ҚАУЛЫ
2025 жылғы 15 қазан № 6399-2500-4а/1980 іс Астана қаласы
Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соттың құрамында:
төрағалық етуші - судья Е.Б. Тулеев, судьялар - Р.М. Айнакулова, Н.М. Кабдрахманова,
талап қоюшының өкілі Н.А. Муратов, жауапкерлердің өкілі Н.Б. Жумсайтовтың қатысуларымен,
ашық сот отырысында жеке кәсіпкер Темірлан Қайратұлы Қайратовтың Атырау облысының әкіміне, «Атырау облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы» мемлекеттік мекемесіне 2024 жылғы 5 желтоқсандағы №32 хаттамасының «Қайратов» ЖК-не қатысты мүліктік шығынын өтеуден бас тарту туралы шешімін заңсыз деп тану туралы талап қоюы бойынша Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 16 сәуірдегі ұйғарымына, Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 2 маусымдағы ұйғарымына талап қоюшының өкілі Н.А. Муратовтың кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жеке кәсіпкер Т.Қ. Қайратов жоғарыда көрсетелген әімшілік талап қоюмен сотқа жүгінген.
Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 16 сәуірдегі ұйғарымымен жеке кәсіпкер Т.Қ. Қайратовтың әкімшілік талап қоюы Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдікпроцестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 138-бабы екінші бөлігінің 15) тармақшасына сәйкес сот талап қоюды беруге өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіруден бас тартуына байланысты қайтарылған.
Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 2 маусымдағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшының өкілі Н.А. Муратов кассациялық шағымында процессуалдық нормалар бұзылғанын көрсетіп, соттан аталған ұйғарымның күшін жоюды сұрады.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады. Істі қарағанда мұндай кемшіліктер орын алмаған.
ӘРПК-нің 1- бабының үшінші бөлігіне сәйкес әкімшілік сот ісін жүргізуде АПК-нің ережелері қолданылады.
ӘРПК-те әкімшілік рәсімдік-процестік заңның уақыт тұрғысынан қолданылуы туралы ережелер болмағандықтан АПК-нің нормалары қолданылуға жатады.
ӘРПК-нің 136-бабының бірінші бөлігіне сәйкес дау айту туралы, мәжбүрлеу туралы талап қоюлар шағымды қарайтын органның шағымды қарау нәтижелері бойынша шешімі табыс етілген күннен бастап бір ай ішінде сотқа беріледі; егер заңда сотқа дейінгі тәртіп көзделмеген немесе шағымды қарайтын орган болмаса, талап қою әкімшілік акт табыс етілген күннен бастап немесе осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен назарына жеткізілген кезден бастап бір ай ішінде беріледі.
Талап қоюшы 2024 жылғы 27 қарашада Атырау облысы әкіміне су тасқынына байланысты өзінің мүліктік шығындарын өтеу туралы тиісті өтінішпен бірыңғай «Е Өтініш» платформасы арқылы жүгінген. Комиссияның 2024 жылғы 5 желтоқсандағы санды №32 хаттамасымен Қазақстан Республикасы Премьер –Министрінің орынбасары-Ұлттық экономика министірінің 2024 жылғы 22 сәуірдегі №18 бұйрығының 15тармағына сәйкес Махамбет ауданы, Есбол ауылдық округі, 126 учаскесі мекен-жайында орналасқан ғимаратқа «Zigmund» ЖШС-гі жасақталған ақаулық актісіндегі жұмыстардың сәйкестігін қайта қарап, қосымша зерделеу жұмыстарын ұйымдастыру Махамбет аудандық комиссияға тапсырылуына байланысты, кәсіпкердің 15 611 144 теңге көлеміндегі залал сомасын мақұлдаудан бас тартылған.
2024 жылғы 6 желтоқсанда талап қоюшының өтінішіне жауап хат дауланған хаттамамен бірге жолданған.
«Е Өтініш» платформасында талап қоюшы хаттамамен 2024 жылғы 9 желтоқсанда танысқаны анықталады.
Алайда талап қоюшы сотқа талап қоюды 2025 жылғы 17 наурызда берген, заңда белгіленген бірайлық мерзімді өткізіп, сотқа 2 ай 8 күннен кейін жүгінген.
АПК-нің 126-бабының екінші бөлігіне сәйкес егер осы Кодексте белгіленген мерзімдерді өткізіп алу себептерін сот дәлелді деп таныса, сот оларды қалпына келтіруі мүмкін.
Талап қоюшы мерзімді өткізіп алуының негізі ретінде Махамбет аудандық комиссиясымен қосымша зерделеу жұмыстарын ұйымдастыру жасалмағанын және денсаулығына байланысты мерзімінде сотқа жүгіне алмағанын көрсеткен.
Алайда талап қоюшы даулы хаттаманың 12-бөлігіндегі ЖК «Қайратов» мүліктік залал 93 083 000 теңгені мақұлдаудан бас тарту туралы хаттамамен келіспей, 2025 жылғы 16 қаңтарда сотқа жүгінген және Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 12 наурыздағы сот шешімімен талап қоюы қанағаттандырылған.
Сонымен қатар талап қоюшымен берілген ауру тарихынан үзіндіден, оның 2024 жылдың 15-нен 22-сі қазаны аралығында стационарлық емдеуде болғаны көрінеді.
Шағымның талап қоюшы бала кезінен ауыр дертке шалдыққаны туралы уәждері негіссіз, себебі ол өз ауыруына қарамастан кәсіпкерлікпен айналысады, белгілі бір мағынада бұл ауру ол үшін қалыпты жағдай болып табылады.
Егер Кодекстің 136-бабының сегізінші бөлігіне сәйкес сотқа талап қоюды беруге арналған мерзімді дәлелді себепсіз өткізіп алса не сот талап қоюды беруге өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіруден бас тартса, сот талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады (ӘРПК-нің 136-бабы екінші бөлігінің 15) тармағы).
Осылайша, жеке кәсіпкер Т.Қ. Қайратов талап қоюды сотқа беруге арналған мерзімді дәлелді себепсіз өткізіп алған, ол мерзімді қалпына келтіруге дәлелді себеп жоқ, сондықтан соттардың әкімшілік талап қоюды қайтару туралы қорытындысы дұрыс
Мұндай жағдайда кассациялық сатыдағы сот жергілікті соттардың шешімі заңды әрі негізді деген тұжырымға келді.
ӘРПК-ның 169-бабы, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Осы іс бойынша Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 16 сәуірдегі ұйғарымы, Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 2 маусымдағы ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылсын. Талап қоюшының өкілі Н.А. Муратовтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Е. Нуралиев
Р. Айнакулова
Судьялар
Н. Кабдрахманова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.