ҚАУЛЫ
2025 жылғы 20 наурыз 6001-24-00-6ап/3501 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Ш.Т.Даниярова, Б.Т. Нәжмиденов болып,
талап қоюшының өкілі Д.О.Мурадимовтың қатысуымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «SaryisynHolding» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі – Серіктестік) жауапкер «Шымкент қаласының мемлекеттік сатып алу басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Басқарма) 2024 жылғы 19 шілдедегі №12028085-1 қорытындылар туралы хаттаманың бөлігін заңсыз деп тану, конкурсқа қатысуға өтінімін қабылдауға және қорытындылар туралы хаттаманы қайта қарауды міндеттеу туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 23 қазандағы қаулысына мүдделі тұлға «ПожТехМонтаж-СБ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі – ЖШС-гі) келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 23 тамыздағы шешімімен талап қою арызы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 23 қазандағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылып, іс бойынша талап қою арызды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылданған.
Басқарманың 2024 жылғы 19 шілдедегі №12028085-1 қорытындылар туралы хаттамасының 66624872-ОК1, 66624849-ОК1, 66624853-ОК1, 66624657ОК1, 66624649-ОК1, 66624844-ОК1, 66624895-ОК1, 66624612-ОК, 166624627ОК1, 66624856-ОК1, 66624835-ОК1, 66624662-ОК1, 66624863-ОК1 лоттары бойынша Серіктестікке қатысты бөлігі заңсыз деп танылған.
Басқарма Серіктестіктің конкурстық өтінішін конкурсқа жіберуге және қорытындылар туралы хаттаманы қайта қарауға міндеттелген.
«Шымкент қаласының Қаратау ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі шешімді орындауға міндеттелген.
Мүдделі тұлға «ПожТехМонтаж-СБ» ЖШС-гі кассациялық шағымында апелляциялық сатыдағы соттың қаулысымен келіспейтінін көрсетіп, оның күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
Қалған сотқа қатысушылардың өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот алқасы (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді, сотқа келмеу себептерін хабарламады.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот алқасы талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымға қарсылығын тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша апелляциялық саты соты тарапынан мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда Басқарма (ұйымдастырушы) «Шымкент қаласының Қаратау ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің тапсырысы бойынша Шымкент қаласының Қаратау ауданындағы көп қабатты үйлердің қасбетін жарықтандыру жұмыстары жөнінде №120280851 электронды ашық конкурс өткізген.
Олардың ішінде 13 лот бойынша - 66624872-ОК1, 66624849-ОК1, 66624853-ОК1, 66624657-ОК1, 66624649-ОК1, 66624844-ОК1 , 66624895-ОК1, 66624612-ОК, 166624627-ОК1, 66624856-ОК1, 66624835-ОК1, 66624662-ОК1, 66624863-ОК1 Серіктестік конкурсқа қатысуға өтінім берген.
2024 жылғы 19 шілдедегі қорытындылар туралы хаттамаға сәйкес даулы лоттар бойынша «ПожТехМонтаж-СБ» ЖШС-гі конкурс жеңімпазы, екінші орынды алған болып «Turkistan city» ЖШС-гі танылған.
Талап қоюшының өтінімі материалдық және еңбек ресурстарына ие болу бөлігінде біліктілік талаптарына сәйкес келмегендіктен аталған лоттар бойынша конкурсқа жіберілмеген.
Конкурс нәтижесімен келіспеген Серіктестік жоғарыдағы талаптармен сотқа жүгінген.
Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандырусыз қалдырғанда көп қабатты үйлердің қасбетін жарықтандыру жұмыстарына өткізілген конкурстық құжаттама бойынша мемлекеттік сатып алудың нысанасы ағымдағы немесе орташа жөндеу, реставрациялау, қолданыстағы объектілерді реэкспозициялау, абаттандыру жұмыстарына жатпайды, сондықтан талап қоюшымен ұсынылған тиісті рұқсаты (лицензия) материалдық және еңбек ресурстарын иеленуді растамайды. Сонымен қатар, талап қоюшы конкурстық құжаттама жобасына ескертулер бермегенін, шағым келтірмегенін, конкурстық құжаттамада айқындалған тәртіппен материалдық және еңбек ресурстарына ие екендігін растамаған деген тұжырымға келген.
Апелляциялық сатыдағы сот аталған шешімнің күшін жойып,талап қоюды
қанағаттандырғанда мына мән-жайларды негізді ескерген. Қазақстан Республикасының Қаржы министрінің 2015 жылғы 11 желтоқсандағы №648 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларының (әрі қарай - Қағидалар) 58 тармағына сәйкес құрылысмонтаждау жұмыстарына тиісті рұқсаты (хабарламасы) бар және құрылыспен байланысты емес жұмыстарды (бар объектілерді ағымдағы немесе орташа жөндеу, реставрациялау, қолданыстағы объектілерді реэкспозициялау, абаттандыру, жайластыру) мемлекеттік сатып алуға қатысатын әлеуетті өнім берушілер Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес берілген тиісті рұқсатпен (лицензиямен) материалдық және еңбек ресурстарына ие екендігін растайды. Бұл ретте құрылыс-монтаждау жұмыстарына тиісті рұқсаттың (лицензияның) түрлері мен кіші түрлері өткізілетін мемлекеттік сатып алу нысанасына ұқсас (сол сияқты) болады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 20 наурыздағы №235 бұйрығымен бекітілген «Қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандырудың үлгілік қағидаларына» сай ғимараттардың сыртқы жарықтандыру жұмыстары абаттандыру объектілеріне жатады.
Талап қоюшы болса күрделі жөндеу мен реконструкциялауды, оның iшiнде: электрмен жабдықтау желiлерiн және сыртқы электрмен жарықтандыру құрылғысын, электрмен жарықтандырудың және электрмен жылытудың iшкi желiлерiн қамтитын инженерлiк желiлер мен жүйелердi орналастыру жұмыстарына 2021 жылы 16 наурызда № 21012462 рұқсатын конкурстық өтініміне қоса тіркеген.
Серіктестік ұсынған лицензиясының қосымшасындағы тізбелерде құрылыс-монтаждау жұмыстарына тиісті рұқсаттың (лицензияның) түрлері мен кіші түрлері өткізілетін мемлекеттік сатып алу нысанасына ұқсас (сол сияқты) рұқсаты бар екендігі көрсетілген.
Сондықтан Серіктестіктің қонкурсқа материалдық және еңбек ресурстарын иеленуді растамай, лицензияны ұсынуы жеткілікті болған.
Істің бұл тұрғысында дауланып отырған сот актісінің күшін жоюға негіздер жоқ.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 23 қазандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Мүдделі тұлға «ПожТехМонтаж-СБ» ЖШС-нің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші С. Баймаханов Судьялар Ш. Даниярова Б. Нәжмиденов
Көшірмесі дұрыс Судья
С. Баймаханов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.