ҚАУЛЫ
2026 жылғы 22 қантар №6003-25-00-4к/378 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот құрамында:
төрағалық етуші – судья Ә. Назарова, судьялар М. Қасымов, Ә. Нұрлыбаева болып,
талап қоюшының өкілі Е. Қалиеваның, жауапкердің өкілі М.Бақытжанұлының қатысумен ашық сот отырысында
талап қоюшы Мадениет Темирболатович Зинелгабитовтың жауапкер «Қазақстан Республикасы ішкі істер Министрлігі Атырау облысы полиция департаменті» мемлекеттік мекемесіне ( бұдан әрі – Департамент, жауапкер) зейнетақы төлемдерін тоқтату туралы қорытынды қабылдау әрекеттерін заңсыз деп танып, қорытындының күшін жою, бұзылған құқығы мен заңды мүддесін қалпына келтіру, зейнетақы төлемдерін тоқтатылған кезден, яғни 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап қалпына келтіруді міндеттеу туралы талап қоюы бойынша қабылданған
Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 18 қыркүйектегі шешіміне, Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 18 ақпандағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
М.Т.Зинелгабитов жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген. Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 18 қыркүйектегі шешімімен әкімшілік талап қою ішінара қанағаттандырылып, Департаментінің 2018 жылғы 28 желтоқсандағы М.Т.Зинелгабитовке зейнетақы төлемдерін тоқтату туралы қорытындысының күші жойылған. Жауапкер М.Т.Зинелгабитовтің зейнетақы төлемдерін төлеу мәселесін қайта қарау жолымен құқықтары мен мүдделерін қалпына келтіруге міндеттелген. Талап қоюдың зейнетақы төлемдерін тоқтату туралы қорытынды қабылдау әрекеттерін заңсыз деп тану, зейнетақы төлемдерін тоқтатылған кезден, яғни 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап қалпына келтіруді міндеттеуге қатысты бөлігін қанағаттандырудан бас тартылған.
Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 18 ақпандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Шешімнің қарар бөлігіндегі «мәселесін қайта қарау жолымен» деген сөздер «мәселесі жөніндегі» деген сөздермен ауыстырылған.
Жауапкер кассациялық шағымында Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 18 қыркүйектегі шешімінің, Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 18 ақпандағы қаулысының күшін жойып, талап қоюшының талабын қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұрайды.
Мүделлі тұлға «Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар Министрлігінің Атырау облысы төтенше жағдайлар Департаментің өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі» РММ-нің өкілі Қазақстан Республикасы Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының отырысына келмеді. Сотқа келмеу себептерін хабарламады.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Кассациялық сот тараптардың түсініктемелерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, шағымның уәждерін талқылап, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабының 1-бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде (бұдан әрі – АПК) көзделген қағидалармен айқындалады.
АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуы, заңсыз сот актісін шығаруға әкеп соққан жағдайда, сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіз болып табылады.
Осы іс бойынша жергілікті соттар материалдық және процестік құқық нормалары бұзылуға жол берген.
Іс материалдарынан анықталғандай, 2008 жылғы 22 ақпанда талап қоюшы М.Т.Зинелгабитов «Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің «Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі» ММ-нің №60 бұйрығымен денсаулық жағдайына байланысты қызметінен босатылған.
2008 жылғы 26 ақпанда М.Т.Зинелгабитов Атырау облысының Ішкі істер Департаментіне «Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі» ММ-нің Атырау облысының филиалынжағы қызметінен босатылуына байланысты зейнетақы тағайындау туралы арыз жолдаған. 2008 жылғы 26 ақпанда Атырау облысының Ішкі істер департаментінің қаржымен қамтамасыз ету бөлімінің басшысы А.Бухарбаева М.Т.Зинелгабитовке еңбек сіңірген жылдарына байланысты зейнетақы тағайындау туралы қорытынды (бұдан әрі - қорытынды) бекіткен.
Осы қорытынды бойынша М.Т.Зинелгабитовтің еңбек сіңірген жылдары бойынша еңбек өтілі келесідей анықталған: күнтізбелік 11 жыл 2 ай 7 күн, жеңілдікпен 15 жыл 8 ай 29 күн, еңбек өтілі 13 жыл 6 ай 23 күн.
2008 жылғы 16 ақпаннан бастап М.Т.Зинелгабитовке зейнетақы тағайындалған.
2018 жылғы 28 желтоқсанда Департамент М.Т.Зинелгабитовке оның құқық қорғау органдарында үзіліссіз әскери қызметі әр бөлікте 12 жыл 6 айға жетпеуіне байланысты зейнетақы төлемдерін тоқтату туралы қорытынды қабылдаған (бұдан әрі– зейнетақы төлемдерін тоқтату қорытындысы).
Талап қоюшы Департаменттің зейнетақы төлемдерін тоқтату туралы әрекеттерімен келіспей, сотқа талаппен жүгінген.
