КСАД РК - Постановление от 15.12.2025 по делу 6003-25-00-4к/1587 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 15 желтоқсан №6003-25-00-4к/1587 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот құрамында:

төрағалық етуші - судья Ә. Назарова,

судьялар М. Қасымов, Д. Нұрлыбаева болып,

талап қоюшының өкілдері Е. Алпысбаевтің, Б. Амированың қатысумен ашық сот отырысында

талап қоюшы жеке кәсіпкер Игілік Жәмилә Ажықабылқызының (бұдан әрі - ЖК Ж.А.Игілік) жауапкер «Шымкент қаласы білім басқармасының «№139 жалпы орта білім беретін мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - №139 мектеп)

2025 жылғы 26 ақпандағы №13651125-ОК1 қорытындылар туралы хаттаманы заңсыз деп танып, күшін жою,

2025 жылғы 11 наурыздағы №14-25 шартты жарамсыз деп тану, конкурс қорытындыларын қайта қарауды міндеттеу туралы талап қоюы бойынша қабылданған

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 8 сәуірдегі шешіміне, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 16 мамырдағы қаулысына талап қоюшының, мұдделі тұлғаның кассациялық шағымдарымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

ЖК Ж.А.Игілік аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, оны өткізілген конкурс қорытындыларының заңсыздығымен негіздеген. Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 8 сәуірдегі шешімімен талап қою қанағаттандырылған.

2025 жылғы 26 ақпандағы №13651125-ОК1 қорытындылар туралы хаттама заңсыз деп танылып, күші жойылған.

  • №139 мектеп пен ЖК Л.Е.Ахметованың арасында жасалған 2025 жылғы

  • 11 наурыздағы №14-25 қызмет көрсету туралы шарт жарамсыз деп танылған.

  • №139 мектеп №13651125-ОК1 конкурстың қорытындыларын қайта

  • қарауға міндеттелген.

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 16 мамырдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Бірақ сот шешімінің уәждеу бөлігінен жауапкердің №104 мектеп бойынша 2022 және 2023 жылдардың шот-фактураларында және сомалар қолдан жасалып, шот-фактуралардың нысанға сәйкес толтырылмағаны, сол жылдардағы жұмыс тәжірибесін жоққа шығаруға болмайды деп жасаған тұжырымы алып тасталған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында бірінші сатыдағы соттың жоғарыда аталған уәжін қалпына келтіру және талап қоюшының өлшемшарттар бойынша жұмыс тәжірибесі бойынша конкурстық комиссиямен неше балл берілуі тиіс екендігіне баға беріп анықтап беруді сұраған.

Мүдделі тұлға ЖК Л.Е.Ахметова кассациялық шағымында Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 8 сәуірдегі шешімінің, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 16 мамырдағы қаулысының күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған.

Мүдделі тұлға «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Шымкент қаласы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Департамент) өкілі істі онлайн түрде мобильді бейнеконференц байланыс арқылы қарауды сұрады.

Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының отырысы осы соттың ғимаратында қарауға тағайындалған болатын. Департамент өкілінің сотқа келмеуі туралы уәжін сот дәлелді деп санамайды. Сотқа қатысушылардың басқа өкілдері сот отырысына келмеді, сотқа келмеу себептерін хабарламады.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Кассациялық сот талап қоюшы өкілдерін тындап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабының 1-бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде (бұдан әрі - АПК) көзделген қағидалармен айқындалады.

АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуы, заңсыз сот актісін шығаруға әкеп соққан жағдайда, сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіз болып табылады.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда №139 мектептің тапсырысымен әрі ұйымдастыруымен №13651125-ОК1 балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуді ұйымдастыру қызметі жөнінде электрондық ашық конкурс өткізілген.

2025 жылғы 26 ақпандағы №13651125-ОК1 қорытындылар туралы хаттамасына сәйкес ЖК Л.Е.Ахметова конкурстың жеңімпазы (18 балл) болып айқындалған, ЖК Г.У.Осанова екінші орын (11 балл), ЖК А.Иманбеков үшінші (8 балл) орын алған, ал талап қоюшы ЖК Ж.А.Игілік анық емес ақпарат беру себебінен конкурстан шеттетілген. Конкурс нәтижесі бойынша жауапкер мен ЖК Л.Е.Ахметованың арасында 2025 жылғы 11 наурыздағы №14-25 қызмет көрсету туралы шарт жасалған.

Конкурс қорытындысымен келіспеген ЖК Ж.А.Игілік жоғарыдағы талап қоюмен сотқа жүгінген.

Кассациялық сот апелляциялық сот алқасының бірінші сатыдағы сот шешімінің уәждеу бөлігінен 2022-2023 жылдардағы №104 мектеп бойынша шот-фактура нысанының сәйкес келмеуі көрсетілген жылдары жұмыс тәжірібесінің болуын жоққа шығара алмайды деген қорытындысымен келіспейді.

Талап қоюшы жұмыс тәжірибесі туралы мәліметтерінде 2018, 2019, 2021, 2022, 2023 жылдарға №104 мектепте және 2024 жылға №58 мектепте қызмет көрсеткендігі жөніндегі мәліметтерді көрсеткен.

