Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 13.11.2025 по делу 6003-25-00-2к/1370 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 13 қараша №6003-25-00-2к/1370 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында

төрағалық етуші судья К.Р.Айтжанов, судьялар Н.А.Жумагулова, Н.О.Косанов,

талап қоюшылар өкілдері Н.К.Джуматаевтың және Н.С.Кыдырбаевтың, жауапкерлер өкілі Г.А.Азимхановтың бейнебайланыс арқылы қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшылар Сахов Азимхан Дуйсенбаевичтың және Кыдырбаев Мурат Рахматуллаевичтың жауапкерлер «Қасиет Транзит Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі - «Қасиет Транзит Сервис» ЖШС-і), «Turan-77» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі - «Turan-77» ЖШС-і) келісім шарттарды жарамсыз деп танып, күшін жою және қаражатты өндіру туралы электрондық форматтағы біріктірілген азаматтық істі талап қоюшылардың Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 наурыздағы қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) берген кассациялық шағымымен қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы :

Талап қоюшылар аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, оны «Қасиет Транзит Сервис» ЖШС-і не шарт бойынша сауда объектісін пайдалануға бермегеніне, не алған қаражатын қайтармай жүргеніне негіздеген.

Түркістан облысы Түркістан қалалық сотының 2024 жылғы 26 желтоқсандағы шешімімен (бұдан әрі - сот шешімі) талап қою ішінара қанағаттандырылып, «Қасиет Транзит Сервис» ЖШС-нен талап қоюшы А.Д.Саховтың пайдасына ғимарат құрылысы үшін төленген 10 000 000 теңге, мемлекеттік баж үшін төленген 100 000 теңге және өкіл қызметі үшін төленген 300 000 теңге, барлығы 10 400 000 теңге, талап қоюшы М.Р.Кыдырбаевтың пайдасына ғимараттың құрылысы үшін төленген 13 000 000 теңге, мемлекеттік баж үшін төленген 130 000 теңге және өкіл қызметіне төленген 300 000 теңге, барлығы 13 430 000 теңге өндірілген.

Алқа қаулысымен сот шешімінің күші жойылып, талап қоюлар қанағаттандырусыз қалдырылған.

Талап қоюшылар кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, алқа қаулысының күшін жоюды, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Апелляциялық сатыдағы сотпен осындай бұзушылықтарға жол берілген.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 8- бабының 4-6 тармақтарына сай азаматтар мен заңды тұлғалар өздерiне берiлген құқықтарды жүзеге асырған кезде адал, парасатты және әдiл әрекет жасап, заңдардағы талаптарды, қоғамның адамгершiлiк қағидаттарын, ал кәсiпкерлер - бұған қоса iскерлiк әдептiлiк ережелерiн сақтауға тиiс. Бұл мiндеттi шарт арқылы алып тастауға немесе шектеуге болмайды. Азаматтық құқық қатынастарына қатысушылардың адал, парасатты және әдiл әрекет жасауы көзделедi. Азаматтар мен заңды тұлғалардың басқа тұлғаға зиян келтiруге, құқықты өзге нысандарда теріс пайдалануға, сондай-ақ құқықты оның мақсатына қайшы келетiндей етiп жүзеге асыруға бағытталған әрекеттерiне жол берiлмейдi. Ешкім де өзінің теріс пиғылды мінез-құлқымен артықшылық алуға құқылы емес.

Анықталғаны, 2021 жылғы 9 қарашадағы объектіні пайдалануға қабылдау актісіне сәйкес «Қасиет Транзит Сервис» ЖШС-не тиесілі болған Түркістан қаласы, Шаға ауылы, №104 кварталдағы №1338 сауда кешенінің ғимараты (бұдан әрі - ғимарат) пайдалануға қабылданған.

2022 жылғы 1 қаңтарда «Қасиет Транзит Сервис» ЖШС-і мен талап қоюшы А.Д.Саховтың арасында ғимарат аумағында орналасқан әмбебап базарының ішінен әжетхана орнын жалдау жөнінде келісім шарт жасалып, оның жарамдылық мерзімі 2022 жылғы 31 желтоқсанға дейін белгіленген.

Осы шарттың мерзімі өтуіне байланысты 2023 жылғы 11 наурызда аталған тараптар арасында әжетхана орнын жалдау жөнінде №158 келісім шарты жасалып, оның жарамдылық мерзімі 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейін деп айқындалған.

Сонымен қатар, талап қоюшы А.Д.Саховпен әжетхана құрылысы үшін 2021 жылғы 27 желтоқсанда 1 000 000 теңге және 2022 жылғы 3 қаңтарда 9 000 000 теңге төленген.

2022 жылғы 1 қаңтарда «Қасиет Транзит Сервис» ЖШС-і мен талап қоюшы А.Р.Қыдырбаевтың арасында ғимарат аумағында орналасқан әмбебап базарының 3 дана сауда нүктелерін (бутик) жалдау туралы 3 келісім шарт жасалып, олардың жарамдылық мерзімі 2022 жылғы 31 желтоқсанға дейін белгіленген және талап қоюшы А.Р.Қыдырбаевпен 2021 жылғы 26 желтоқсанда осы 3 дана сауда нүктенің құрылысы үшін барлығы 13 000 000 теңге төленген.

