Қ А У Л Ы
2025 жылғы 11 желтоқсан №6003-25-00-2к/3069 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында
төрағалық етуші судья К.Р.Айтжанов, судьялар Н.А.Жумагулова, Н.О.Косанов,
талап қоюшы өкілі Ж.Ж.Жуминның, жауапкер Т.С.Урашевтың, аудармашы Р.А.Таласбаеваның қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Министрлік) жауапкер жеке сот орындаушысы Тахир Сансбаевич Урашевты (бұдан әрі - ЖСО) мемлекеттік лицензиядан айыру туралы электрондық форматтағы азаматтық істі жауапкердің Ақтау қаласының №2 сотының 2024 жылғы 20 желтоқсандағы шешімі (бұдан әрі - сот шешімі) мен Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 наурыздағы қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) берген кассациялық шағымымен қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы :
Министрлік аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, оны ЖСО-мен қызмет атқару барысында заң бұзушылықтарға жол берілгенімен негіздеген.
Алқа қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған сот шешімімен талап қою қанағаттандырылып, ЖСО 2017 жылғы 5 қаңтарда берілген мемлекеттік лицензиядан айырылған.
ЖСО кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, талапты қанағаттандырудан бас тарту жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.
Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Мұндай бұзушылықтар іс бойынша орын алмаған.
Соттар «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушылардың мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 2-бабын, 37бабының 4-тармағын, 148-бабының 1-тармағының 2) тармақшасын, 150бабының 1-тармағын дұрыс қолданып, іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасаған.
Анықталғаны, ЖСО 2017 жылғы 5 қаңтардан бастап жеке сот орындаушысы қызметімен айналысу құқығына №3393 лицензиясын алып,
Маңғыстау облысының атқарушылық округінің жеке сот орындаушысы қызметін жүзеге асырған.
Маңғыстау облысының Әділет департаментіне (бұдан әрі - Департамент) 2023 жылғы 27 қарашада өндіріп алушы А.А.Казтуганованың арызы түсіп, ол бойынша жүргізілген тексерудің нәтижесінде ЖСО-мен елеулі заң бұзушылықтарға жол берілгені анықталған.
Атап көрсеткенде, атқарушылық іс жүргізу органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің (бұдан әрі - Жүйе) мәліметіне сәйкес ЖСО-ның 2017 жылғы 23 мамырдағы қаулысымен борышкер К.Т.Бахтияровтан өндіріп алушы А.А.Казтуганованың пайдасына 1/2 мөлшерде алимент өндіру туралы атқарушылық өндірісі қозғалған. ЖСО атқарушылық өндірісті орындау мақсатында Заңмен көзделген бір қатар әрекеттерді жасаған, бірақ олардың кеш жасалуына байланысты борышкерден ақша қаражаттары өндірілмей қалған.
Мысалы, ЖСО Жүйе арқылы борышкердің «Жасулан и Компания» ЖШС-де жұмыс жасайтынын анықтап, 2018 жылғы 27 тамызда оның жалақысына 50% мөлшерінде өндіру жүргізу жөнінде қаулысын жолдаған.
Алайда, «Жасулан и Компания» ЖШС-нің 2024 жылғы 22 қаңтардағы жаубына сәйкес борышкер серіктестікте 2018 жылдың 27 сәуірі мен 13 желтоқсаны аралығында жұмыс жасағаны, яғни ЖСО-ның қаулыны орындау үшін кеш жолдаудың салдарынан борышкердің табыс көзі бола тұра өндіріп алушыға алимент өндірілмегені анықталған.
Одан бөлек, 2018 жылғы 27 тамыздағы ЖСО қаулысы жұмыс берушімен белгісіз себептермен уақытылы орындамалмаған, ЖСО-мен қаулының орындалмау себептері анықталмаған және жұмыс беруші заңмен көзделген жауапкершілікке тартылмай, ЖСО-мен заңды тұлғаның жауапкершіліктен жалтаруына мүмкіншілік берілген.
Бұл ретте ЖСО-мен атқарушылық өндіріс бойынша борышкердің жұмыс орнын анықтау шаралары атқарушылық өндірісі қозғалғаннан кейін бір жылдан астам уақыт ішінде жүргізілген, ал Департаменттің тексеру анықтамасында және сот актілерінде көрсетілген атқарушылық іс-әрекеттер 6 ай өте қолданылған деген соттардың тұжырымы істің мән-жайларына сай келеді.
Сонымен қатар, Департаментпен ЖСО-ның қызметіне жүргізілген жоспарлы бақылау шеңберінде де заң бұзушылықтар анықталған.
Мысалы, борышкер Р.М.Ахмедовтан мемлекет пайдасына 790 170 теңге өндіру туралы 2022 жылғы 20 қазанда қозғалған атқарушылық іс жүргізу бойынша оған қатысты Заңның 33-бабының 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасынан шығуына уақытша шектеу шарасы мүлдем қолданбаған.
