6КП-2-23
ҚАУЛЫ
2023 жылғы 19 қаңтар Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші - судья Б.Б. Шермұхаметов, судьялар А.С. Стыбаев, Е.М.Маукен, прокурор Т[...],
әкімшілік жауапқа тартылған тұлға Т[...] адвокаты М[...],
Ақтөбе облысы бойынша мемлекеттік кірістер Департаментінің өкілдері И[...], Қ[...] қатысуларымен,
Кассациялық ашық сот отырысында видеоконференц байланысы арқылы Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 275-бабының 5-бөлігі бойынша әкімшілік жауапқа тартылған Т[...] қатысты,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасы төрағасының Ақтөбе қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2022 жылғы 8 шілдедегі қаулысына келтірген ұсынысын қарап,
АНЫҚТАДЫ :
Ақтөбе облысы, [...] мемлекеттік кірістер баскармасының (бұдан әрі - Басқарма) басшысы С[...] 2022 жылғы 18 сәуірдегі қаулысымен Т[...] ӘҚБтК-нің 275бабының 5-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 750 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде(бұдан әрі-АЕК) 2 297 250 теңге айыппұл салынған.
Ақтөбе облысы, [...] прокурорының наразылығымен Ақтөбе облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің (бұдан әрі - Департамент) 2022 жылғы 16 мамырдағы қаулысымен Ырғыз аудандық мемлекеттік кірістер Басқармасының қаулысы өзгертіліп, Т[...] 41 419 950 теңге айыппұл салынған.
Ақтөбе каласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Т[...] келтірген шағым арызымен Департаменттің 2022 жылдың 16 мамырдағы қаулысын өзгертіп, 2022 жылғы 8 шілдедегі қаулысымен Т[...] ӘҚБтК-нің 275-бабының 5-бөлігімен кінәлі деп танып, оған 21 668 833 теңге айыппұл салған.
Әкімшілік іс апелляциялық сатыда қаралмаған. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасы төрағасының ұсынысында Ақтөбе қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2022 жылғы 8 шілдедегі қаулысы соттардың құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануындағы бірізділікті бұзатын негіздер бойынша күші жойылуға жатады деп, әкімшілік істі жаңа сот қарауына бірінші сатыдағы сотқа қайта қарауға жіберуді сұраған.
Алқа, өтінішхатты қолдаған Ақтөбе облысы бойынша мемлекеттік кірістер Департаментінің өкілдерін және прокурордың пікірін, әкімшілік жауапқа тартылған тұлға Т[...] адвокаты М[...] өтінішхатқа қарсы пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, өтінішхат уәждерін талқылап, сот қаулысының күші жойылуға, әкімшілік іс төменде келтірілген негіздермен қайтадан жаңа сот қарауына жіберілуге жатады деп есептейді. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 851 бабы 5 бөлігінің 3) тармағында әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша қаулыларды кассациялық тәртіппен қайта қарауға қабылданған қаулы соттардың, уәкілетті органдардың (лауазымды адамдардың) құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзатын жағдайлар негіздер болып табылады деп көрсетілген.
Қаралып отырған әкімшілік іс бойынша аталған негіздер орын алған.
Қазақстан Республикасының «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 82бабының 2-бөлімі талаптарына сай, егер ҚҚС бойынша тіркеу есебіне қою мақсаттары үшін айналымның мөлшері күнтізбелік жыл ішінде ең төмен айналымнан асып кеткен жағдайда, осы баптың 1-тармағында аталған, қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне коюға жататын тұлғалар орналасқан жеріндегі салық органына қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебі туралы салықтық өтінішті беруге міндетті.
Салықтық өтініш айналым мөлшерінің ең төмен айналымнан асып кетуі туындаған ай аяқталған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмей беріледі.
ӘҚБтК-нің 275-бабының 5-бөлігіне сәйкес, ҚҚС төлеуші ретінде есепке қойылмаған кезең ішінде айналым жасағаны үшін есепке қойылмаган кезең үшін айналым сомасының он бес пайызы мөлшерінде айыппұл салу көзделген.
Іс құжаттарына сәйкес, 2019-2020 жылғы 220.00 нысандары салықтық есептілігіне сай дара кәсіпкер Т[...] 2019 жылдың мамыр айынан желтоқсан айы арасындағы айналым мөлшері ең төмен айналымнан асып кеткені анықталған. Ең төмен айналым республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және 2019 жылдың 1 каңтарында колданыста болатын АЕК-тің 30 000 еселенген мөлшерін кұрайды.