Оның ішінде, 2022 және 2023 жылдарда №104 мектепте қызмет көрсеткенін растау үшін келісім шарттар, қызмет көрсету актілерін және шотфактураларды ұсынған, атап айтқанда:

  • 22 820 999,99 теңгеге қызмет көрсету туралы 2022 жылғы 17 қаңтардағы №010140001200/220005/00 шарты, қаңтар, ақпан, наурыз, сәуір, мамыр, қыркүйек, қазан, қараша, желтоқсан айларына қызмет көрсету актілері және электрондық шот-фактуралар;

  • 21 393 990,30 теңгеге қызмет көрсету туралы 2023 жылғы 16 қаңтардағы №010140001200/220005/00 шарты, қаңтар, ақпан, наурыз, сәуір, мамыр, маусым, қыркүйек, қазан, қараша, желтоқсан айларына қызмет көрсету актілері және электрондық шот-фактуралар.

Сотта №104 мектептің өкілі А.Мадиева талап қоюшы аталған шарттар бойынша өз міндеттемелерін уақытылы әрі толығымен орындағанын растап, бухгалтерлік құжаттарын ұсынды.

Бұл жағдайда, тек қана шот-фактуралардың нысанға сәйкес толтырылмауынан, дұрыс емес ақпарат берді деуге және талап қоюшының сол жылдардағы жұмыс тәжірибесін жоққа шығаруға болмайды. Себебі ұсынылған құжаттарға талдау жасаған кезде бұл құжаттар күмән тудырмайтыны анықталды, шарттар мен көрсетілген қызметтердің сомалары бірдей.

Шот-фактураларда негізгі келісімшарт нөмірінің орнына қосымша келісім нөмірі көрсетілгенін конкурстық комиссия салыстыру және талдау арқылы тексеруге тиіс болған.

Сондықтан, бірінші сатыдағы сот жауапкердің №104 мектеп бойынша 2022 және 2023 жылдардың шот-фактураларында және сомалар қолдан жасалған, яғни дұрыс емес ақпарат берді деген себеппен талап қоюшыны конкурстан шеттеткені дұрыс емес деп санаған. ЖК Ж.А. Игіліктің өтініші қабылданбағаны негізсіз, көрсетілген кезеңдегі жұмыс тәжірибесі қабылдануға тиіс болатын.

Кассациялық сот бірінші сатыдағы соттың осы тұжырымымен келіседі, себебі бұл іс материалдарына және анықталған мән-жайларға сәйкес келеді. Жергілікті соттардың қорытындысының қалған бөлігі заңды және негізді. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы № 598 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында, мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдарында білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру, сондай-ақ мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуге байланысты тауарларды сатып алу қағидаларының (бұдан әрі - Қағидалар) 64-тармағына сәйкес конкурстық комиссия конкурс қорытындылары туралы хаттаманы қалыптастыру кезінде конкурсқа қатысуға бір өтінім берілген жағдайларды қоспағанда, конкурсқа қатысуға өтінім берген әрбір әлеуетті өнім берушіге қатысты Үлгілік конкурстық құжаттамаға 7, 8-қосымшалардағы өлшемшарттарға сәйкес балл қояды.

Қағидалардың 7-қосымшасының ескертпесінде 3-тармақ бойынша жұмыс өтілі болған кезде қызметкердің еңбек өтілін растайтын құжат аударылған міндетті зейнетақы жарналары туралы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖСҚ) үзінді көшірменің немесе жүргізілген әлеуметтік аударымдар туралы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан алынған мәліметтердің электрондық көшірмесі және Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 35 бабының 1), 2), 3), 4), 5) және 8) тармақшаларында көзделген құжаттардың бірі болып табылады. Бұл ретте қызметкердің еңбек өтілі соңғы бес жылда ескеріледі.

ЖК Л.Е.Ахметова біліктігі туралы мәліметтерде аспаздар - Б.Нарметова, Ә.Манапов, Ш. Назарбаева, М. Ишматова жайлы мәлімдеген.

Алайда, олардың жұмыс өтілін растау үшін ұсынылған бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан үзіндіге қарағанда ол жұмысшыларға 2024 жылға төленетін зейнетақы жарналарын бір мезгілде 2025 жылғы 23, 27 қаңтарда аударған.

Жергілікті соттар №13651125-OK1 конкурс қорытындыларын заңсыз деп танып, күшін жойған кезде ЖК Л.Е. Ахметова конкурсқа қатысуға өтінім берген күні қажетті еңбек ресурстары болмаған деген қорытындыға келгені негізді, себебі ол ұсынған еңбек шарттары зейнетақы жарналарымен расталмайды. Жауапкер ЖК Л.Е. Ахметова ұсынған құжаттарға еңбек ресурстарының болуын растау тұрғысынан тиісті баға берілмеген. №139 мектеп үшін балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуді ұйымдастыру бойынша қызметтер көрсетуге қатысты конкурс қорытындысын шығарған кезде конкурстық комиссия құжаттаманың мазмұндық бөлігіне талдау жасамай және берілген ақпараттың дұрыстығын анықтамай, құжаттардың болу фактісімен ғана шектелген.

Жоғарыда баяндалған мән-жайлардың негізінде кассациялық сот жершілікті соттардың дауланып отырған конкурс қорытындыларының күшін жою туралы сот актілерімен келіседі.

Сонымен қатар, мемлекеттік сатып алу бойынша конкурс жеңімпазын анықтау және ұпайларын есептеу заңнамада конкурстық комиссияның құзыретіне жататыны көзделген.

Осыған байланысты талап қоюшының кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылуға, ал мүдделі тұлғаның кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады. ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 8 сәуірдегі шешімі, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 16 мамырдағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшының кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылсын. Мұдделі тұлғаның кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Ә. Назарова

Судьялар

М. Қасымов Д. Нұрлыбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.