6001-21-00-6ап/26
ҚАУЛЫ
2021 жылғы 30 қараша Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа төрағасы Қ.С.Мусин,
судьялар С.Ү.Баймаханов, Е.Ж.Өмірәлиев болып,
талап қоюшы Д[...] қатысуымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында мобильді бейне-конференцбайланыс құрылғысы арқылы ашық сот отырысында талап қоюшы Д[...] жауапкерлер У[...] және «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің ГМ 172/1 мекемесі» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – «ГМ 172/1 мекемесі») 2005 жылғы 14 қазандағы қызметтік тексеру қорытындысын заңсыз деп тану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 12 тамыздағы ұйғарымы мен Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 9 қыркүйектегі ұйғарымына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
«ГМ 172/1 мекемесі» осы мекеменің бақылаушылық қызмет бөлімі бастығының орынбасары Д[...] жөнінде қызметтік тексеру жүргізген.
Тексеруді жүргізген жедел қызмет бөлімінің қызметкері У[...] 2005 жылдың 14 қазанында жазбаша қорытынды жасап, ол мекеме басшысымен бекітілген.
Талап қоюшы бұл қорытындымен келіспей, оны заңсыз деп тану жайлы талаппен сотқа жүгінген.
Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 9 қыркүйектегі ұйғарымымен күшінде қалдырылған Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 10 тамыздағы ұйғарымымен талап қою арызы қайтарылған.
Д[...] кассациялық шағымында лауазымды тұлға У[...] қорытындыны мемлекеттік мекеме атынан қабылдағандықтан бұл құжат әкімшілік акт болып табылатынын көрсетіп сот актілерінің күшін жойып, талабын негізінен қарауды сұраған.
Талап қоюшының кассациялық шағымды қолдаған пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегі негіздерге байланысты сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деген тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169 бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Төменгі сатыдағы соттар іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпайды және жауапкер «ГМ 172/1 мекемесі» таратылған деген негіздермен талап қою арызын қайтарған.
Соттардың мұндай тұжырымы заңды және негізді болып табылады.
ӘРПК-нің 1-бөлігінің 4-тармағына сәйкес әкімшілік акт – жарияқұқықтық қатынастарда әкімшілік орган, лауазымды адам қабылдайтын, белгілі бір тұлғаның немесе жеке-дара айқындалған тұлғалар тобының Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген құқықтары мен міндеттерін іске асыратын шешім.
Жоғарыда аталғандай Д[...] жұмыс беруші «ГМ 172/1 мекемесімен» еңбек қатынасында тұрған және қызметтік тексеру оның қызмет атқаруына байланысты жүргізілген. Яғни, тараптардың арасындағы дау жария-құқықтық қатынастардан емес, жеке-құқықтық қатынастардан туындаған.
Сондықтан жұмыс берушінің қызметтік тексеру қорытындысы әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайды.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Үкіметінің 2016 жылғы 11 қарашадағы № 2396 санды Қаулысына сәйкес «ГМ 172/1 мекемесі» таратылып, қызметін тоқтатқан және оның құқық мирасқоры белгіленбеген.
ӘРПК-нің 138-бабының 2-бөлігінің 11), 14) - тармақшаларының талаптарына сай, егер іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпаса және іс бойынша тарап болатын ұйым оның қызметін тоқтатумен және құқық мирасқорларының болмауынан таратылса сот талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады.
Сондықтан сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ.
ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 12 тамыздағы ұйғарымы мен Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 9 қыркүйектегі ұйғарымы күшінде, талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Қ. Мусин
Судьялар
С. Баймаханов
Е. Өмірәлиев
Көшірмесі дұрыс. Судья
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.