6001-22-00-6ап/517
ҚАУЛЫ
2022 жылғы 19 шілде Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,
судьялар Ш.Т.Даниярова, Г.Б.Дүйсенбаев,
Қазақстан Республикасы Бас Прокуратураның прокуроры
Д[...],
талап қоюшының өкілі У[...],
жауапкерлер:
«Қызылорда облысы ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Департамент) өкілі Ж[...],
«Қызылорда қаласы бойынша білім бөлімінің «№267 орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - №267 орта мектебі) өкілі Т[...],
«Қызылорда қаласы бойынша білім бөлімінің «Байұзақ Ермекбаев атындағы №271 орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - №271 орта мектебі) өкілі Б[...],
«Қызылорда қаласы бойынша білім бөлімінің «№176 орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - №176 орта мектебі) өкілі Қ[...] қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында мобильді бейнеконференцбайланыс арқылы ашық сот отырысында «Ақан» атауымен әрекет етуші жеке кәсіпкер Ө[...] (бұдан әрі - ЖК «Ақан») жауапкерлер Департаментке, №267 орта мектебіне, №282 мектеплицейіне, №271 орта мектебіне, №176 орта мектебіне шешімдері мен конкурс қорытындылары туралы хаттамаларға, келісім шарттарға дау айту туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 30 желтоқсандағы шешімі мен Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 2 ақпандағы қаулысына мүдделі тұлғалардың келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
ЖК «Ақан» конкурс қорытындыларымен келіспей, Департаменттің шешімдерін, конкурс хаттамаларын заңсыз деп танып, күшін жою, келісім шарттарды жарамсыз деп тану туралы талаптармен сотқа жүгінген. Онда Департамент конкурс қорытындылары бойынша конкурстық комиссия тарапынан заң бұзушылықтарды анықтаса да шарттарды бұзып, конкурстарды қайта жариялау туралы нұсқама бермегенін көрсеткен. Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 2 ақпандағы қаулысымен күшінде қалдырылған Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 30 желтоқсандағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған. Департаменттің шағымдарды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешімдері, конкурс қорытындылары туралы хаттамалары заңсыз деп танылып, талап қоюдың қалған бөлігі қанағаттандырудан бас тартылған.
Мүдделі тұлғалар К[...], И[...], М[...] кассациялық шағымында соттар іс бойынша шешім қабылдағанда материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, дау айтылған сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған. Сот алқасы арызданушылардың өкілі М[...] кассациялық сатыдағы соттың істі қарау уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарландырылғанына, алайда сотқа қатыспағанына байланысты сот отырысын оның қатысуысыз қарауды шешім етті.
Жауапкерлер кассациялық шағымның уәждерін қолдағанын, талап қоюшының сот актілерін күшінде қалдыру туралы пікірін және прокурордың қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Мұндай заң бұзушылықтарға жергілікті соттар жол бермеген.
Іс материалдарынан анықталғандай, Қызылорда қаласы бойынша білім бөлімінің №267 орта мектебі, №282 мектеп-лицейі, №271 орта мектебі және №176 орта мектебі оқушыларға ыстық тамақ беруді ұйымдастыру қызметін сатып алуға веб-портал арқылы конкурстар өткізген.
2021 жылғы 4 қазандағы №6273281-ОК1 конкурс қорытындыларымен №267 орта мектебі бойынша ЖК «М[...]», 2021 жылғы 7 қазандағы №6259300-ОК1 конкурс қорытындыларымен №282 мектеп-лицейі бойынша ЖК «М[...]», 2021 жылғы 27 қыркүйектегі №6201147-ОК1 конкурс қорытындыларымен №271 орта-мектебі бойынша ЖК «К[...]» және 2021 жылғы 27 қыркүйектегі №6233999-ОК1 конкурс қорытындыларымен №176 орта-мектебі бойынша ЖК «И[...]» жеңімпаз деп танылған.
Талап қоюшы ЖК «Ақан» конкурс қорытындыларымен келіспей, Департаментке шағымданған.
Департамент талап қоюшының шағымдарында көрсетілген уәждері дәлелін таппағанын көрсетіп, шағымды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдаған.