Атырау қалалық сотының 2019 жылғы 26 наурыздағы шешімімен М.Т.Зинелгабитовтің зейнетақы төлемдерін тоқтату туралы Департаменттің әрекеттерін даулау туралы талабын қанағаттандырудан бас тартылған. Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі - азаматтық сот алқасы) 2019 жылғы 11 маусымдағы қаулысымен аталған сот шешімі өзгеріссіз, талап қоюшының апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 20 қаңтардағы қаулысымен М.Т.Зинелгабитовтің өтінішхатын кассациялық тәртіппен сот алқасының сот отырысында қарауға беруден бас тартылған.
М.Т.Зинелгабитов сотқа Атырау қалалық сотының 2019 жылғы 26 наурыздағы шешімін жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы арыз беру үшін өткізіп алған мерзімін қалпына келтіру туралы арызбен жүгінген.
Атырау калалық сотының 2024 жылғы 15 ақпандағы ұйғарымымен М.Т.Зинелгабитовтың арызын қанағаттандырудан бас тартылған.
Азаматтық сот алқасының 2024 жылғы 23 сәуірдегі ұйғарымымен аталған ұйғарымның күші жойылып, М.Т.Зинелгабитовтің Атырау қалалық сотының 2019 жылғы 26 наурыздағы шешімін жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы арыз беру үшін өткізіп алған мерзімді қалпына келтіру туралы арызы сол сотқа қайта қарау үшін жолданған.
Атырау калалық сотының 2024 жылғы 10 мамырдағы ұйғарымымен М.Т.Зинелгабитовтің арызы қанағаттандырылып, Атырау қалалық сотының 2019 жылғы 26 наурыздағы шешімі жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша күші жойылып, азаматтық істі қарау қайта басталған.
Атырау қалалық сотының 2024 жылғы 7 маусымдағы ұйғарымымен М.Т.Зинелгабитовтің талабы әкімшілік іс жүргізу тәртібімен қаралуға жататындықтан, қозғалған азаматтық іс жүргізу тоқтатылған.
Осыдан кейін М.Т.Зинелгабитов сотқа әкімшілік талап қоюмен жүгінген, талап қою әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қабылданып, шешілген.
М.Т.Зинелгабитовтің Департаменттің зейнетақы төлемдерін тоқтату жөніндегі әрекеттерін заңсыз деп тану туралы талабы бойынша азаматтық іс қысқартылғаны заңға қайшы.
Азаматтық юрисдикциядағы соттың іс бойынша іс жүргізуді тоқтатуы ӘРПК-ні қолданысқа енгізу тәртібін бұза отырып жүзеге асырылған.
ӘРПК-нің 175-бабының төртінші бөлігіне сәйкес соттарда жатқан, осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін іс жүргізуге қабылданған істерді қарау осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін қолданыста болған Қазақстан Республикасының процестік заңнамасының қағидалары бойынша жүзеге асырылады.
Бастапқыда М.Т.Зинелгабитовтің Департаменттің зейнетақы төлемдерін тоқтату туралы әрекеттерін жарамсыз деп тану туралы талап қоюы азаматтық сот ісін жүргізу шеңберінде қабылданған және сот азаматтық істі қозғаған. Демек, Атырау қалалық сотының 2019 жылғы 26 наурыздағы шешімінің жаңадан ашылған мән-жайларға байланысты күші жойылғаннан кейін іс ӘРПК қолданысқа енгізілгенге дейін қолданыста болған Қазақстан Республикасының процестік заңнамасына сәйкес сол сотта қайтадан қаралуға тиіс еді.
Жоғарыда баяндалған мән-жайлардың негізінде кассациялық сот осы іс бойынша сот актілерінің күші жойылуға, ал мәлімдеген талап қою ӘРПК-нің 138-бабы екінші бөлігінің 11) тармақшасының негізінде талап қоюшыға қайтарылуға жатады деген тұжырымға келеді.
«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 108-бабы 1-тармағының 4) тармақшасына сәйкес талап қою немесе өзге де өтініш (шағым) қайтарылған немесе оны қабылдаудан бас тартылған жағдайда мемлекеттік баждың төленген сомасы қайтарылуға жатады.
Талап қою берілген кезде талап қоюшы 1 846 теңге мөлшерінде төленген мемлекеттік баж мемлекеттік бюджеттен талап қоюшының пайдасына қайтарылуы тиіс.
ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 6) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 18 қыркүйектегі шешіміне, Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 18 ақпандағы қаулысының күші жойылсын.
Талап қоюшы Мадениет Темирболатович Зинелгабитовтің жауапкер «Қазақстан Республикасы ішкі істер Министрлігі Атырау облысы полиция департаменті» мемлекеттік мекемесіне зейнетақы төлемдерін тоқтату туралы қорытынды қабылдау әрекеттерін заңсыз деп танып, қорытындының күшін жою, бұзылған құқығы мен заңды мүддесін қалпына келтіру, зейнетақы төлемдерін тоқтатылған кезден 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап қалпына келтіруді міндеттеу туралы талап қою арызы қайтарылсын.
Талап қоюшы Мадениет Темирболатович Зинелгабитовтің пайдасына мемлекеттік бюджет есебінен 1 846 (бір мың сегіз жүз қырық алты) теңге мөлшерінде төленген сот шығыстары қайтарылсын.
Жауапкердің кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
Ә. Назарова
М. Қасымов
Д. Нұрлыбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.