КСАД РК - Постановление от 04.12.2025 по делу 6003-25-00-4к/695 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 4 желтоқсан №6003-25-00-4к/695 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот құрамында:

төрағалық етуші - судья Н. Кабдрахманова,

судьялар Г. Ыдырысова, Д. Нұрлыбаева болып,

прокурор А. Камашевтің қатысумен ашық сот отырысында

талап қоюшы «Turkus Global Trade» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі - Серіктестік) жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит Комитетінің Жетісу облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Ішкі мемлекеттік аудит Департамент)

нұсқамасын заңсыз деп танып, оның күшін жою туралы талап қоюы бойынша қабылданған

Жетісу облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 17 желтоқсандағы және Жетісу облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 5 наурыздағы ұйғарымдарына талап қоюшының кассациялық шағыммен түскен әкімшілік істі қарап,

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген. Жетісу облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 17 желтоқсандағы ұйғарымымен талап қою кері қайтарылған.

Жетісу облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 5 наурыздағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы күшінде қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында іс бойынша шығарылған бірінші және апелляциялық саты соттарының сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды сұраған.

Тараптар немесе олардың өкілдері Қазақстан Республикасы Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының отырысына келмеді. Сотқа келмеу себептерін хабарламады.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Прокурордың қорытындысын тындап, іс құжаттарын зерделеп, қассациялық сот төмендегі негіздерге байланысты дау айтылған сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындыға келді.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Осы іс бойынша аталған заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Іс материалдарынан анықталғандай, 2022 жылғы 1 қыркүйекте «Алакөл ауданының тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Бөлім) мен Серіктестіктің арасында мемлекеттік сатып алу шарты жасалған. Шарт нысаны Архарлы ауылындағы электр жүйесін реконструкциялау және салу болып табылады. Бөлімге Ішкі мемлекеттік аудит Департамент мен аудит жұмыстары жүргізіліп, тексеріс нәтижесі бойынша бұзушылықтар анықталып, Бөлімге 2024 жылғы 3 қазанда анықталған бұзушылықтарды жою және оларға жол берген тұлғалардың жауапкершілігін қарау туралы Нұсқама шығарылған.

Жергілікті соттар талап қоюды қайтарғанда, даудың жария-құқықтық қатынастардан туындамағанын, сондықтан әкімшілік іс жүргізу тәртібімен қарауға жатпайтынын негізге алған.

ӘРПК-нің 5-бабында көрсетілгендей, әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті - жария-құқықтық қатынастардағы жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және қалпына келтіру болып табылады.

Осы Кодекстің 4-бабының бірінші бөлігі 33) тармақшасында келтірілген түсіндірмеге сәйкес талап қоюшы ретінде өзінің бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтарын, заңды мүдделерін қорғау үшін сотқа жүгінген адам не оның мүддесі үшін прокурор, Қазақстан Республикасының заңдарында осындай өкілеттік берілген өзге адам талап қоюды берген тұлға түсіндірілген.

Жария-құқықтық қатынастар құқық субъектілері арасындағы қатысушылардың бірінің билікті өкілеттерін басқаларға жүргізуіне байланысты туындайтын қатынастар болып табылады.

Нұсқама Бөліммен атқарған жұмыстары бойынша анықталған бұзушылықтарына қатысты шығарылған, яғни жария-құқықтық қатынастарының қатысушылары болып осы екі тарап табылады, ол Нұсқама шығарған Ішкі мемлекеттік аудит департаменті мен аудит объектісі. Сондықтан, Нұсқама объектісі болып Бөлім танылғаны мен оны даулауға тек Бөлім құқықты болады.

ӘРПК-нің 138-бабы екінші бөлігінің 11) тармақшасына сай, егер іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпаса, сот талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады.

Кассациялық шағым өзінің мазмұны мен мәні талап қоюда келтірілген дәлелдермен, уәждермен сонымен қатар сот отырысында берілген түсіндірмелермен біріңғай. Бұл дәлелдемелерге соттармен тиісті құқық баға берілген, сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болатын материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы орын алмаған.

Бұндай жағдайда, кассациялық шағымда жаңа дәлелдердің жоқтығын ескере отырып, іс бойынша соттарда анықталған мән-жайларға баға бере отырып, кассациялық сот дауланып отырған сот актілері ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды. Сондықтан сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ. ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Жетісу облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 17 желтоқсандағы ұйғарымы, Жетісу облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі соталқасының 2025 жылғы 5 наурыздағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшының«Turkus Global Trade» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Н. Кабдрахманова

Төрағалық етуші Судьялар

Г. Ыдырысова

Д. Нұрлыбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.