Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 24.02.2026 по делу 6003-25-00-2к/2717 (Гражданское)

6003-25-00-2к/2717

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 24 ақпан Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К. Рустембеков,

судьялар А.О.Тогумбетова, Л.Б.Мамырбаева,

прокурор А.Қадылбековтың, талап қоюшының өкілі А.Киізбайдың, «Маңғытай» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің (бұдан әрі- «Маңғытай» ЖШС, серіктестік) өкілдері Ж.Досымовтың, Е.Т.Издибаевтің, Отырар ауданының әкімінің өкілі А.Әмірханның, «Отырар аудандық жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі-ММ) өкілі А.Құлдыбайұлының, «Азаматтарға арналған үкімет» коммерциялық емес акционерлік қағамының өкілі Б.А.Есімнің, Арыс қаласының әкімінің өкілі Б.С.Сапарханұлының, «Арыс қаласының жер қатынастары бөлімі» ММ-нің өкілі Ғ.Спатайдың қатысуларымен, ашық сот отырысында

талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің жер ресурстарын басқару комитеті Түркістан облысының жер ресурстарын басқару Департаменті» республикалық ММ-нің (бұдан әріДепартамент) жауапкерлер «Маңғытай» ЖШС-не, Отырар ауданының әкіміне, «Отырар аудандық жер қатынастары бөлімі» ММ-не, «Азаматтарға арналған үкімет» коммерциялық емес акционерлік қоғамына, Отырар ауданының әкімінің қаулысын жарамсыз, жер учаскесін жалға беру туралы типтік шартын және сәйкестендіру актісін жарамсыз деп тану туралы электронды азаматтық істі Серіктестіктің Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 11 ақпандағы шешіміне және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 мамырдағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ :

Департамент жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 11 ақпандағы шешімімен талап қоюшының талабы қанағаттандырылып, жауапкерлер «Маңғытай» ЖШС мен «Отырар ауданының жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесі (бұдан әріМекеме) арасында жасалған 2013 жылғы 20 тамыздағы №170 Қожатоғай ауыл округінде орналасқан жалпы көлемі 1 000 гектар (кадастрлық №19-294-065320) жер учаскесін жалға беру туралы типтік шарты жарамсыз деп танылған. Осы соттың 2025 жылғы 11 ақпандағы ұйғарымымен Департаментің талап қоюының Отырар ауданы әкімдігінің 2013 жылғы 16 шілдедегі №307 қаулысын және сәйкестендіру актісін жарамсыз деп тану туралы бөлігінде іс бойынша іс жүргізу тоқтатылған.

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 мамырдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Жауапкер кассациялық шағымында бірінші және апелляциялық

сатыдағы соттар іс үшін маңызы бар мəн-жайлардың шеңберін дұрыс анықтамағанын, материалдық құқықтық нормалары бұзылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.

Кассациялық сот тараптарды тыңдап, сот актілерін күшінде қалдыруды сұраған прокурордың қорытындысын тыңдап, кассациялық сот келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Іс құжаттарына сәйкес, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін жер учаскелерін жалға беру жөніндегі 2013 жылғы 28 маусымда өткен конкурстық өтінімдерді қарау нәтижелері бойынша конкурстық жер комиссиясының №2 хаттамалық шешіміне сәйкес №20 лот бойынша «Маңғытай» ЖШС жеңімпаз болып танылған.

Хаттамалық шешімі негізінде Отырар ауданы әкімдігінің 2013 жылғы 16 шілдедегі №307 қаулысының Қожатоғай ауыл округіне қарасты аумағынан ауданның арнайы жер қорынан ЖШС-не 1 000 гектар жайылым жер учаскесі тауарлы ауыл шаруашылық өндірісін жүргізу үшін 20 жыл ұзақ мерзімге өтеулі уақытша пайдалану құқығымен жалға беріліп, кадастрлық №19-294065-320 сәйкестендіру актісі рәсімделіп, «Отырар ауданының жер қатынастары бөлімі» ММ мен ЖШС-нің арасында 2013 жылғы 20 тамызда жер учаскесін жалға беру туралы №170 типтік шарты жасалып мемлекеттік тіркеуге алынған.

