№6003-26-00-2к/686 (2) іс Қ А У Л Ы
2026 жылғы 25 мамыр Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарова, судьялар А.К.Есдаулетов, Н.Б.Ормаханов болып,
талап қоюшы Н.Н.Джариевтың, өкілі С.М.Кубаевтың,
жауапкер өкілдері Б.К.Болысбековтың, Е.Н.Қонаевтың қатысуымен, бейне-байланыс құрылғысы арқылы ашық сот отырысында, Ақтау қаласының №2 сотының 2025 жылғы 16 қыркүйектегі шешімі мен Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 желтоқсандағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен,
талап қоюшы Нурлан Нуратдинович Джариевтың жауапкер «Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасы» мемлекеттік мекемесіне тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрықты заңсыз деп танып күшін жою, моральдық зиянның өтемақысын өндіру жөніндегі электрондық азаматтық істі қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы:
Н.Н.Джариев талап қоюында еңбек құқықтарын өрескел бұзу арқылы 2025 жылғы 8 мамырда қабылданған № 94/1-к лауазымдық міндеттерін тиісті деңгейде орындамағаны үшін «қатаң сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрықты заңсыз деп танып бұзуды және соның салдарынан өзіне келтірілген 500 000 теңге моральдық зиянның өтемақысын өндіруді сұраған.
Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 желтоқсандағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған, Ақтау қаласының №2 сотының 2025 жылғы 16 қыркүйектегі шешімімен Н.Н.Джариевтың бұл талап қоюы қанағаттандырусыз қалдырылған. Оған, соттардың тәртіптік жаза қолдануда еңбек заңнамасының талаптарының сақталғаны, лауазымдық міндеттерін тиісті деңгейде орындамағаны іс құжаттарымен расталғаны жөнінде тұжырымға келуі негіз болған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында, сот актілерінде баяндалған сот түйіндерінің істің мән-жайларына сәйкес келмеуіне, материалдық құқық нормаларының бұзылуына, тәртіптік жазаның жұмыскерден түсінік сұрату тәртібін бұзу арқылы қолданылуына, бұйрықтың көшірмесінің кеш жолдануына, тәртіптік теріс қылық жасалғаны тиісті тәртіппен анықталмауына және мониторинг қорытындысымен екі түрлі анықтама жасалуына байланысты, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.
Жауапкер кассациялық шағымға байланысты пікірінде, оның уәждерімен келіспей, талап қоюшыға тәртіптік жазаның облыс көлемінде онкологиялық қызметте ұйымдастырушылық және үйлестірушілік жұмыстар бойынша жіберілген көптеген дәлелін тапқан, өңірдегі онкологиялық көмектің тиімділігін төмендеуіне әкеп соқтырған, онымен жоққа шығарылмаған
кемшіліктері үшін қолданылғандықтан, сот актілерін күшінде қалдыруды сұраған.
Кассациялық сот істегі бар дәлелдемелерді зерттеп, сотқа қатысушылардың түсініктерін тыңдап, кассациялық шағымның дәлелдерi шегiнде соттар шығарған сот актiлерiнiң заңдылығын тексерiп, оның уәждерін талқылап, төмендегідей тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әріАПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Істі қарауда соттармен мұндай бұзушылықтарға жол берілмеген.
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі-Кодекс) 1- бабының 1-тармағының 76) тармақшасына, 23-бабының 1-тармағының 5) тармақшасына сәйкес тәртіптік теріс қылық – жұмыскердің өз еңбек міндеттерін құқыққа қарсы, кінәлілікпен орындамауы немесе тиісінше орындамауы, сондай-ақ еңбек тәртібін бұзуы болып табылады.
Жұмыс беруші жұмыскерлерден еңбек, ұжымдық шарттар талаптарының, еңбек тәртіптемесі қағидаларының және жұмыс берушінің басқа да актілерінің орындалуын талап етуге құқылы.
Тараптар арасында даудың туындауына негіз болған істің мән-жайлары шағым берілген сот актілерінде толық баяндалғандықтан, олар осы қаулыда қайталап көрсетуді қажет етпейді.
Н.Н.Джариев 2017 жылғы 15 маусымнан бастап «Облыстық онкологиялық диспансері» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының (бұдан әрі - Диспансер) директоры қызметін атқарған.
Іс құжаттарына қарағанда, Н.Н.Джариевке тәртіптік жаза қолданылуына «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» акционерлік қоғамының мамандарымен 2025 жылғы 31 наурыз және 5 сәуір аралығында жүргізілген тексерудің қорытындысымен анықталған бұзушылықтар негіз болған.
