ВС РК - Постановление от 21.05.2020 по делу 6001-20-00-6кп/20 (Об административном правонарушении)

6кп-20-20

ҚАУЛЫ

2020 жылғы 21 мамыр Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші алқа төрағасы А.Қ. Қыдырбаева, судьялар Ж.Б. Ермағамбетова, М.Т. Балкен,

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Департаменті бөлімінің прокуроры К[...], əкімшілік жауаптылыққа тартылған тұлға В[...], жəбірленуші Е[...] қатысуымен,

ашық сот отырысында Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан əрі - ӘҚБтК) 610-бабының бірінші бөлігі бойынша В[...] қатысты,

Маңғыстау облысы Маңғыстау аудандық сотының 2019 жылғы 15 мамырдағы жəне Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 14 маусымдағы қаулыларына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуы бойынша келіп түскен əкімшілік құқық бұзушылық туралы істі кассациялық тəртіппен қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Маңғыстау облысы Маңғыстау аудандық сотының 2019 жылғы 15 мамырдағы қаулысымен В[...] ӘҚБтК-нің 610-бабының бірінші бөлігімен кінəлі деп танылып, оған 20 (жиырма) айлық есептік көрсеткіш, яғни 50 500 теңге мөлшерінде айыппұл салу жазасы тағайындалған.

Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 14 маусымдағы қаулысымен аталған сот актісі өзгеріссіз қалдырылған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуында соттардың құқық нормаларын түсіндіруде жəне қолдануда бірізділіктің бұзылуына байланысты кассациялық тəртіппен іс бойынша шығарылған сот актілерін қайта қарауды көрсетілген.

Ұсыну дəлелдерін қолдаған прокурор К[...] қорытындысын, В[...] жəне Е[...] түсініктемелерін тындап, іс материалдарын зерделеп, мамандандырылған сот алқасы келесі тұжырымға келді.

ӘҚБтК-нің 840-бабына сəйкес əкімшілік құқық бұзушылық туралы сот қаулысының күшін жоюға не оны өзгертуге мыналар: судьяның сот қаулысында жазылған iстiң нақты мəн-жайлары туралы түйіндерінің шағымды, прокурордың апелляциялық өтінішхатын қарау кезiнде зерттелген дəлелдемелерге сəйкес келмеуi; əкiмшiлiк жауаптылық туралы

заңның дұрыс қолданылмауы; осы Кодекстiң процестік нормаларының елеулi түрде бұзылуы; қаулымен қолданылған əкiмшiлiк жазаның жасалған құқық бұзушылық сипатына, кiнəлiнiң жеке басына немесе заңды тұлғаның мүлiктiк жағдайына сəйкес келмеуi негіздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай негіздер бар. Іс материалдарына қарай келесі жағдайларды ескерген жөн. В[...] қатысты əкімшілік құқық бұзушылық туралы істің қозғалуына Шетпе-Жетібай тас жолындағы жолкөлік оқиғасы негіз болған. 2019 жылғы 13 сəуірде В[...] «Toyota Land Cruiser» көлік құралымен Е[...] бір бас түйесін жол үстінде қаққаны анықталған.

В[...] əкімшілік жауапкершілікке тарта отырып, жергілікті соттар Қазақстан Республикасы Жол қозғалысы ережесінің (бұдан əрі Ереже) келесі ережелерін бұзғанын көрсеткен.

Жүргізуші көлік құралын белгіленген шектеуден аспайтын жылдамдықпен, мұндайда жүріс үдемелілігін, көлік құралы мен жүктің ерекшелігін жəне жай-күйін, жүру бағытындағы көрінуге қатысты жол жəне метеорологиялық жағдайларды ескере отырып жүргізеді. Жылдамдық жүргізушіге қағидалардың талаптарын орындау үшін көлік құралының жүрісіне тұрақты түрде бақылау жасауына мүмкіндік беруін қамтамасыз етеді.

Жүруге жүргізуші анықтай алатындай кедергі жəне (немесе) қауіп туған жағдайда, ол жылдамдықты тоқтатуға дейін азайтуға немесе жол жүрісіне басқа қатысушылар үшін қауіп төндірмей, кедергіні айналып өтуге шаралар қолданады (Ереженің 10-бөлімінің 1-тармағы).

Алайда жергілікті соттардың қаулылары негізсіз жəне заңсыз болып табылады.

Жол-көлік оқиғасының сызбасына сəйкес көлік пен малдың соқтығысқан жері В[...] көлік құралының қозғалысы жолағында болған. Жолдың жиегінде «Мал өткізу» немесе басқа да ескерту белгілері қойылғаны анықталмаған.

В[...] түсініктемесінде кешкі мезгіл уақытында сағатына 90100 км жылдамдықпен жүргені жəне қараңғыдан бір бас түйенің шығып қалғаны, оны қағып кеткендігін көрсеткен.

