КСАД РК - Постановление от 05.05.2026 по делу 6003-26-00-4к/644 (Административное)

ҚАУЛЫ

2026 жылғы 5 мамыр №6003-26-00-4к/644 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші судья - Д.Ә. Әбдіғалиев, судьялар - М.А. Қасымов, Г.М. Ыдырысова,

талап қоюшының Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 29 шілдедегі ұйғарымына және Шымкент қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 8 қыркүйектегі ұйғарымына кассациялық шағымы бойынша келіп түскен,

«Н[...]» өндірістік кооперативінің «Шымкент қаласының жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесіне жерге орналастыру жобасын бекіту туралы 2022 жылғы 9 наурыздағы бұйрықты заңсыз деп тану туралы талап қоюы бойынша әкімшілік істі ашық сот отырысында қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған әкімшілік талап қоюмен сотқа жүгінді. Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 29 шілдедегі ұйғарымымен талап қоюды берудің өткізіп алған процестік мерзімін қалпына келтіру туралы өтінішхатты қанағаттандырудан бас тартылып, талап қою қайтарылды.

Шымкент қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 8 қыркүйектегі ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылды.

Талап қоюшы кассациялық шағымында процестік құқық нормаларының бұзылғанын көрсете отырып, сот актілерін, істі мәні бойынша қарау үшін бірінші сатыдағы сотқа жіберуді сұрады.

Талап қоюшы мен жауапкерден оларды бейнеконференцбайланыс режимінде сот отырысына қосу туралы өтінішхаттар келіп түсті.

Бұл өтінішхаттар қанағаттандырылуға жатпайды, өйткені сот отырысы Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот ғимаратына олардың міндетті түрде келуімен қаралатыны тағайындалған, бұл туралы процеске барлық қатысушылар алдын ала хабардар етілген. Көрсетілген мән-жай кассациялық сатыдағы сотта сот отырысын өткізу форматын өзгерту үшін негіз болып табылмайды.

Алдыңғы сатыдағы соттарға қатысқан, сот отырысының күні, уақыты және форматы туралы тиісінше хабардар етілген өзге де адамдар оған келмеген, келмеу себептері туралы сотқа хабарламаған.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік - процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске

қатысатын адамдардың келмеуі олар тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Кассациялық шағымның дәлелдерін талқылап, істің материалдарын зерттегеннен кейін кассациялық сот мынадай түйінге келді.

ӘРПК-нің 169-бабы бірінші бөлігінің талаптарына сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларымен айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы АПК-нің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Соттар мұндай бұзушылықтарға жол бермеген.

ӘРПК-нің 136-бабының бірінші бөлігіне сәйкес дау айту туралы, мәжбүрлеу туралы талап қоюлар шағымды қарайтын органның шағымды қарау нәтижелері бойынша шешімі табыс етілген күннен бастап бір ай ішінде сотқа беріледі.

Егер заңда сотқа дейінгі тәртіп көзделмеген немесе шағымды қарайтын орган болмаса, талап қою әкімшілік акт табыс етілген күннен бастап немесе осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен назарына жеткізілген кезден бастап бір ай ішінде беріледі.

ӘРПК-нің 136-бабының жетінші бөлігіне сәйкес Дәлелді себеппен өткізіп алынған талап қоюды беруге арналған мерзімді сот АПК-нің қағидалары бойынша қалпына келтіруі мүмкін. Талап қоюды сотқа беруге арналған мерзімдерді өткізіп алу себептері мен олардың мәнін әкімшілік істің дұрыс шешілуі үшін сот алдын ала тыңдауда анықтайды.

АПК-нің 126-бабының екінші бөлігіне сәйкес, егер осы Кодексте белгіленген мерзімдерді өткізіп алу себептерін сот дәлелді деп таныса, сот оларды қалпына келтіруі мүмкін.

Іс материалдары бойынша Шымкент қаласы әкімдігінің 2004 жылғы 9 желтоқсандағы қаулысымен талап қоюшыға уақытша жер пайдалану құқығымен ауыл шаруашылығы өнімін өндіру үшін «Ақжар» ауылы ауданында көлемі 21,48 га екі жер учаскесі берілген.

Мемлекеттік актілер ресімделді, үлгілік шарттар жасалды, жер учаскелеріне құқық 2005 жылғы 5 қаңтарда тіркелді.

2022 жылғы 19 қыркүйекте жер шекараларын айқындау кезінде талап қоюшының жер учаскелерінің «А[...]» ӨК-нің жер учаскесімен қабаттасуы анықталған.

Төменгі тұрған соттар талап қоюшы сотқа жүгіну мерзімін өткізіп алғаны жөніндегі түйінге келді.

Кассациялық сот соттардың көрсетілген түйінімен мыналарға байланысты келіседі.

Дау айтылған бұйрық 2022 жылға 9 наурызда қабылданды. Бұл ретте 2022 жылы талап қоюшының өтінішхаты бойынша дала жұмыстарын жүргізу кезінде жер учаскелері шекараларының қабаттасуы анықталды.

Бұдан басқа «Н[...]» ӨК-нің жер учаскелерінің қабаттасуына байланысты «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының әрекеттеріне дау айту туралы талап қоюы бойынша басқа әкімшілік істің шеңберінде де талап қоюшыға жер учаскелері бойынша даудың және жерге орналастыру жобасының бар екендігі белгілі болған. Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 20 маусымдағы шешімімен талап қоюшының талап қоюын қанағаттандырудан бас тартылды.

Осылайша соттардың талап қоюшы сотқа жүгінудің заңда белгіленген мерзімді өткізіп алды деген түйіні дұрыс.

Кассациялық шағымның даулы құқықтық қатынастарға талап қоюдың ескіру мерзімі қолданылмайды деген дәлелдері құқық нормаларын дұрыс түсіндірмеуге негізделген.

Арыз берушінің Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 187бабына сілтеме жасай алмайды, өйткені аталған норма азаматтық - құқықтық талаптар бойынша талап қоюдың ескіру мәселелерін реттейді, ал осы істе әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен әкімшілік дау айтылған, оған ӘРПК-нің 136-бабында белгіленген арнайы мерзімдер қолданылады.

Сонымен қатар мерзімді өткізіп алуына қарамастан, соттар дауды мәні бойынша қарауы керек деген дәлелдер де негізсіз. Өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіру соттың міндеті емес, құқығы болып табылады.

Соттар мерзімді қалпына келтірудің дәлелді себептері жоқтығы туралы негізді түйін жасаған.

Төмен тұрған соттардың іс бойынша мән-жайларды дұрыс анықтауына, процестік құқықтың дұрыс қолдануына, кассациялық сот дау айтылған сот актілерінің күшін жоюға негіз таппады. Кассациялық шағым қанағаттандыруға жатпайды.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

осы іс бойынша Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 29 шілдедегі ұйғарымы және Шымкент қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 8 қыркүйектегі ұйғарымы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы «Н[...]» өндірістік кооперативінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші-судья Д. Әбдіғалиев

Судьялар М. Қасымов

Г. Ыдырысова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.