 қаңтардағы ұйғарымын, Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 7 ақпандағы ұйғарымын қайта қарау туралы өтінішхаты құжатпен бірге Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына берілсін.

Қаулының көшірмесі өтінішхатты берген тұлғаға жолдансын. Судья Б.Р.Ералиева Көшірмесі дұрыс Судья Б.Р.Ералиева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.