Бұдан кейін талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Комитет) шағыммен жүгінген.
Комитет жауабында талап қоюшының шағымы бойынша көрсетілген уәждер конкурс қорытындысына әсер етпейтінін көрсетіп, шағымды қанағаттандырусыз қалдырған.
Жергілікті соттар, талап қоюды ішінара қанағаттандырып, конкурстарды өткізу барысында конкурстық комиссиялар тарапынан Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының (бұдан әрі – Білім туралы Заңы) 48-1 бабының 5) тармақшасында бекітілген тамақтандыру, ұйымдастыру кезінде қағидада көзделген өлшемшарттарды қолдану тәртібін, сондай-ақ оларды есептеу тәртібін бұзуға жол бермеу жөніндегі талап сақталмағаны туралы тұжырымға келген.
Бұл тұжырым негізді және іс құжаттарымен айқындалған.
Білім туралы Заңының 48-1 бабының 5) тармақшасына сәйкес, мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында, қосымша білім беретін мектептен тыс ұйымдарда білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру, сондай-ақ мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуге байланысты тауарларды сатып алу кезінде тамақтандыруды ұйымдастыру қағидаларында көзделген өлшемшарттарды қолдану, сол сияқты көрсетілетін қызметтерді, тауарларды берушіні таңдау өлшемшарттарын есептеу тәртібін бұзуға жол берілмейді.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы №598 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында, мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдарында білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру, сондай-ақ мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуге байланысты тауарларды сатып алу қағидаларының» (бұдан әрі – Қағида) 7-қосымшасына сәйкес, конкурсқа қатысушылардың ағымдағы жылдың алдындағы 5 жылдағы жұмыс тәжірибесінің болуы талап етілген.
Жұмыс тәжірибесі мемлекеттік білім беру ұйымдарының білім алушылары мен тәрбиеленушілерін тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша бұрын жасалған шарттардың көшірмелерімен, осы шарттардың орындалуының соңғы айы үшін көрсетілген қызметтер актілерімен және шот-фактуралармен, мемлекеттік заңды тұлғалардың асханаларын мүліктік жалдау (жалға беру) шарттарының көшірмелерімен расталатыны қарастырылған.
Қазақстан Республикасының «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)» Кодексінің 412-бабының талаптарына сәйкес, салық төлеуші тұрған жері бойынша жалпыға ортақ пайдаланылатын телекоммуникациялар желісі болмаған және техникалық қателер себебінен электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесінде шот-фактураларды жазып беру мүмкін еместігі расталған жағдайда ғана шотфактураны қағаз жеткізгіште жазып беруге құқылы.
Конкурс құжаттарына қарағанда талап қоюшы жұмыс өтіліне қатысты шот-фактураларын ұсынбаған, ал басқа қатысушылар өтінімдеріне қағаз форматта жасалған 2016-2020 жылдарғы шот-фактураларды ұсынған.
Демек, конкурстық комиссиялар әлеуетті өнім берушілердің біліктілік талаптарына және конкурстық құжаттама талаптарына сәйкестігін бағалауда Қағида талаптарын сақтамаған. Осыған орай, соттар конкурстық комиссиялардың әлеуетті өнім берушілердің жұмыс тәжірибесіне баға беру кезінде қағаз жеткізгіштегі шотфактураларды негізге алуы заң талаптарына сәйкес келмейтінін көрсеткен. Бұған қоса, конкурс талаптары бойынша әлеуетті өнім беруші біліктілігін растау үшін арнайы білімі, біліктілігі бар аспаз, диетолог технолог біліктілігі бар немесе техникалық және кәсіптік, жоғары білімі бар өндіріс меңгерушісі туралы мәліметтер ұсынуы қажет. Қағиданың 7-қосымшасына сәйкес, әлеуетті өнім берушінің Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес қызметкерлердің еңбек қызметін, Білім туралы Заңына сәйкес кәсіптік білімі туралы құжаттарды, разрядын растайтын құжаттардың көшірмелерін ұсынуы қарастырылған.
Аспаз біліктілігі бар білімі болған жағдайда аспаздың біліктілігін (разрядын) арттыру және медициналық білімі болған жағдайда, диетология саласында біліктілігін арттыру немесе қайта даярлау уәкілетті орган белгілеген үлгідегі құжаттардың электрондық көшірмелерімен расталуы қажет.
