ВС РК - Постановление от 17.12.2024 по делу 6001-24-00-6ап/950 (Административное)

6001-24-00-6ап/950

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 17 желтоқсан Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев,

судьялар – Б.Т.Нажмиденов, Г.К. Нұрбаев,

талап қоюшы Нурлан Абдрасилович Каблановтың жауапкер Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі «Түркістан облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментіне» және оның Келес, Сарыағаш аудандарының біріктірілген бөліміне баянатты қараусыз қалдырып, кері қайтарған әрекетін заңсыз деп тану және тұрғын үй төлемдерін төлеуді міндеттеу туралы талап қою арызы бойынша қабылданған,

Түркістан облысы Сарыағаш аудандық сотының 2023 жылғы 15 тамыздағы шешіміне және Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 10 қаңтардағы қаулысына талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы Н.А.Кабланов сотқа жоғарыда көрсетілген талап қоюмен жүгінген.

Түркістан облысы Сарыағаш аудандық сотының 2023 жылғы 15 тамыздағы шешімімен талап арыз қанағаттандырылудан бас тартылған.

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 10 қаңтардағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшының өкілі М.О.Битемиров кассациялық шағымда іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспей, жергілікті соттардың материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, олардың күшін жоюды және талап арызды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Сотқа қатысушылар немесе олардың өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді, сотқа келмеу себептерін хабарламады.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Сот алқасы, әкімшілік іс материалдарын зерттеп, шағымның уәждерін талқылап, келесі қорытындыға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Жергілікті соттар тарапынан мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Төменгі саты соттары талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдағанда Н.А.Каблановтың мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғынжайды жекешелендіру құқығын іске асырған және меншік құқығында өзіне тиесілі тұрғынжайды соңғы бес жыл ішінде иеліктен шығару мерзімі өтпеген деп тұжырымдаған.

Сот алқасы жергілікті соттардың тұжырымдарымен толық келісіп, олар заңды, әрі негізді қабылданған деп санайды.

Іс құжаттарына қарағанда, Н.А.Кабланов Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш қаласының Қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімінде қызмет етіп, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы бастығының 2022 жылғы 10 тамыздағы № 135 бұйрығымен әскери қызметте болудың шекті жасына толуына байланысты зейнеткерлікке шыққан.

Талап қоюшы 2014 жылғы 5 ақпанда тұрғын үйге мұқтаж адам ретінде есепке алынып, бір реттік тұрғын үй төлемдерін алу үшін 2022 жылғы 20 қазанда Түркістан облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаментіне (бұдан әрі - Департамент) тиісті құжаттарын жолдаған.

Департаменттің 2023 жылғы 25 қаңтардағы хатымен талап қоюшының Түркістан қаласында орналасқан жылжымайтын мүлікті 1993 жылы жекешелендіргені және оны 2022 жылғы 21 қарашада сыйға тартқаны анықталуына байланысты тұрғын үй төлемдерін жүргізуден бас тартылғаны туралы хабарланған.

Әкімшілік іс-құжаттарынан белгілі болғандай, Н.А.Каблановтың меншігінде Түркістан қаласы №1 мөлтек ауданы №23 үй 45 пәтерге ортақ бірлескен түрдегі ½ мөлшердегі жылжымайтын мүлік 1993 жылғы 11 қаңтардағы жекешелендіру шарты негізінде тіркеліп, мемлекеттік тұрғын үй қорынан жекешелендіру құқығы жүзеге асырылған. Аталған жылжымайтын мүлік 2022 жылғы 22 қарашада № 4491 сыйға тарту шартына сай рәсімделіп тіркелген. Яғни, талап қоюшының өзіне қатысты жекешелендірілген жылжымайтын мүлік нысанындағы тұрғынжайды иеліктен шығару мерзіміне бес жыл өтпеген.

Сонымен қатар, Н.А.Каблановқа тұрғын үйді жалдау төлемдері ретінде 2019 жылы 217 476 теңге, 2020 жылы 233 352 теңге, 2021 жылы 278 082 теңге, 2022 жылы 292 572 теңге төленгені анықталған.

Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 101-2-бабы 4-бөлігінің 2), 4) тармақшаларының талаптарына сәйкес, тұрғынжайды купондық тетік арқылы жекешелендіруді жүзеге асыруды қоспағанда, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғынжайды жекешелендіру құқығын іске асырса және Қазақстан Республикасының аумағында меншік құқығында өзіне тиесілі тұрғын жайды соңғы бес жыл ішінде иеліктен шығаруды жүргізсе тұрғын үй төлемдері төленбейтіндігі көзделген.

Істің мұндай тұрғысында төменгі сатыдағы соттармен іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымы дұрыс айқындалған, материалдық заң нормалары дұрыс қолданылған, процестік құқық нормалары бұзылмаған.

АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актілерін өзгертуге немесе олардың күшін жоюға негіз бола алмайды.

Мұндай жағдайда талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Түркістан облысы Сарыағаш аудандық сотының 2023 жылғы 15 тамыздағы шешімі, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 10 қаңтардағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшының өкілі Мухит Оразалиевич Битемировтің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Г.Б. Дуйсенбаев

Судьялар

Б.Т. Нажмиденов

Г.К. Нұрбаев Көшірмесі дұрыс. Судья

Г.Б. Дуйсенбаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.