Бірінші сатыдағы сот әкімшілік жауапқа тартылған тұлға Т[...] ҚҚС төлеуші ретінде тіркеу есебіне қойылмаған 2019 жылдың маусым айынан желтоқсан айы аралығындағы жасалған айналым сомасы 128 935 969 теңге (204 685 696 - 75 750 000 ), ал 2020 жылдың 9 айындағы айналым сомасы 15 522 919 теңге (95 052 919 - 79 530 000 ) болады. Барлығы 144 458 888 теңгені құрайды, оның он бес пайызы 21 668 833 теңге болады деген қорытындыға келген.
Осы ретте, бірінші сатыдағы сот АЕК-тің 30 000 еселенген мөлшерін 2019 жылға 75 750 000 теңге және 2020 жылға 79 50 000 теңге деп есептеп, екі рет негізсіз алып тастаған.
ӘҚБтК-нің 275-бабының 5-бөлігінде салық төлеушiнiң салық салу объектiлерiн жасыруы деп, қосылған құн салығын төлеуші ретінде есепке қойылмаған кезең ішінде айналым жасауды көрсетеді және де осы баптың 5 бөлігіне келтірілген төртінші ескертпеде, осы баптың бесінші бөлігінің мақсаттары үшін айналым жасау деп Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес айқындалған салық салынатын айналым түсініледі деп көрсетілген.
Салық органының сот қаулысына келтірген уәждері бойынша да айлық есептік көрсеткіштің 30 000 еселенген айналым сомасы есепке қойылмаған кезең үшін айналым сомасынан екі рет емес, бір рет қана шегерілу қажет деп көрсетілген.
Сол себепті кассациялық алқа әкімшілік істің мән-жайлары дұрыс анықталмаған, айыппұл мөлшері дұрыс саналмаған деп есептейді.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға уәкілеттік берілген соттың әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізу кезінде заңды бұзуына жол берілмейді және заңда белгіленген жауаптылыққа, қабылданған актілердің жарамсыз деп танылуына және олардың күшінің жойылуына әкеп соғады (ӘҚБтК-нің 8-бабы 4-бөлігі).
Сондықтан, алқа Ақтөбе каласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2022 жылғы 8 шілдедегі қаулысының күшін жойып, істі қайта қарауға сотқа жіберуді дұрыс деп есептейді, себебі ӘҚБтК-нің 783-бабына сәйкес әкімшілік құқықтық бұзушылық жөніндегі іс бойынша барлық дәлелдемелерді сот толық, жан-жақты, объективті түрде тексеріп, қажет болған жағдайда тиісті мамандарды тартып, заңға сәйкес қаулысын қабылдау қажет.
Қайта қарау барысында салық органының өтінішхатта және оған қарсы келтірген әкімшілік жауапқа тартылған тұлға Т[...] адвокаты М[...] уәждері де тексерілуге жатады.
Сонымен қатар, әкімшілік жауапқа тартылған тұлға Т[...] адвокаты М[...] өзінің қарсы пікірінде, жеке кәсіпкер Т[...] 2022 жылдың сәуір айының 18 күні толтырылған №000045 санды хаттамасымен салық басқармасының басшысы С[...] 2 297 833 теңге әкімшілік айыппұл салу туралы қаулысын толық көлемде орындап тастағанын, сол төленген айыппұл сот қаулысы шығарылған кезде ескерілмегенін көрсеткен.
Іс материалдарынан жеке кәсіпкер Т[...] қосылған құн салығын төлеуші ретінде есепке қойылмаған кезең-2019-2020 жылдары ішіндегі айналым сомасы аудандық және облыстық салық органдарымен бірізді есептелмейтіндігі, осы мән-жай төменгі тұрған сот орындарымен тексерілмегені байқалады.
Бұл тұрғыда, ӘҚБтК-нің 851-бабының 5-бөлігінің 3) тармағында көзделген соттардың құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзатын негіздер бойынша жергілікті соттың қабылдаған қаулысының күші жойылуға, салық органының және әкімшілік жауапқа тартылған тұлға Т[...] адвокаты М[...] уәждері тексеріліп, заңды және негізді шешім шығарылуға жатады. Жоғарыда көрсетілгеннің негізінде, Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 840-бабының 1) тармағын, 851-бабын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы,
ҚАУЛЫ ЕТТІ :
Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 275-бабының 5-бөлігі бойынша Т[...] қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жөнінде Ақтөбе қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2022 жылғы 8 шілдедегі қаулысының күшін жойып, іс қаулы шығарған сол сотқа басқа құрамда қайта қарауға жіберілсін.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының Төрағасының ұсынысы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші Б.Б.Шермұхаметов Судьялар Е.М.Маукен А.С. Стыбаев Көшірме дұрыс: А.С.Стыбаев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.