Бұл ретте, жергілікті соттар талап қоюшы ЖК «Ақанның» ұсынған өтінімі бойынша И[...], мүдделі тұлға ЖК «И[...]» өтінімі бойынша Ә[...] диетология саласында медициналық білімі не болмаса біліктілігін арттырудан өткені байқалмағанын анықтаған.
Яғни, конкурсқа ұсынылған құжаттар конкурс талаптарына сай келмеген, бірақ ЖК «И[...]» жеңімпаз деп танылған.
Қағиданың 43-тармағының талаптарына сәйкес, өнім берушіні таңдау кезінде 351-ден 650-ге дейін білім алушысы бар білім беру ұйымдарында – кемінде 1 аспаз, 3 ас үй жұмысшысы болуы, ал 651-ден 1500-ге дейін білім алушысы бар білім беру ұйымдарында – кемінде 3 аспаз, 4 ас үй жұмысшысы болуы ескеріледі. Конкурс қорытындылары бойынша 4 аспаз, 4 ас үй қызметкері, 1 технолог, 1 диетолог қызметкері бар ЖК «М[...]» 418 оқушы білім алатын №267 орта мектебі мен 685 оқушы білім алатын №282 мектеп-лицейі бойынша жеңімпаз деп танылған.
Демек, конкурс нәтижелерімен жеңімпаз деп танылған әлеуетті өнім беруші бір мектеп бойынша қызмет көрсетуді қамтамасыз етуге мүмкіндігі болғанымен, екінші мектеп бойынша бұл талапты сақтай алмайды.
Жоғарыдағылардың негізінде сот алқасы Департаменттің шешімдерін және конкурс қорытындыларын заңсыз деп таныған жергілікті соттардың тұжырымы заңды және негізді деп санайды.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 157-1-бабының 8- тармағына сай, сот мәмiленi жарамсыз деп тани отырып, нақты мәнжайларды ескеріп, оны одан әрi орындауға тыйым салумен шектелуге құқылы.
Осыған байланысты, жергілікті соттар келісім шарттардың орындау мерзімі аяқталуына байланысты, шарттардың одан әрі орындауға өнім берушілермен тікелей шарт жасасу арқылы келесі қаржы жылдарына шарттың мерзімін ұзартуға тыйым салу туралы дұрыс шешімге келген. ӘРПК-тің 11-бабының 1-бөлігіне сәйкес, әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік қалауды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шектерде жүзеге асыруға міндетті. Әкімшілік қалауды жүзеге асыру кезінде әкімшілік актіні қабылдау және (және) әкімшілік әрекетті жасау (әрекетсіздік таныту) осы өкілеттіктің мақсаттарына сәйкес келуге тиіс.
ӘРПК-тің 6-бабына сәйкес әкімшілік рәсімдер мен әкімшілік сот ісін жүргізу осы тарауда баяндалған қағидаттар негізінде жүзеге асырылады. Осы тарауда белгіленген әкімшілік рәсімдердің қағидаттары түпкілікті болып табылмайды және құқықтың басқа да қағидаттарын қолдануға кедергі болмайды. Азаматтық сот ісін жүргізу қағидаттары, егер бұл осы тарауда баяндалған қағидаттарға қайшы келмесе, әкімшілік сот ісін жүргізуде қолданылады. Әкімшілік рәсімдердің және әкімшілік сот ісін жүргізудің қағидаттарын бұзу оның сипатына және елеулі болуына қарай әкімшілік актілерді, әкімшілік әрекеттерді (әрекетсіздікті) заңсыз деп тануға, сондай-ақ шығарылған сот актілерінің күшін жоюға алып келеді.
Іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы дауланып отырған сот актілері ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деген қорытындыға келеді. Сондықтан сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ.
ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І: Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 30 желтоқсандағы шешімі мен Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 2 ақпандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Мүдделі тұлғалар К[...], И[...], М[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
С. Баймаханов Ш. Даниярова Г. Дүйсенбаев
Көшірмесі дұрыс. Судья
Ш. Даниярова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.