ВС РК - Постановление от 10.01.2023 по делу 6001-22-00-6ап/1202 (Административное)

№6001-22-00-6ап/1202

ҚАУЛЫ

2023 жылғы 10 қаңтар Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Ш.Т.Даниярова, Е.Д.Өмірәлиев, талап қоюшының өкілі Ж[...], жауапкердің өкілі С[...], Ы[...], мүдделі тұлға А[...], оның өкілі Ж[...]

қатысуыларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында мобильді бейнеконференцбайланыс арқылы ашық сот отырысында талап қоюшы «Т2[...]» шаруа қожалығының (бұдан әрі - Шаруа қожалығы) жауапкерлер Қазалы ауданы әкіміне (бұдан әрі – Аудан әкімі), «Қазалы аудандық жер қатынастары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына жер учаскесін табыстау, қаулыға өзгеріс енгізу туралы қаулыларын заңсыз деп танып, күшін жою және жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде жер учаскесінің мәліметтерінің орналасуын заңсыз деп танып, қайта енгізу туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 31 желтоқсандағы шешімі мен Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 3 мамырдағы қаулысына мүдделі тұлға А[...] өкілі Ж[...] келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Онда ол 2006 жылдан бері өзінің шаруа қожалығына уақытша өтеулі жер пайдалану құқығымен тиесілі жер учаскесі А[...] заңсыз табысталғанын көрсетіп, аталған тұлғаға қатысты қабылданған актілердің күшін жоюды сұраған.

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 31 желтоқсандағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған. Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 3 мамырдағы қаулысымен бірінші сатыдағы шешімі күшінде қалдырылған.

Мүдделі тұлға кассациялық шағымында іс бойынша соттар материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тартуды сұраған.

Мүдделі тұлға мен жауапкер өкілдерінің кассациялық шағымды қолдаған, талап қоюшы өкілінің сот актілерін күшінде қалдыру туралы пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілмеген.

Соттармен анықталғандай, аудан әкімінің 2006 жылғы 31 шілдедегі №184 санды қаулысымен талап қоюшыға «200 гектар жер учаскесі 49 жыл мерзімге уақытша өтеулі жер пайдалану құқығымен табысталған.

2021 жылғы 21 мамырдағы №93 қаулысымен А[...] «Арал белгі» учаскесінен 1 000 гектар жер учаскесіне 5 жыл мерзімге уақытша өтеусіз жер пайдалану құқығы табысталған. Жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесіндегі мәліметтеріне сай талап қоюшының жалпы көлемі 200 гектар жер учаскесі «Сасықтабан» учаскесінде орналасқаны анықталған.

Алайда, жоғарыда көрсетілген аудан әкімінің 2006 жылғы 31 шілдедегі №184 санды қаулысымен талап қоюшының жер учаскесі «Таңжан» учаскесі мен «Арал белгі» учаскелерінің аралығынан берілген. Яғни, талап қоюшының жер учаскесі туралы мәліметтер жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне қате енгізілгені анықталған.

Сонымен қатар, зерттеу сызбаларынан анықталғандай, талап қоюшының пайдаланып отырған жер учаскесін мүдделі тұлға А[...] 2021 жылғы 20 мамырдағы № 93 қаулысымен табысталған жер учаскесінде орналасқаны анықталған, яғни жер учаскелері қабаттасқан. Яғни, талап қоюшының жер учаскесі А[...] табысталған жер учаскесінің шекарасының шеңберінде орналасқаны сотта өз дәлелін тапқан.

Бұл жағдайда, жергілікті соттар аталған талап қоюды қанағаттандыру туралы дұрыс тұжырымға келген.

Соттардың бұл тұжырымы негізді, материалдық және процестік құқық нормаларына сәйкес келеді.

Кассациялық шағым өзінің мазмұнымен мәні апелляциялық шағымда келтірілген дәлелдермен, сонымен қатар сот отырысында берілген түсіндірмелермен біріңғай. Бұл дәлелдемелерге жергілікті соттар тиісті құқық баға берген.

Кассациялық шағымда жаңа дәлелдердің жоқтығын ескере отырып, іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы дауланып отырған сот актілері ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды.

Сондықтан сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ.

ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 31 желтоқсандағы шешімі мен Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 3 мамырдағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Мүдделі тұлға А[...] өкілі Ж[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Судьялар

С. Баймаханов Ш. Даниярова Е. Өмірәлиев

Көшірмесі дұрыс. Судья

Ш. Даниярова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.