Сонымен қатар, ЖСО өзінің өндірісіндегі мемлекет пайдасына барлығы 703 902 теңгені құрайтын 19 атқарушылық іс жүргізулер бойынша да Заңның
32-бабының және 39-бабының нормалары бұзылып, мәжбүрлеп орындату шараларының толықтығы қамтамасыз етілмеген: борышкерлерді Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 669-бабымен әкімшілік жауапкершілікке және Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 430-бабымен қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы ұсыныстар жолданбаған.
Осы тектес заң бұзушылықтар әлеуметтік маңызы бар санаттағы 7 атқарушылық іс жүргізулер бойынша да орын алған және Жүйе арқылы борышкерге қатысты мәліметтер жаңартылмаған, тоқсан сайын берешекті анықтау туралы қаулылар шығарылмаған.
ЖСО борышкер Қ.Чаншаровтан өндіріп алушы Р.Жолдыбаеваның пайдасына алимент өндіру туралы 2023 жылғы 18 наурызда қозғалған атқарушылық іс жүргізу бойынша борышкердің жұмыс орны «Oil Service Company» ЖШС-не оның жалақысынан 50% мөлшерінде өндіру үшін қаулысын 2024 жылғы 18 сәуірде (бір жылдан кейін) жолдаған, ал Жүйдегі мәліметке сәйкес борышкер ол жерде 2023 жылдың қырқүйек айынан бастап жұмыс істеген.
Департамент тарапынан ЖСО тәртіптік жауапкершілікке тарту мақсатында жолданған ұсыныстар Маңғыстау облысының жеке сот орындаушыларының аумақтық палатасымен және Республикалық жеке сот орындаушылар палатасымен қанағаттандырылмаған. Өз кезегінде ЖСО 2024 жылғы 22 сәуірдегі жауап хатымен Департаменттің жоспарлы бақылау қорытындысында көрсетілген кемшіліктердің жойылғанын хабарлаған, алайда бұл мәселеге қатысты дәлелді құжаттар ұсынбаған.
Бұдан басқа, Департаментке 2024 жылғы 20 тамызда азамат В.И.Холюшкинның келіп түскен арызын тексеру барысында ЖСО өндірісінде борышкер В.И.Холюшкиннен 14 000 теңге мөлшерінде өзінің қызмет ақысын өндіру туралы 2024 жылғы 22 шілдедегі қаулысымен қозғалған атқарушылық іс жүргізу болғаны, ЖСО борышкердің «Форте Банк» АҚ-да, «Қазақстан Халық банк» АҚ-да, «Нұр Банк» АҚ-да есеп-шоттарына 2024 жылғы 13 тамызда инкассалық өкімдер қойғаны, инкассалық өкімдер бойынша 2024 жылғы 14 тамызда борышкердің «Қазақстан Халық Банк» АҚ-дағы есепшотынан ЖСО-ның арнайы есеп-шотына 14 000 теңге түскені, алайда ЖСО инкассалық өкімдерді алмағаны, атқарушылық іс жүргізу қысқартылмағаны анықталған.
Аталған атқарушылық іс жүргізудің орындалуы ЖСО-мен тек ғана 2024 жылғы 2 қыркүйектегі қаулысымен азамат В.И.Холюшкинның негізделген арызынан кейін қысқартылған.
Бұл жағдайда соттар ЖСО-ның әрекеттеріне дұрыс құқықтық бағасын берген, себебі ЖСО-мен атқарушылық іс жүргізулерді орындау барысында жүйелі түрде заң бұзушылықтарға жол беріліп, мемлекеттің және жеке
тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделеріне зиян келтіру фактілері орын алған, әлеуметтік маңызы бар санаттағы атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету бойынша заңмен көзделген мерзімдерде шаралар қабылдамай, соның салдарынан кәмелетке толмаған балаларды асырап-бағуға алименттер дер кезінде өндірілмеген.
Аталған мән-жайлар Заңның 144-бабының 2-тармағының 1) және 4) тармақшаларына сай ЖСО-н лицензиясынан айыруға негіз болады.
Істің мұндай тұрғысында, яғни ЖСО өзінің міндеттерін тиісті түрде орындамағанын ескере отырып, талап қою қанағаттандырылуға жатады деген соттардың тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады.
Кассациялық шағым уәждері соттардың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған сот актілерінің күштерінің жойылуына немесе өзгертілуіне әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ.
Сол себепті, сот шешімі мен алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Ақтау қаласының №2 сотының 2024 жылғы 20 желтоқсандағы шешімі мен Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 наурыздағы қаулысы күшінде, жауапкер Тахир Сансбаевич Урашевтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші К.Айтжанов
Судьялар Н.Жумагулова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.