Талап қоюшылармен ақша қаражаттары төленгені жөніндегі уәждері кіріс кассалық ордерлерімен қатар «Қасиет Транзит Сервис» ЖШС-нің өкілінің жауаптарымен бекітілген.

2024 жылғы 31 қаңтарда «Қасиет Транзит Сервис» ЖШС-і мен «Turan77» ЖШС-і арасында ғимаратты жер учаскесімен бірге сатып алу-сату келісім шарты жасалып, аталған мүлік соңғының меншігіне өткен.

Талап қоюшылардың талабын қанағаттандырудан бас тарту жөніндегі шешімін апелляциялық сатыдағы сот талап қоюшыларға әжетхана мен сауда орындарының құрылысы аяқталған соң ғана жалға берілген, осы шарттарды жасау барысында талап қоюшылар әжетхана мен сауда орындарының құрылысына байланысты ескертулер жасамаған, шарттарда құрылысқа байланысты тараптарға қойылатын міндеттемелер және құрылыс аяқталмаған жағдайда құрылысқа жұмсалған қаражатты қайтаруды талап ету құқықтары қарастырылмаған, «Қасиет Транзит Сервис» ЖШС-мен талап қоюшыларға жалға алған объектілерді пайдалануды жалғастыруға кедергі жасалмаған деп заңсыз және негізсіз тұжырымдаған.

Себебі, бірінші сатыдағы сотпен өткізілген көшпелі сот отырысында да, іске тіркелген фотосүреттермен де талап қоюшыларға жалға берілген объектілердің құрылысы аяқталмағаны және пайдалануға мүлдем жарамсыз екені нақты анықталған, бұл мән-жайлар «Қасиет Транзит Сервис» ЖШС-і тарапынан АК-тің 547-бабының 1-3 тармақтарының бұзылуы болып табылады.

Алайда, құрылысы аяқталмаған объектілерді пайдалануға мүмкін емес екендігі, «Қасиет Транзит Сервис» ЖШС-і аяқталмаған құрылысқа жалдау шарттарын жасау арқылы азаматтық құқықтарын теріс пайдаланғаны белгісіз себептермен апелляциялық сот алқасының назарынан тыс қалған.

Өз кезегінде, құқығы бұзылған адамның оны қалпына келтіру жөніндегі құқықтары қандай да бір шартта көрсетілуі міндетті емес, кез келген адамның бұл құқықтары Қазақстан Республикасы Конституциясының 13-бабының 2- бөлігінде және АК-тің 9-бабының 1-тармағында көзделген.

Бұл жағдайда бірінші сатыдағы сотпен «Қасиет Транзит Сервис» ЖШСнің әрекеттеріне дұрыс құқықтық бағасы берілген, себебі құқығы бұзылған адам, егер заң құжаттарында немесе шартта өзгеше көзделмесе, өзiне келтiрiлген залалдың толық өтелуiн талап ете алады (АК-тің 9-бабының 4- тармағы).

Дегенмен, бірінші сатыдағы сот талаптың келісім шарттарды жарамсыз деп тану жөніндегі бөлігін негізсіз қанағаттандырудан бас тартқан, себебі пайдалануға мүлдем дайын емес мүлікке қатысты жалға беру шарттарының жасалуы заңсыз болып табылады.

Талап қоюшылар кассациялық шағымында сот алқасының қаулысын ғана даулап, сот шешімін күшінде қалдыруды сұраған, сол себепті кассациялық сот АПК-тің 449-бабының 1-бөлігіне сәйкес сот актісінің заңдылығын iстегі материалдар бойынша кассациялық шағымның дәлелдерi шегiнде қарады.

Сонымен қатар, апелляциялық сатыдағы соты сот шешімінің күші жойылуға жатады деген қате тұжырымға келген.

Өйткені, сот шешімімен талап қоюлар ішінара қанағаттандырылған, тиісінше апелляциялық сатыдағы сот талап қоюларды толығымен қанағаттандырусыз қалдыру кезінде сот шешімін өзгертуге тиіс болған.

Осыған орай, алқа қаулысының күші жойылып, сот шешімі күшінде қалдырылуға, кассациялық шағым қанағаттандырылуға жатады. АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 2) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып,

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 наурыздағы қаулысының күші жойылсын, Түркістан қалалық сотының 2024 жылғы 26 желтоқсандағы шешімі күшінде қалдырылсын. Жауапкер «Қасиет Транзит Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен талап қоюшы Сахов Азимхан Дуйсенбаевичтың пайдасына кассациялық шағым бергені үшін төленген мемлекеттік баж сомасы 50 000 (елу мың) теңге өндірілсін.

Жауапкер «Қасиет Транзит Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен талап қоюшы Кыдырбаев Мурат Рахматуллаевичтың пайдасына кассациялық шағым бергені үшін төленген мемлекеттік баж сомасы 65 000 (алпыс бес мың) теңге және өкілдің қызметіне төленген сот шығыны 300 000 (үш жүз мың) теңге өндірілсін.

Талап қоюшылар Сахов Азимхан Дуйсенбаевичтың және Кыдырбаев Мурат Рахматуллаевичтың кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші К.Айтжанов

Судьялар Н.Жумагулова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.