ВС РК - Постановление от 22.06.2023 по делу 6001-22-00-6ап/1487 (Административное)

№6001-22-00-6ап/1487

ҚАУЛЫ

2023 жылғы 22 маусым Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,

судьялар – Ш.Т.Даниярова, Г.Б.Дүйсенбаев,

Қазақстан Республикасы Бас Прокуратураның прокуроры

К[...],

талап қоюшының өкілдері Т[...], Б[...], жауапкердің өкілі Г[...], мүдделі тұлғалар: Атырау облысы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының өкілі К[...].,

«БА[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің (бұдан әрі – «БА[...]» ЖШС) өкілі К[...],

Қазақстан Республикасы индустрия және инфрақұрылымдылық даму Министрлігі құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істер комитетінің «Жобаларды мемлекеттік ведомстводан тыс сараптау» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының (бұдан әрі - «Мемсараптама» РМК) өкілі А[...] қатысуыларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Атырау облысы Қаржы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Қаржы басқарма) жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы Министрлігі ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Атырау облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Департамент) 2021 жылғы 30 желтоқсандағы нұсқаманы заңсыз деп тану және күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 1 наурыздағы шешімі мен Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 7 маусымдағы қаулысына талап қоюшы Басқарманың келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Қаржы басқарма жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 1 наурыздағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған. 2021 жылдың 30 желтоқсанындағы анықталған бұзушылықтарды жою және оларға жол берген тұлғалардың жауапкершілігін қарау туралы нұсқамасының 2021 жылғы 3 қыркүйектегі №51 және №53 «БА[...]» ЖШС-мен жасақталған мемлекеттік сатып алу туралы шарттарды бұзу бойынша Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес шаралар қабылдау бөлігі заңсыз деп танылып күші жойылған.

Қалған бөлігінде талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.

Осы соттың 2022 жылғы 1 тамыздағы ұйғарымымен Департаменттің 2021 жылғы 30 желтоқсандағы электрондық ішкі мемлекеттік аудит нәтижелері бойынша аудиторлық қорытындысын заңсыз деп тану және күшін жою туралы талап қоюдың бөлігі кері қайтарылған.

Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 7 маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы шешімі күшінде қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында іс бойынша соттар материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, сот актілерін өзгертіп, талап қоюды толығымен қанағаттандыруды сұраған. Талап қоюшы өкілдерінің кассациялық шағымды қолдап, жауапкер өкілінің сот актілерін күшінде қалдыру туралы және мүдделі тұлғаның пікірлерін, прокурордың қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілген.

Соттармен анықталғандай, 2021 жылғы 19 мамырда талап қоюшының ұйымдастыруымен «Атырау облысы, [...] газбен жабдықтау», 2021 жылғы 17 мамырда «Атырау облысы, [...] газбен жабдықтау» жұмыс жоспары бойынша ашық конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу өткізілген.

Тапсырыс беруші «Атырау облысы Энергетика және тұрғын үйкоммуналдық шаруашылық басқармасы» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - тапсырыс беруші) .

Конкурсқа «ТГ[...]», «АС[...]», «БД[...]», «БА[...]» ЖШС қонкурстық өтінімдерін ұсына отырып қатысқан. 2021 жылғы 9 шілдедегі конкурстық комиссияның қорытынды хаттамаларына сәйкес екі конкурс бойынша «БА[...]» ЖШС-і жеңімпаз деп танылған.

2021 жылғы 15 шілдеде «АС[...]» ЖШС-гі конкурстық комиссияның қорытындысымен келіспей, Департаментке шағым жолдаған.

Аталған шағым негізінде 2021 жылғы 2 тамызда Департаментпен камералдық бақылау жүргізіліп, конкурстық комиссиясының тарапынан Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының (бұдан әрі -Заң) 27- бабының талаптары, Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 11 желтоқсандағы №648 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларының» (бұдан әрі-Қағида) 155 -тармағының талаптары сақталмағаны анықталған.

Департаментпен тексеру нәтижелері бойынша әлеуетті өнім беруші «АС[...]» ЖШС-не 5,3 % оның ішінде жұмыс тәжірибесі үшін -3,6 %, төленген салықтардың көрсеткіші -1,7 % шартты жеңілдіктер берілген.

2021 жылғы 2 тамызында жауапкермен Қаржы басқармасына камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама жіберілген.

2021 жылғы 5 тамызында Қаржы басқармасы аталған хабарламамен келіспей, «Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитеті» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі-Комитет) қарсылық жолдаған.

2021 жылғы 31 тамызында Комитет №№6718, 6719 шешімдерімен Қаржы басқармасының қарсылығын толық қанағаттандырған.

