Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 16.04.2026 по делу 6003-26-00-2к/383 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 16 сәуір №6003-26-00-2к/383 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында төрағалық етуші судья Г.Б.Бастаубаев, судьялар М.Т.Кадырова, Н.О.Косанов,

талап қоюшы өкілі К.Қ.Үмбетовтың, жауапкер өкілі М.А.Нурасылдың, үшінші тұлға өкілі А.М.Махмутовтың қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы (бұдан әрі - Корпорация) жауапкер дара кәсіпкер Дулат Сырымович Ергалиевке (бұдан әрі - Кәсіпкер) кен орнындағы карьердің барлық учаскелерінде бүлінген жерлерді қалпына келтіру жобасын дайындауды және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуді міндеттеу туралы азаматтық істі Кәсіпкердің Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының (бұдан әрі - МАЭС) 2025 жылғы 8 сәуірдегі шешімі мен Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 шілдедегі қаулысына берген кассациялық шағымымен қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы :

Корпорация сотқа аталған талап қоюмен жүгініп, оны Кәсіпкер міндеттемелерін орындамағанымен негіздеген.

Апелляциялық сот алқасының қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған сот шешімімен талап қою қанағаттандырылып, Кәсіпкерге Атырау облысы Исатай ауданында орналасқан «Западный Аққыстау» кен орнындағы карьердің барлық учаскелерінде бүлінген жерлерді қалпына келтіру жобасын дайындау және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу міндеттелген және Корпорацияның пайдасына 1 846 теңге мемлекеттік баж өндірілген.

Кәсіпкер кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, талапты қанағаттандырудан бас тарту жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін зерделеп, төмендегі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Мұндай бұзушылықтар іс бойынша орын алмаған.

Жергілікті соттар «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасы кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 39-бабының 2-бөлігін, 54-бабының 1-бөлігін дұрыс қолданып, іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын

материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасаған.

Анықталғаны, 2022 жылғы 3 мамырда тараптар арасында Атырау облысы Исатай ауданында орналасқан «Западный Аққыстау» кен орнындағы сазды жыныстарды сату-сатып алу туралы №14 шарт (бұдан әрі - шарт) жасалған.

Кәсіпкердің 2022 жылғы 25 мамырдағы шығыс №5, 2022 жылғы 27 маусымдағы шығыс №6, 2022 жылғы 25 тамыздағы шығыс №8 хаттарына сай, соңғысы аталған кен орнынан 30 654м³, 5 000м³, 10 000м³, барлығы барлығы 45 654м³ сазды жыныстарды кен орнынан шығарғаны туралы хабарлаған.

Атырау облысы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының 2022 жылғы 4 мамырдағы №30-н бұйрығымен Корпорациямен жасалған таралған райдалы қазбаларды өндіру жөніндегі 2016 жылғы 22 шілдедегі №324/2016 жылғы шарттың қолданылуы біржақты тәртіппен бұзылған.

Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 4 шілдедегі қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған МАЭС-ның 2023 жылғы 25 сәуірдегі шешімімен Корпорацияның аталған 2022 жылғы 4 мамырдағы №30-н бұйрығын заңсыз деп тану жөніндегі талап қоюы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Шарттың 2.3.10-тармағына сай Кәсіпкер карьердің барлық бөлінген учаскелерінде бүлінген жерлерді қалпына келтіру жобасын дайындауға және қалпына келтіруді жүргізуге міндеттенген, яғни ол қазба жұмыстарын тек бүлінген жерді қалпына келтіру жобасын дайындаған соң ғана жүргізуге құқылы болған.

Бұл шарт талаптары Кодекстің 54-бабының 1-бөлігіне сәйкес келеді.

Алайда, Кәсіпкер өзіне шартпен жүктелген міндеттерді тиісті түрде орындамай, қазба жұмыстарын бүлінген жерлерді қалпына келтіру жобасын дайындамай жүргізген және жер қойынауын пайдаланушы ретінде жер учаскесін қалпына келтіру жұмыстарын жүргізбеген, сотта Кәсіпкер аталған мән-жайлардыды жоққа шығармаған.

Соттар шарттың жарамсыз деп танылғанына немесе бұзылғанына қарамастан, өндіру учаскесінде жер қойнауын пайдаланушы заңда көзделген мерзімде өндіру жөніндегі операциялар салдарын жоюға, өндіру жүргізілген жер қойнауын қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге міндетті деген дұрыс қорытындыға келген.

Кәсіпкердің уәждері сот отырыстарында өз дәлелін тапқан жоқ және Корпорацияның дәлелдерін жоққа шығаратын мән-жайлар анықталмады, тиісінше АПК-нің 72-бабына сәйкес тараптар өз уәждерін дәлелдеуге міндетті.

Істің мұндай тұрғысында, Кәсіпкер өзінің міндеттемелерін тиісті түрде орындамағанын ескере отырып, талап қою қанағаттандырылуға жатады деген жергілікті соттардың тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады.

Кассациялық шағым уәждері соттардың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған сот актілерінің күштерінің жойылуына немесе өзгертілуіне әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ.

Сол себепті, сот шешімі мен алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 8 сәуірдегі шешімі мен Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 шілдедегі қаулысы күшінде, жауапкер дара кәсіпкер Дулат Сырымович Ергалиевтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Г.Бастаубаев

Судьялар М.Кадырова

Н.Косанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.