Демек, Әкімдікпен мемлекеттік меншіктегі жер учаскелерін ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін жер учаскелерін жалға беру жөніндегі конкурс жарияланып, конкурстың қорытындысы Жер комиссиясының хаттамалық шешімімен рәсімделген.

Алайда, Бірлескен Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің 2013 жылғы 8 мамырдағы №105 қаулысы және Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының 2013 жылғы 15 мамырдағы №13/116-V шешімімен Арыс қаласының және Отырар ауданының әкімшілік шекаралары өзгертіліп, даулы жер учаскесі Арыс қаласының аумағына енгізілген.

Аталған бірлескен қаулы мен шешім алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң, яғни 2013 жылғы 8 маусымда қолданысқа енгізілген.

Мұндай жағдайда соттардың, Әкімдіктің Арыс қаласының аумағынан жер учаскесін табыстауға құзіреті жоқ болуына қарамастан Әкімдікпен даулы қаулысы заң талаптары бұзыла отырып қабылданғаны туралы дұрыс тұжырым жасаған.

Жер кодексінің 17-бабының 1-тармағында аудандық (қаладағы аудандардан басқа) атқарушы органның құзыретіне елдi мекендер жерiн қоспағанда, аудан шекарасының шегiнде орналасқан жер учаскелерін жеке меншікке және жер пайдалануға беру жөніндегі құзыреттілігі берілген.

Жер кодексінің 32-бабының 3-тармағына сай облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органы өз құзыреті шегінде жер пайдаланушыларға уақытша жер пайдалану құқығын табыстаған кезде Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органның уақытша жер пайдалану құқығын табыстау туралы тиісті шешімі негізінде осындай жер пайдаланушылармен жер учаскесiн жалға беру шарттары немесе уақытша өтеусiз жер пайдалану шарттары жасалады.

АК-нің 158-бабында мазмұны заңнама талаптарына сәйкес келмейтін мәміле, сондай-ақ құқықтық тәртіп негіздеріне көрінеу қайшы келетін мақсатпен жасалған мәміле, егер осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, дауланатын мәміле болып табылады және сот оны жарамсыз деп тануы мүмкін.

Соттардың Әкімдіктің даулы қаулысы негізінде Мекеме мен ЖШС-нің арасында даулы шарты жасалғанына байланысты даулы жер учаскесі заң талаптары бұзыла отырып табысталғандықтан, даулы жер учаскесін жалға беру шарты жарамсыз деп танылуға жататындығы туралы тұжырымы заңды.

Жоғарыда аталған Жер кодексінің талаптары бұзылғаны өз дәлелін тапқан.

Істі қарау барысында соттар «Соттардың жер заңнамасын қолдануының кейбір мәселелері туралы» 2007 жылғы 16 шілдедегі № 6 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысының 5-тармағында көзделген талаптары толығымен сақталғандығын анықтаған.

Жауапкердің Депарамент конкурстық комиссияның 2013 жылғы 3 шілдедегі №2 қорытындысы дауланбаған деген уәжі негізсіз, себебі конкурстық комиссияның қорытындысы құқық белгілейтін құжат болып табылмайды, сондықтан даулануға жатпайды.

Сот алқасының қаулысының қарар бөлігінде «Сайрам аудандық сотының 2024 жылғы 6 қыркүйектегі шешімі өзгеріссіз қалдырылсын» деп қате жазылған. Бұл қате АПК-нің 235-бабының, 426-бабының 3-бөлігінде көрсетілген негіздер бойынша қате жазулар мен анық арифметикалық қателердi түзетуге жатады.

Мәні бойынша заңды күшіне енген дұрыс сот актісінің күші бір ғана формальды пайымдаулар бойынша жойылуға жатпайды.

Кассациялық сот бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар зерттемеген дәлелдемелер негізінде заңды күшіне енген сот актісін өзгертуге немесе жоюға құқылы емес.

Жергілікті соттар іс бойынша заңды маңызы бар мән-жайларды істі нақты қарау кезінде дұрыс анықтаған. Істің материалдары сотпен толық, жанжақты және объективті зерттелген, тараптар ұсынған дәлелдемелерге жергілікті соттармен тиісті құқықтық баға берілген.

Сондықтан дауланып отырған сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 11 ақпандағы шешімі және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 мамырдағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

«Маңғытай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков

Судьялар: А.О.Тогумбетова

Л.Б.Мамырбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.