2021 жылғы 3 қыркүйекте Комитеттің жоғарыда аталған шешімі негізінде тапсырыс беруші мен жеңімпаз «БА[...]» ЖШС-нің арасында №51, №53 келісім шарттары жасақталған.

«БА[...]» ЖШС-не №51 келісім шарт бойынша Жасқайрат ауылын газбен жабдықтау бойынша атқарған жұмыстар үшін 286 000 000 теңге, №53 келісім шарт бойынша Қызыл үй ауылын газбен жабдықтау бойынша249 500 000 теңге көлемінде төлем жасалған.

2021 жылғы 10 қыркүйекте әлеуетті өнім беруші «АС[...]» ЖШС-і Комитеттің жоғарыда көрсетілген 2021 жылғы 31 тамыздағы Қаржы басқармасының қарсылығын қанағаттандырған №6718 шешімімен келіспей, Қазақстан Республикасының Қаржы Министрлігіне шағым берген.

2021 жылғы 28 қазанда апелляциялық комиссиясының шешімімен «АС[...]» ЖШС-нің шағымы қанағаттандырылып, Комитеттің 2021 жылғы 9 қарашадағы хатымен камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 2021 жылғы 2 тамыздағы хабарламаға Қаржы басқармасымен келтірілген қарсылық қанағаттандырудан бас тартылған.

Департамент конкурстық комиссия Қағиданың 155- тармағына қайшы, «АС[...]» ЖШС-ның жұмыс тәжірибесі үшін берілетін шартты жеңілдіктер дұрыс есептемегенін анықтап, сараптама қорытындыларына сай «АС[...]» ЖШС-ның жұмыс тәжірибесі үшін 3,6% шартты жеңілдіктер берілуі қажет деген тұжырымға келіп, 2021 жылғы 30 желтоқсанда Қаржы басқармасына анықталған бұзушылықтарды жою және оларға жол берген тұлғалардың жауапкершілігін қарау туралы нұсқама жолдаған.

Нұсқамада: алға қарай Заңмен және Қағидамен көзделген талаптарды қатаң басшылыққа алу; 2021 жылғы 3 қыркүйектегі №51 және №53 «БА[...]» ЖШС-мен жасақталған мемлекеттік сатып алу шарттарды бұзу бойынша Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес шаралар қабылдау; анықталған бұзушылықтарға жол берген лауазымды тұлғалардың тәртіптік жауапкершілігін қарастыру ұсынылған.

Талап қоюшы аталған нұсқамамен келіспей, талап қоюмен сотқа жүгінген.

Жергілікті соттар талап қоюды ішінара қанағаттандырып, жауапкердің нұсқамада көрсетілген мемлекеттік сатып алу шарттарын бұзу бойынша шаралар қабылдау әрекетін Қаржы басқармасына жолдауы негізсіз, заң талаптарында уәкілетті орган камералдық бақылауды жүргізу нәтижесінде бақылау объектісінің Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасын бұзғанын анықтаған кезде күшіне енген мемлекеттік сатып алу туралы шарттарын жарамсыз деп тану туралы талап қоюмен сотқа жүгінетіні көзделген. Сондықтан нұсқаманың 2021 жылғы 3 қыркүйектегі №51 және №53 «БА[...]» ЖШС-мен жасақталған мемлекеттік сатып алу туралы шарттарды бұзу бойынша Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес шаралар қабылдау бөлігі заңсыз деп танылып, оның күші жойылуға жатады деген қорытындыға келген.

Осыған қоса, соттар Департаменттің конкурстық комиссиямен жұмыс тәжірибесі үшін шартта жеңілдіктер дұрыс есептелмеген, Заңның 27 бабының талаптары сақталмаған, «АС[...]» ЖШС-нің конкурстық өтініміне жұмыс тәжірибесі үшін 1 % шартты жеңілдік негізсіз қолданылған, яғни жұмыс тәжірибесі үшін 3,6 % шартты жеңілдіктер қолданылуға жатады деген уәжі негізді, істегі дәлелдемелермен қуатталды деп көрсеткен.

Сондықтан талап қоюдың нұсқаманың заң талаптарын қатаң басшылыққа алу, анықталған бұзушылықтарға жол берген лауазымды тұлғалардың тәртіптік жауапкершілігін қарастыру деген бөлігін заңсыз деп тануды сұраған бөлігі қанағаттандырусыз қалдыруға жатады деген тұжырымға келген.

Алайда соттардың талап қоюдың бөлігі қанағаттандырусыз қалдыруға жатады деген тұжырымы негізсіз болып табылады.

