6001-22-00-6ап/1725
Қ А У Л Ы
2023 жылғы 20 наурыз Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші Н.Ү.Қайыпжан,
судьялар Д.А.Токмурзина, Ж.Б.Ермағамбетова болып,
талап қоюшы К[...] қатысуымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында бейне-дыбыс жазу құралдарын қолдану арқылы талап қоюшы К[...] жауапкер «Ақтөбе облысының еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасы» мемлекеттік мекемесінің 2016 жылғы 21 қаңтардағы актісін жарамсыз деп тану, 2021 жылғы 2 сәуірдегі арызды қайта қарауды міндеттеу туралы әкімшілік ісі бойынша Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 5 шілдедегі және Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 9 тамызындағы ұйғарымдарына талап қоюшының берген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы К[...] сотқа «Ақтөбе облысының еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасы» мемлекеттік мекемесінің 2016 жылғы 21 қаңтардағы актісін жарамсыз деп тану, 2021 жылғы 2 сәуірдегі арызды қайта қарауды міндеттеу туралы талап арызымен жүгінген. Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 5 шілдедегі ұйғарымымен талап арызы қайтарылған.
Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 9 тамызындағы ұйғарымымен талап арызды кері қайтару туралы ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында арызды қайтару туралы ұйғарымының күшін жойып, талап арызды қанағаттандыруын сұраған.
Талап қоюшының кассациялық шағымның уәждерін қолдаған түсінігін, іс құжаттарын зерделеп, қассациялық сот алқасы төмендегі негіздерге байланысты дау айтылған сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындыға келді.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процесстік кодексінің (әрі қарай - ӘРПК) 169-бабының 1-бөлігіне сәйкес кассациялық шағым Қазақстан - Республикасы Азаматтық процесстік кодексінің (әрі қарай АПК) ережелерімен белгіленеді. Іс материалдарына сәйкес «Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасы» ММ - нің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Медициналық жедел жәрдем ауруханасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорында 2016 жылдың 21 қаңтарында «Ақтөбе облысының еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасы» мемлекеттік мекемесінде жоспардан тыс тексеру тағайындалған, тексеру актісіне сай К[...] нақты жұмыс уақытының есебін жүргізу табеліне сәйкес еңбек ақысы толық төленген, жұмыс берушінің тарапынан заң бұзушылық анықталмағандығы көрсетілген. К[...] «Ақтөбе облысының еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасы» ММ-нің тексеріс құжаттарымен таныстырылып, заңды түсіндірме бергендігі туралы 2019 жылғы 7 қазандағы Ақтөбе қаласы Астана ауданы прокуратурасының хатымен анықталған. 2021 жылғы 30 қарашадағы Ақтөбе қалалық сотының шешімімен талап қоюшы К[...] жауапкерлер Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясы қызметкерлері М[...], И[...], З[...], «Ақтөбе облыстық жедел жәрдем ауруханасы қызметкерлері К[...], Х[...] моральдық залалды өндіру туралы талап арызы қанағаттандырусыз қалдырылған. Аталған соттың шешімімен «Ақтөбе облысының еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасы» ММ-нің тексеріс қорытындысымен келіспеген К[...] Қазақстан Республикасының еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне, Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігінің Ақтөбе облысы бойынша Департаментіне арызданғандығы анықталған. Сонымен қатар, талап қоюшы тексеріс нәтижесімен танысқандығын 2019 жылдың 7 қазанындағы Қазақстан Республикасының еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің хаты растайды.
Тексеріс нәтижесімен келіспеген талап қоюшы 2021 жылғы 2 сәуірде «Ақтөбе облысының еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасы» мемлекеттік мекемесіне өтініш жолдап, онда шешім қабылдап, тексеріс тағайындауды талап еткен.
Алайда, 2021 жылғы 16 сәуірдегі «Ақтөбе облысының еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасы» мемлекеттік мекемесінің хатына сай, «Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасы» мемелекеттік мекемесінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Медициналық жедел жәрдем ауруханасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорында К[...] 2015 жылы 14 желтоқсандағы арызы негізінде мемлекеттік инспекторы жоспардан тыс тексеру жүргізгендіктен өтінішті қарау тоқтатылған.
Жоғарыда көрсетілгеннің негізінде, сот алқасы талап қоюшы сотқа процестік мерзімді өткізіп алу себептерінің дәлелділігін растайтын қандай да бір дәлелдемелерді ұсынбағандықтан, К[...] талап қоюды беруге өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіру туралы арызы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады деген соттардың тұжырымын дұрыс деп есептеп, ӘРПК-тің 138-бабының 2-бөлігінің 15) тармақшасына сәйкес қайтарылғаны негізді деп санайды.
Жергілікті соттар талап қоюды осы негізі бойынша заңды түрде қайтарған, шағымданған сот ұйғарымдары өзгеріссіз, талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырылусыз қалдырылуға жатады.
Сондықтан ұйғарымдардың күшін жоюға, кассациялық шағымды қанағаттандыруға негіздер жоқ.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің 169бабының 1-бөлігінің, АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Осы әкімшілік іс бойынша қабылданған Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 5 шілдедегі, Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 9 тамыздағы ұйғарымдары күшінде қалдырылсын. Талап қоюшы К[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Н. Қайыпжан Судьялар Д. Токмурзина
Д. Токмурзина Ж. Ермағамбетова
Көшірмесі дұрыс Судья Ж. Ермағамбетова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.