ҚАУЛЫ
2025 жылғы 9 желтоқсан №6003-25-00-2к/1769 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Ж.К.Рустембеков, судьялар Л.Б.Мамырбаева, В.Е.Тохтарбаева, прокурор О.С.Пернеевтің, аудармашы Р.А.Таласбаеваның, талап қоюшының өкілі Г.И.Акипбаеваның, жауапкердің өкілі Б.Р.Байгараевтің, үшінші тұлғалардың өкілі З.З.Тайсанованың, Б.А.Бахитовтың қатысуларымен, бейнеконференц байланысы арқылы, ашық сот отырысында
талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитеті Жамбыл облысының жер ресурстарын басқару департаменті» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Департамент) жауапкер «Корпорация NEXAGRO» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі - ЖШС, Корпорация) жер учаскесін мемлекетке қайтару туралы талап қоюы жөніндегі электрондық форматтағы азаматтық істі жауапкер өкілінің Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 2 мамырдағы шешіміне және Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 29 шілдедегі қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Департамент жоғарыда көрсетілген талап қоюмен жүгінген.
Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 2 мамырдағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылып, «Корпорация NEXAGRO» ЖШС-нің Жамбыл облысы, Шу ауданы, Алға ауылдық округінің аумағында орналасқан нысаналы мақсаты «тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісі үшін» жалпы көлемі 1 883,4 гектар жер учаскесінің (кадастрлық №06-096-057-079) көлемі 1 454,4 гектар жайылымдық алқабының бөлігінде ауданы 274,939 гектар жер учаскесі мемлекет жер қорына қайтарылған. Сот шығындары туралы мәселе шешілген.
Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 29 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз, жауапкер өкілінің апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Жауапкер өкілі кассациялық шағымында жергілікті соттардың 1 454,4 га жайылымдық алқабының ауданы 274,939 га жер учаскесінің қыртысы бұзылғаны анықталған деген уәждері негізсіз екенін, істің мән-жайына дұрыс баға берілмегенін, материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Іске қатысушы тұлғалардың түсініктерін, прокурордың сот қаулысын күшінде қалдыруды сұраған қорытындысын тыңдап, іс құжаттары мен кассациялық шағымдардың уәждерін зерттеп, кассациялық сот келесі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Іс материалдарына қарағанда Корпорацияға Жамбыл облысы, Шу ауданы, Алға ауылдық округінің аумағында орналасқан (кадастрлық №06-096057-079) жалпы көлемі 1883,4 га (оның ішінде: жайылымдық 1350,45га, егістік 379,20 га, шабындық 153,75 га) нысаналы мақсаты «тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісі үшін» жер учаскелері бөлініп берілген.
Департаменттің 2024 жылғы 20-24 мамыр күндері аралығында жоспардан тыс тексеру нәтижесімен Корпорация жер учаскесінің бір бөлігін мақсаты бойынша пайдаланбай, яғни көлемі 111,8744 га жайылымдық алқап жерді жыртып, егістік түрі ретінде пайдаланып отырғандығы анықталған. Орын алған бұзушылық бойынша Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 339-бабымен әкімшілік іс өндірісі қозғалып, 2024 жылғы 23 мамырдағы №14 қаулымен Корпорацияға ескерту түріндегі әкімшілік жаза қолданылған. 2024 жылғы 23 мамырда Корпорацияға Қазақстан Республикасы жер заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы №31 нұсқама беріліп, 3 (үш) ай мерзім ішінде жер бастапқы қалпына келтіру немесе жер учаскесінің алқап түрін бір түрден екінші түріне ауыстыру талап етілген. Нұсқамада белгіленген мерзім өткеннен кейін, Департаментпен Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің (бұдан әрі -Кәсіпкерлік кодекс) 152-бабының 14-тармағына сәйкес, 2024 жылғы 26 желтоқсандағы № 19-22/7.1-1438 хатпен нұсқаманың орындалуы туралы ақпаратты ұсыну қажеттілігі туралы Корпорацияға сұрау жіберілген. Алайда, жауапкер тарапынан мәлімет ұсынылмаған.
Шу аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің 2024 жылғы 31 желтоқсандағы № 09-672 хатында Корпорация шамамен көлемі 500,0 гектардан аса жайылымдық алқаптарда жерді жыртып, егістік мақсатында пайдаланғаны және жайылымдық алқап жерлерді жыртып көктемгі егіске дайындап қойғаны көрсетілген. Сонымен бірге, Корпорация тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін табысталған жер учаскесінің (кадастрлық №06-096-057-079) бір бөлігін шамамен 24,0 га жерді өндірістік
мақсатта (асфальт бетон зауыты, құрылыс материалдарын сақтау базасы) пайдаланып отырғаны анықталған.
Қазақстан Республикасының Жер Кодексінің (бұдан әрі - Жер кодексі) 93-бабына сай жер учаскесін немесе оның бір бөлігін Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдалану Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады. Егер жер учаскесі Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдаланылған жағдайларда, мұндай жер учаскесi осы Кодекстiң 94-бабында көзделген тәртiппен мәжбүрлеп алып қоюға жатады. Жер учаскесін Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдалану жағдайларына жер учаскесін немесе оның бір бөлігін нысаналы мақсатына сәйкес пайдаланбау жатады. Жер кодексінің 94-бабынының 2-тармағына сай осы Кодекстiң 92 және 93-баптарында көзделген жағдайда жер учаскесiн мәжбүрлеп алып қою туралы талап арыз Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде көзделген жазалау шаралары қолданылғаннан кейін және жер учаскесінің меншік иесіне немесе жер пайдаланушыға берілген Қазақстан Республикасы жер заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманың мерзімі өткеннен кейін беріледі.
Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізу кезінде осы Кодекстің 92 және 93-баптарында көзделген жағдайларда жер учаскесін мәжбүрлеп алып қою туралы талап қою жер учаскесінің меншік иесіне немесе жер пайдаланушыға берілген Қазақстан Республикасы жер заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманың мерзімі өткеннен кейін ұсынылады.
Жер учаскесін мақсаты бойынша пайдалану жөнінде шаралар қабылдау үшін мерзім - бір жыл, ал Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтарды жою жөнінде шаралар қабылдау үшін мерзім, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесін ұтымсыз пайдалануды қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылық анықталған кезден бастап үш ай болып белгіленеді.
Жер учаскесiнің меншiк иесiне немесе жер пайдаланушыға Қазақстан Республикасы жер заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы нұсқама табыс етілген күн жер учаскесін пайдаланбау фактісі анықталған кез деп есептеледі.
Азаматтық істі қарау барысында бірінші сатыдағы соттың тапсыруымен Шу ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің, Алға ауылдық округі әкімінің, Шу ауданы кадастр бөлімінің мамандарының, Корпорацияның, «G Global Project» ЖШС-нің өкілдерінің қатысуымен қыртысы бұзылған (жыртылған) жерлерінің нүктелерін белгілеу жұмыстары жүргізіліп, 1454,4
гектар жайылымдық алқабының бөлігінде тек ауданы 274,939 гектар жайылымдық жер учаскесі мақсатына сәйкес емес, жердің қыртысы бұзылғаны анықталған.
Бірінші сатыдағы сот анықталған мән-жайды назарға алып, Корпорацияның жалпы көлемі 1 883,4 гектар жер учаскесінің (кадастрлық №06-096-057-079) көлемі 1 454,4 гектар жайылымдық алқабының бөлігінде ауданы 274,939 гектар жер учаскесі мемлекет жер қорына қайтарылуға жатады деген дұрыс тұжырым жасаған. Апелляциялық сот бірінші сатыдағы соттың бұл тұжырымымен толықтай келіскен.
Кассациялық сот жауапкер өкілінің шағымындағы Жер кодексінің 94бабының 2-тармақшасына сай 2024 жылғы 23 мамырдағы №31 нұсқаманы орындау үшін бір жыл мерзім берілуі қажет болған деген уәжі негізсіз деп санайды. Өйткені, аталған заң нормасы бойынша жер учаскесін мақсаты бойынша пайдалану жөнінде шаралар қабылдау үшін мерзім - бір жыл, ал Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтарды жою жөнінде шаралар қабылдау үшін мерзім, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесін ұтымсыз пайдалануды қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылық анықталған кезден бастап үш ай болып белгіленген.
Іс материалдарымен Корпорацияның жер учаскесін Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдаланылғаны толық дәлелденген.
Сондықтан Басқарманың Жер кодексінің 93-бабы негізінде Корпорацияға нұсқаманы орындау үшін заң бұзушылық анықталған күннен бастап үш ай мерзім белгілегені орынды.
Сондай-ақ кассациялық шағымның заңды күшіне енген Шу аудандық сотының 2025 жылғы 21 қаңтарындағы ұйғарымы негізінде Корпорацияның 1 883 га жер учаскесіне ауыртпалық салынғандықтан нұсқаманы орындауға мүмкіндік болмаған деген уәжімен келісуге болмайды. Өйткені, 2024 жылдың 23 мамырында берілген нұсқама заңда белгіленген үш ай мерзімде, яғни 2024 жылдың 23 тамызына дейін Корпорациямен орындалуға тиіс болған.
Азаматтық істі барлық сот сатыларында қарау барысында кассациялық шағымдағы жауапкердің Қазақстан Республикасының «Жайылымдар туралы» Заңының талаптарына сәйкес жайылымдарды түбегейлі жақсарту мақсатында егу жұмыстарын жүргізгендігі туралы уәждері дәлелденбеген.
Сонымен қатар, кассациялық сот жауапкердің жергілікті атқарушы органға даулы жердің нысаналы мақсатын өзгерту туралы өтініші 2024 жылғы 23 мамырдағы жер заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы №31 нұсқамамен белгіленген мерзімнен кейін берілгеніне және бұл өтініштің тәртіпке сәйкес берілмеуіне байланысты қайтарылғанына, ал жауапкер өз
тарапынан нұсқамада көрсетілген шараларды орындау мақсатында барлық ісәрекеттерді әлі күнге дейін жүзеге асырмағанын назарға алады.
Істің мұндай тұрғысында Корпорацияның жер заңнамасын бұза отырып пайдаланған жер учаскесі мемлекет жер қорына қайтарылуға жатады деген жергелікті соттардың тұжырымы негізді.
Кассациялық шағымда жаңа фактілер мен заңды негіздемелер келтірілмеген. Істі қарау барысында жергілікті соттар тарапынан материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына жол берілмеген. Жауапкер өкілінің іс бойынша анықталған мән-жайлармен келіспеуі дауланып отырған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз бола алмайды.
Аталған негіздерге байланысты кассациялық сот дауланып отырған сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындыға келді.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 2 мамырдағы шешімі және Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 29 шілдедегі қаулысы күшінде қалдырылсын.
Жауапкер өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші, судья: Ж.Рустембеков
Судьялар: Л.Мамырбаев
В.Тохтарбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.