ҚАУЛЫ
2023 жылғы 20 шілде 6001-23-00-6ап/17 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов, судьялар – Ғ.Ө. Әлжанов, Ш.Т. Даниярова болып,
талап қоюшының өкілі Ш[...],
жауапкер Шу ауданы әкімінің өкілі Д[...],
мүдделі тұлға К[...] өкілі Ж[...]
қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы О[...] жауапкер «Шу ауданы әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне дүкен мен көлік жуу құрылыс нысандарын пайдалануға қабылдау актісін есепке алу әрекетін заңсыз деп танып, күшін жою және жауапкер Шу ауданы әкіміне 2018 жылғы 11 маусым № 191 қаулысын заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімішілік сотының 2022 жылғы 7 маусымдағы шешіміне, Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 20 қыркүйектегі қаулысына мүдделі тұлға К[...] келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюлармен сотқа жүгінген.
Жамбыл облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 7 маусымдағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.
Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 20 қыркүйектегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.
Мүдделі тұлған К[...] кассациялық шағымында шешім және қаулымен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды сұраған.
Жауапкер «Шу ауданы әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі істі мобильді видеоконференцбайланыс арқылы қарауды сұраған.
Сот алқасының отырысы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында қарауға тағайындалған болатын. Талап қоюшының сотқа келмеуі туралы уәжін сот дәлелді деп санамайды. Басқа мүдделі тұлғалар немесе олардың өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді. Сотқа келмеу себептерін хабарламады.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Мүдделі тұлға өкілінің кассациялық шағымды қолдаған, талап қоюшы мен жауапкер өкілдерінің кассациялық шағыммен келіспеген пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, талап қоюшыға тиесілі Шу ауданы, Шу қаласы, С[...] көшесі, 37В мекенжай бойынша орналасқан 480,0 шаршы метр жер учаскесі 2008 жылдың 22 шілдеде қайтыс болған баласы О[...] 2007 жылғы 15 қаңтардағы Шу қаласы әкімінің қаулысымен автобус аялдама кешені және дүкен құрылысын жүргізу үшін берілген.
2021 жылғы 3 тамызда мұрагерлiкке заң бойынша құқық туралы куәлiгіне сай талап қоюшы О[...] осы жер учаскесіне меншік құқығы тіркелген.
А[...] Е[...] Шу ауданы әкімдігінің 2018 жылғы 11 маусымдағы қаулысымен Шу ауданы, Шу қаласы, [...] жер телімінде кәсіпкерлік ғимаратқа қызмет көрсету үшін жалпы алаңы 0,1000 га жер учаскесіне жеке меншік құқығы берілген.
2021 жылдың 30 наурыздағы сатып алу – сату келісімі бойынша К[...] Е[...] осы жер учаскесін сатып алған.
2021 жылғы 28 шілдедегі объектіні пайдалануға қабылдау актісіне сай аталған жер учаскесінде дүкен және көлік жуу бекеті салынған.
Талап қоюшы Е[...] жер учаскесі оның жер учаскесіне қабаттаса берілгенін көрсетіп жоғарыдағы талаптармен сотқа жүгінген.
Жергілікті соттар талап қоюларды қанағаттандырғанда сот отырысы барысында жасалынған зерделеу актісінен және оған тіркелген сызбасынан О[...] тиесілі жер учаскесіне К[...] жер учаскесі 220,8 шаршы метрге қабаттастырып заңсыз берілгенімен және К[...] салынған құрылыс 42 шаршы метрге О[...] жер учаскесінде орналасқандығын ескерген.
Істің басқа да егжей-тегжейлі мән-жайлары, соттардың негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.
АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актілерін қайта қарауға негіз бола алмайды.
ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімішілік сотының 2022 жылғы 7 маусымдағы шешімі, Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 20 қыркүйектегі қаулысы күшінде қалдырылсын. Мүдделі тұлға К[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
С. Баймаханов
Судьялар
Ғ. Әлжанов
Ш. Даниярова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.