6001-23-00-6ап/2568
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 4 наурыз Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев,
судьялар – Г.К.Нұрбаев, Е.Ж. Өмірәлиев болып,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мәжіліс залында талап
қоюшы У[...] жауапкерлер Шымкент қаласының әкіміне, «Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Басқарма) тұрғын үй комиссиясының 2022 жылғы 27 желтоқсандағы хаттамалық шешімін ішінара заңсыз деп тану және тұрғын үй кезегін қалпына келтіру туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 28 сәуірдегі шешіміне және Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 2 тамыздағы қаулысына жауапкерлердің өкілі келтірген кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы У[...] жоғарыда аталған талап арызбен сотқа жүгінген.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 28 сәуірдегі шешімімен талап арыз толығымен қанағаттандырылған.
Шымкент қаласының тұрғын үй комиссиясының У[...] тұрғын үйге мұқтаждар есебінен шығару әрекеттері заңсыз деп танылған.
«Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасы» мемлекеттік мекемесіне У[...] тұрғын үйге мұқтаждар есебіне қайта алып, тұрғын үй кезегін 2012 жылдың 30 қарашасынан бастап қалпына келтіру міндеті жүктелген.
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 2 тамыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Жауапкерлердің өкілі Т[...] кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспей, соттардың материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, сот актілерінің күшін жоюды және талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Сот алқасы, әкімшілік іс құжаттарын жан-жақты зерттеп, кассациялық шағымның уәждерін талқылап, келесі қорытындыға келеді.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Іс құжаттарына қарағанда, талап қоюшы У[...] 2012 жылғы 30 қарашадан бастап коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобының ішінде «толық емес отбасы» санаты бойынша кезекке тіркелген.
Басқарманың 2023 жылғы 7 наурыздағы бұйрығымен талап қоюшының табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген мөлшеріндегі коэффициентінен асып кеткен деген негізбен тұрғын үй кезегінен шығарылған. Талап қоюшы тұрғын үйге мұқтаждар есебінен негізсіз шығарылғанын көрсетіп, сотқа жүгінген.
Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының (бұдан әрі - Заң) 68-бабының 11) тармағына сәйкес толық емес отбасылар халықтың әлеуметтiк жағынан осал топтарына жатады.
Заңның 67-бабының 1-тармағының 2) тармақшасына сай коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғынжайлар немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайлар тұрғын үйге мұқтаж және есепте тұрған осы Заңның 68-бабының 1-1)–5), 7,) 8), 10) және 11) тармақшаларында аталған, тұрғын үй беру туралы өтініш жасаудың алдында соңғы он екі ай ішінде жиынтық орташа айлық табысы отбасының әрбір мүшесіне республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген мөлшерінен төмен болатын, халықтың әлеуметтiк жағынан әлсіз топтарына жататын Қазақстан Республикасы азаматтарының пайдалануына беріледі.
Жергілікті соттар талап арызды қанағаттандыру туралы шешім қабылдағанда халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын тұрғын үйге мұқтаж азаматтың жиынтық айлық табысының кейіннен ұлғаюы оны тұрғын үй кезегінен шығаруға негіз бола алмайды деген тұжырымға келген. Істің мұндай тұрғысында, жауапкер Заңның 73-бабында көзделген осы Заңда белгіленген тәртіппен тұрғынжайға мұқтаж деп танылған және есепке қойылған толық емес отбасылар тұрғынжай алғанға дейін есептен шығарып тастауға жатпайтыны жайлы талапты сақтамаған.
ӘРПК-нің 5-бабы 2-бөлігіне сәйкес әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.
ӘРПК-нің 10-бабында әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік қалауды жүзеге асыру кезінде әкімшілік рәсімге қатысушы мен қоғам мүдделерінің әділ теңгерімін қамтамасыз етеді. Бұл ретте әкімшілік акт, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) мөлшерлес, яғни жарамды, қажетті және пропорциялы болуға тиіс екендігі көзделген.
Іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып сот алқасы дауланып отырған сот актілері ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды.
Жауапкерлер өкілінің кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал жауапкерлердің сотта зерттеліп, дәлелдемелермен негізделген сот тұжырымдарымен келіспеуі, сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.
Сондықтан, сот алқасы іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға, кассациялық шағымды қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты.
ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 28 сәуірдегі шешімі, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 2 тамыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Жауапкерлердің өкілі Т[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Г.Б. Дуйсенбаев Г.К. Нұрбаев
Судьялар
Е.Ж. Өмірәлиев
Көшірмесі дұрыс. Судья
Г.Б. Дуйсенбаев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.