Қағиданың (конкурс жарияланған кезде қолданыста болған) 155 тармағына сәйкес, егер әлеуетті өнім берушінің бас мердігер ретінде жұмыс тәжірибесі болған жағдайда, конкурстық комиссия сатып алынатын жұмыстар нарығында әлеуетті өнім берушінің тәжірибесі болуының әрбір жылы үшін, оның ішінде конкурс мәні болып табылатын жұмыстардың осындай (ұқсас) түрлері бойынша бір пайыз (1 %) мөлшерінде шартты жеңілдік береді. Егер әлеуетті өнім берушінің қосалқы мердігер ретінде жұмыс тәжірибесі болған жағдайда, конкурстық комиссия сатып алынатын жұмыстар нарығында әлеуетті өнім берушінің тәжірибесі болуының әрбір жылы үшін, оның ішінде конкурс мәні болып табылатын жұмыстардың осындай (ұқсас) түрлері бойынша нөл бүтін оннан бес пайыз (0,5 %) мөлшерінде шартты жеңілдік береді.

Егер бір жылдың ішінде әлеуетті өнім беруші конкурста сатып алынатын, оның ішінде біреуден артық құрылыс объектісінде осындай (ұқсас) жұмыс түрлері бойынша жұмыстарды орындаған жағдайда, конкурстық комиссия келесі әрбір құрылыс объектісі үшін нөл бүтін оннан екі пайыз (0,2 %) мөлшерінде шартты жеңілдік береді. Егер бұл жұмыстарды әлеуетті өнім беруші қосалқы мердігер ретінде орындаса, конкурстық комиссия келесі әрбір құрылыс объектісі үшін нөл бүтін оннан бір пайыз (0,1 %) мөлшерінде шартты жеңілдік береді.

Құрылыс объектісі деп бір азаматтық-құқықтық шарт шеңберінде орындалған, нысанасы өткізілетін мемлекеттік сатып алудың нысанасына сәйкес келетін жұмыстар түсініледі.

Соттармен анықталғандай, даулы екі конкурс бойынша жауапкершілігі жоғары I деңгейдегі объектілерге газбен жабдықтау жөніндегі жұмыстар жүргізуге өткізілген.

Сонымен қатар, жауапкердің пікірі бойынша конкурстық комиссия «АС[...]» ЖШС-нің 6 объектісі бойынша жұмыс тәжірибесін негізсіз ескерген жоқ, олар:

1-ші объект бойынша «Қостанай қаласының Тобыл өзені арқылы өтетін дюкер өткелінің құрылысы» [...]қосылу нүктесіндегі газ құбырының диаметрі қосылу нүктесіндегі қысым-0,6 Мпа;

2-ші объект бойынша: «Ядролық физика институты» РМК Ақсай филиалын газбен жабдықтау (ұзындығы 0,215 км төмен (Р< 0,005 МПа) қысымды газ құбыры;

3-ші объект бойынша: БҚО Орал қаласының солтүстік-шығыс бөлігіндегі тұрғын алабын газбен жабдықтау " (ұзындығы 14 м жоғары қысымды газ құбыры (Р< 0,6 МПа); орташа қысымды (Р< 0,6 МПа), ұзындығы 1403 м;

4-ші объект бойынша: «РП БҚО Орал қаласындағы Пятимарская, солидарность, Н[...] және Орал-Саратов тас жолының арасында орналасқан 9 тұрғын үйге электрмен жабдықтау және газбен жабдықтау, қазандық және жылу желілерін салу», ұзындығы 0,005 км жоғары қысымды (Р< 0,6 МПа) газ құбыры; орташа қысым (Р< 0,3 МПа), ұзындығы 0,997 км; төмен қысымды (Р< 0,005 МПа), ұзындығы 1,39 км, Әзірлеушімен I (жоғары) жауапкершілік деңгейі орнатылған;

5-ші объект бойынша: "БҚО Казталов ауданы Серік, Сарықұдық, Қайшақұдық, Талдыапан және Қособада газбен жабдықтау желілерін салу", ұзындығы 88,1 км жоғары қысымды (Р< 0,6 МПа); орташа қысымды (Р< 0,3 МПа), ұзындығы 1,76 км; төмен қысымды (Р< 0,005 МПа), ұзындығы 15,3 км газ құбыры. Әзірлеушімен I (жоғары) жауапкершілік деңгейі орнатылған;

6-ші объект бойынша: "БҚО Теректі ауданының Донецк, Богдановка, Приречное, Алғабас, Сарсеново, Шоптикуль ауылдарын газбен жабдықтау", жоғары қысымды жер үсті газ құбыры PN=1,2 МПа, жоғары қысымды газ құбыры PN=0,6 МПа, орташа қысымды тарату газ құбыры PN=0,3 МПа (мемсараптама іс материалдарында болмады) 2020 жылғы 16 қарашадан бастап пайдалануға берілді. Электрондық депозитарияда I (жоғары) жауапкершілік деңгейі көрсетілген.