Тексеру қорытындысымен жасалған анықтамамен Н.Н.Джариев танысқан, жауапкерге 2025 жылғы 11 сәуірде жолдаған хатында онда көрсетілген жұмысында орын алған бұзушылықтарды жоққа шығармай, тек жұмыс сапасын арттыру үшін басқарманың осы салаға жауапты орынбасарын ауыстыруды ұсынған.
Анықтамада көрсетілген кемшіліктірдің негізділігі, шынайылығы дауланбаған, олар жоққа шығарылмаған.
«DocumentoIog» электрондық құжат айналымы жүйесімен талап қоюшыға анықталған кемшіліктер бойынша түсінік беру туралы 2025 жылғы 22 сәуірде
№02-38-757, 24 сәуірде №02-38-787 хаттары жолданған, бірақ талап қоюшымен түсінік берілмеген.
2025 жылғы 30 сәуірде жұмыс берушімен Н.Н.Джариевтің түсінік беруден бас тартқаны туралы актісі толтырылып, 8 мамырда тәртіптік жаза қолданылған, бұйрықтың көшірмесі оған 15 мамырда жолданған.
Аталған мән-жайлар іс құжаттарымен расталған және талап қоюшымен оларды жоққа шығаратын АПК-тің 72-бабының талабына сәйкес іске қатысты, жол беруге болатын дәлелдер ұсынылмаған.
«Соттардың еңбек дауларын шешу кезінде заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2024 жылғы 28 қарашадағы № 1 Нормативтік қаулысының 24-тармағында, соттар жұмыскердің тәртіптік теріс қылық жасауына қатысты дауды қараған кезде жұмыскердің жасаған тәртіптік теріс қылығына байланысты тәртіптік жаза түрін (ескерту, сөгіс, қатаң сөгіс, еңбек шартын бұзу) таңдау жұмыс берушінің құқығы болып табылатынын және ол жұмыскер еңбек қатынастарында тұрған жұмыс берушінің құзыретіне жататынын ескеруі керектігі көрсетілген.
Жұмыс берушімен жасалған тәртіптік теріс қылықтың мазмұны мен сипаты, оның жасалуы мән-жайлары, әкелуі мүмкiн келеңсiз зардаптары есепке алына отырып, өз құзыреті шегінде тәртіптік жазаның түрі таңдалған.
Бұл тұрғыда, жұмыскердің жасаған тәртіптік теріс қылығы дәлелденгендіктен және олар онымен жоққа шығарылмағандықтан, соттармен жұмыс берушінің даулы бұйрығын заңсыз деп танудан негізді бас тартылған. Талап қоюшыға тәртіптік жаза қолдануда Кодекстің 65, 66-баптарының талаптары сақталған, заңда жұмыскерден түсінік сұратудың белгілі бір бекітілген жазбаша нысаны көзделмеген. Тәртіптік жаза тәртіптік теріс қылық жасалған күннен бастап алты ай ішінде, ол анықталған күннен бастап бір айдан кешіктірілмей қолданылған.
Жұмыскерге тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрықтың заңда көзделген мерзімнен кеш жолданылуы бұзушылық болып табылады, бірақ өздігінен жұмыс берушінің бұйрығының заңсыздығына әкеп соқтырмайды.
Кассациялық шағымда тексеру қорытындысымен жасалған қол қойылған және қол қойылмаған анықтамалары арасындағы айырмашылықтарға сілтеме жасалған, бірақ оларда көрсетілген ақпаратпен не себептен келіспейтіндігі, қандай негіздерде олардың шындыққа жанаспайтындығы туралы көрсетілмеген. Сондықтан кассациялық шағымның уәждері жоғарыда аталған мәнжайларға байланысты негізсіз болып табылады, оларға сот актілерінде тиісті және дұрыс құқықтық баға берілген.
Тараптың соттың іс құжаттарына және сотта анықталған мән-жайларға негізделген тұжырымдарымен келіспеуі, өздігінен шағым берілген сот актісінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз болып табылмайды.
Осыған орай кассациялық шағым қанағаттандырусыз, сот актілері күшінде қалдырылуға жатады.
АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Ақтау қаласының №2 сотының 2025 жылғы 16 қыркүйектегі шешімі мен Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 желтоқсандағы қаулысы күшінде, талап қоюшы Нурлан Нуратдинович Джариевтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Г.Джаппарова
Судьялар
Н.Ормаханов
А.Есдаулетов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.