ВС РК - Постановление от 31.10.2023 по делу 6001-23-00-6ап/531 (Административное)

ҚАУЛЫ

2023 жылғы 31 қазан 6001-23-00-6ап/531 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов, судьялар – Ғ.Ө. Әлжанов, Е.Д. Өміралиев болып,

жауапкер Казталов ауданының әкімінің өкілі Т[...], мүделлі тұлға «Р[...]» шаруа қожалығының басшысы М[...] және оның өкілі Н[...] қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Д[...]» шаруа қожалығының басшысы К[...] жауапкер Қазталов ауданы әкіміне аудандық жер комиссиясының 2022 жылғы 19 мамырдағы №15 шешімінің №7 лотқа қатысты бөлігіне дау айту туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 13 қаңтардағы қаулысына мүдделі тұлға М[...] келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Батыс Қазақстан облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 20 қазандағы шешімімен талап қоюы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 13 қаңтардағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімінің күші жойылып, талап қою арызын қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылданған.

Мүдделі тұлға М[...] кассациялық шағымында қаулымен келіспейтінін көрсетіп, бірінші сатылы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған.

Талап қоюшы және басқа мүдделі тұлға немесе олардың өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді. Сотқа келмеу себептерін хабарламады.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды. Мүдделі тұлға М[...] және оның өкілінің кассациялық шағымды қолдаған, жауапкер өкілінің кассациялық шағыммен келіспеген пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алған.

ӘРПК-нің 24-бабының төртінші бөлігіне сай әкімшілік істерді апелляциялық сатыдағы сотта судьялардың тақ сандағы (кемінде үш судья) алқалы құрамы қарайды, олардың бірі төрағалық етуші болып табылады.

Алайда апелляциялық сатыдағы сот қолданылуға жататын заңды қолданбаған.

Апелляциялық сатылы сот істі мәні бойынша қарап, шешім қабылдау кезінде бір судья құрамында қараған, яғни ӘРПК-нің 24-бабы төртінші бөлігінде көзделген соттың құрамы туралы қағидаларын бұзған.

АПК-ның 427-бабы төртінші бөлігінің 1)-тармақшасына сәйкес егер істі соттың заңсыз құрамы немесе соттылық туралы қағидаларды бұзып қараған кез келген жағдайда сот шешімінің күші жойылуға жатады.

Осындай жағдайларда кассациялық шағымның дәлелдеріне қарамастан Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 13 қаңтардағы қаулысының күші жойылуға, іс апелляциялық сатыдағы сотқа судьялардың өзге құрамында жаңадан қарауға жіберілуге жатады.

Сот алқасы апелляциялық сатыдағы сотымен процессуалдық құқық нормаларын қолдануда өрескел заң бұзушылық жіберген деп санайды.

Дауланып отырған сот актісі шағымда көрсетілген негіздермен байланысты емес себептермен бұзылғандықтан, кассациялық шағым қанағаттандырылуға жатпайды.

ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 3) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 13 қаңтардағы қаулысының күші жойылсын. Іс Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасына судьялардың өзге құрамында жаңадан қарауына жолдансын. Мүдделі тұлға М[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші С. Баймаханов

Судьялар

Ғ. Әлжанов

Е. Өміралиев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.