Сот алқасы «Әлия-Сервис» ЖШС шартты жеңілдікті есептеу бойынша конкурстық комиссияның іс-әрекеттерін келесі себептерге байланысты заңды деп санайды.

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 28 ақпандағы № 165 бұйрығымен бекітілген Ғимараттар мен құрылыстарды техникалық және (немесе) технологиялық жағынан күрделі объектілерге жатқызудың жалпы тәртібін айқындау туралы Қағиданың 9 тармағының 2) тармақшасына сай, жауапкершілігі I (жоғары) деңгейдегі объектілерге қысымы 1,2 МПа (М[...]) жоғары газ тарату желілерінің объектілері жатады.

Жауапкершілігі II (қалыпты) деңгейдегі объектілерге қысымы 1,2 МПа (МегаПаскаль) дейінгі (қоса алғанда) өндірістік мақсаттағы газ тарату жүйелерінің объектілері; қысымы 0,3 МПа-дан (МегаПаскаль) 1,2 МПа (М[...]) дейінгі (қоса алғанда) тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы газ тарату жүйелерінің объектілері жатады.

Жоғарыда аталған барлық объектілер қысым деңгейі бойынша 1,2 МПа-дан аспайтынын ескере отырып, оларды жауапкершіліктің жоғары деңгейінің 1 объектілеріне жатқызуға болмайды, бірақ жауапкершіліктің II (қалыпты) деңгейінің объектілері ретінде қарастыру қажет.

Ал сметалық құжаттамаға сәйкес даулы екі конкурс бойынша объектілерінің қысымның максималды деңгейі 2,5 МПа (МегаПаскаль) құрайды.

Жауапкердің жоғарыда аталған объектілер бойынша "Мемсараптама" РМК қорытындысына сілтемелерін сот алқасы қабылдауға жатпайды деп есептейді, өйткені АПК-нің 92-бабына сәйкес оның сот үшін алдын ала белгіленген күші болмайды және басқа дәлелдемелермен тең бағалауға жатады.

Ғимараттар мен құрылыстарды техникалық және (немесе) технологиялық жағынан күрделі объектілерге жатқызу тәртібі жоғарыда көрсетілген қағидамен реттелгендіктен және өзге де сот дәлелденбегендіктен, сот алқасы даулы нұсқаманы жауапкер заңсыз шығарды және оның күші жойылуға тиіс деген қорытындыға келеді.

Осыған орай, жергілікті соттардың талап қоюды ішінара қанағаттандыру туралы тұжырымы негізсіз болып табылады. ӘРПК-нің 8-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік орган, лауазымды адам және сот әкімшілік істі қарау кезінде объективтілік пен бейтараптықты сақтай отырып, әкімшілік іске қатысушылардың әрқайсысына олардың әкімшілік істің мән-жайларын жан-жақты және толық зерттеуге құқықтарын іске асыруына тең мүмкіндік пен жағдайды қамтамасыз етуге міндетті.

Жергілікті соттармен материалдық құқық нормаларының бұзылуы істің дұрыс шешілмеуіне әкеліп, АПК-нің 427-бабының бірінші бөлігі 1), 3), 4) тармақшасы, екінші бөлігінің 1), 3) тармақшаларына сәйкес сот актілерін өзгерту үшін негіз болып табылады.

Қалған бөлігінде сот алқасы соттардың тұжырымымен келіседі.

Іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып сот алқасы дауланып отырған сот актілері өзгертіліп, талап қоюшының талап қоюы қанағаттандырылуға жатады деп санайды.

ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 1 наурыздағы шешімі мен Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 7 маусымдағы қаулысы өзгертілсін.

Талап қоюдың қанағаттандырудан бас тарту туралы бөлігінің күші жойылып, жаңа шешім қабылдансын.

Талап қоюшы «Атырау облысы Қаржы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы Министрлігі ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Атырау облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне 2021 жылдың 30 желтоқсанындағы анықталған бұзушылықтарды жою және оларға жол берген тұлғалардың жауапкершілігін қарау туралы нұсқамасының Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңымен және Қағидада көзделген талаптарын қатаң басшылыққа алу, анықталған бұзушылықтарға жол берген лауазымды тұлғалардың тәртіптік жауапкершілігін қарастыру туралы бөлігі заңсыз деп танылып күші жойылсын.

Сот актілерінің қалған бөлігі күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы «Атырау облысы Қаржы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші Судьялар Көшірмесі дұрыс. Судья

С. Баймаханов Ш. Даниярова Г. Дүйсенбаев Ш. Даниярова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.