Ереженің 10.3-тармағының 1) тармақшасына сəйкес жеңіл автомобильдерге елді мекендерден тыс жерде автомагистральдарда 3.24 тиісті жол белгісімен белгіленген, бірақ сағатына 140 километрден аспайтын, бөлу жолағы бар жолдарды сағатына 110 километрден аспайтын, қалған жолдарда сағатына 100 километрден аспайтын жылдамдықпен жүруге рұқсат етіледі.

Осылайша Ережемен бекітілген жылдамдықтың режимін бұзғанды анықтайтын дəледеме іске тіркелмеген.

Ереженің 24-бөлімінің 9-тармағына сəйкес малдарды, əдетте, тəуліктің жарық уақытында айдап өту керек. Мал айдаушылар малдарды мүмкіндігінше жолдың оң жақ шетіне жақын бағыттауға тиіс.

Тəуліктің қараңғы уақытында жəне жеткіліксіз көріну жағдайларында бір топ малды жол бойымен немесе ол арқылы айдаған кезде мал айдаушылар жолда малдың бар екенін ескерту үшін жүргізушілерге сигнал береді (Ереженің 24-бөлімінің 10-тармағы).

Ереженің 24-бөлімінің 10-тармағына ескертпеге сəйкес шырақпен немесе фонарьмен қолды шеңбер жасап қозғау сигнал болып табылады, бұл ретте сигнал беруші бір топ мал жақындап келе жатқан көлік құралдары жағынан он-он бес метр арақашықтықта болады.

Ереженің 24-бөлімінің 12-тармағымен жүк артылған, жегілген жəне мініс малдарының жəне малдардың иелеріне:

  1. малдың жабыны қатты жолдарға шығып кетуі мүмкін жағдайларда оларды қадағалаусыз қалдыруға;

  2. малдарды теміржолдар арқылы жəне арнайы бөлінген жерлерден тыс, сондай-ақ тəуліктің қараңғы уақытында жəне жеткіліксіз көріну жағдайларында (əртүрлі деңгейлердегі мал айдаудан басқа) айдап өтуге;

  3. өзге жолдар болған кезде малдарды жабын асфальт жəне цементбетон жолдармен жетектеп жүруге жол берілмейді.

«Соттардың Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Қазақстан Республикасы кодексінің Ерекше бөлігінің нормаларын қолданудың кейбір мəселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2017 жылғы 06 қазандағы №7 нормативтік қаулысының 26-тармағына сəйкес егер жол-көлік оқиғасы кезінде мал мен үй жануарлары шығыны 1.24 «Мал өткізу» туралы ескерту жол белгілері қойылған аумақтардан тыс жерде орын алған болса, жылдамдық режимін немесе Жол жүрісі қағидаларының басқа да ережелерін бұзу болмаған жағдайда көлік құралын жүргізуші ӘҚБтК-нің 610-бабының 1-бөлігі бойынша əкімшілік жауаптылыққа тартылуға жатпайды. Мұндай жағдайларда жол-көлік оқиғасының негізгі себебі мал иесінің жануарларды бақылауға қатысты Жол жүрісі қағидаларының 24-бөлімінің 12-тармағының 1) тармақшасы бойынша өзіне жүктелетін міндеттемелерді орындамағандығы болып табылады, бұл мəн-жайларға қарай ӘҚБтК-нің 615-бабының 2-бөлігі немесе 633-бабының 2-бөлігі бойынша жауаптылыққа алып келеді.

ӘҚБтК-нің 829-6-ші бабына сəйкес сот əкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi дайындау кезiнде өтінішхаттарды шешеді, қосымша материалдарды талап етіп алдырады, қатысуы істі, шағымды, наразылықты қарау үшін қажет деп танылған адамдарды шақыртады; қажет болған кезде сараптама тағайындайды. Істi қарау барысында iс бойынша жол-көлік оқиға орын алған кезде мал иесі тарапынан жəне көлік құралын жүргізуші тарапынан жоғарыда аталған ережелердін орындалғаны немесе бұзылғыны iстi дайындау тиісте түрде зерттеліп анықталмаған, қосымша материалдар талап етіп алдырылмаған жəне қажетті сараптама тағайындалмаған.

Осыған байланысты алқа Маңғыстау облысы Маңғыстау аудандық сот жəне Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы қаулыларының күшін жою туралы қорытындыға келіп отыр. Істі қайтадан қарау барысында жоғарыда аталған мəселелерге сот назар аударып процестік нормаларды сақтай отырып, негізді шешім қабылдауы тиіс. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуы қанағаттандыруға жатады.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 851-бабын басшылыққа ала отырып сот алқасы,

ҚАУЛЫ ЕТТІ :

Маңғыстау облысы Маңғыстау аудандық сотының 2019 жылғы 15 мамырдағы жəне Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 14 маусымдағы қаулыларының күші жойылсын, іс бірінші сатыдағы сотқа өзге құрамда қайта қарау үшін жолдансын.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

А. Қыдырбаева

Ж. Ермағамбетова

Судьялар

М. Балкен

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.