Қ А У Л Ы
2026 жылғы 21 мамыр №6003-26-00-2к/1468 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында төрағалық етуші судья Г.Б.Бастаубаев, судьялар М.Т.Кадырова, Н.О.Косанов,
арыз беруші Б.М.Орынбасаровтың, қаржы басқарушысы Ж.Қ.Бейсенғалидың, кредитор өкілі Е.Д.Досановтың бейнебайланыс арқылы қатысуларымен,
ашық сот отырысында арыз беруші Баглан Маратжанович Орынбасаровтың (бұдан әрі - арыз беруші) банкроттық рәсімін қолдану туралы электрондық азаматтық істі арыз берушінің Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 15 қыркүйектегі шешіміне және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 желтоқсандағы қаулысына берген кассациялық шағымымен қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы:
Арыз беруші сотқа аталған арызбен жүгініп, оны өзінің төлем қабілеттілігінің жоқтығымен негіздеген.
Апелляциялық сот алқасының қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған бірінші сатыдағы сот шешімімен арызды қанағаттандырудан бас тартылған.
Арыз беруші кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, арызды қанағаттандыру жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.
Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін зерделеп, төмендегі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Мұндай бұзушылықтар іс бойынша орын алмаған.
Жергілікті соттар «Қазақстан Республикасының азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Қазақстан Республикасы 2022 жылғы 30 желтоқсандағы Заңының (бұдан әрі - Заң) талаптарын дұрыс қолданып, іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасаған.
Арыз берушінің кредиторлық қарызы 31 540 583 теңгені құрайды, оның ішінде «Еуразиялық банк» акционерлік қоғамына 20 180 401 теңге, «Тойота Файнаншл Сервисез Казахстан» микроқаржы ұйымы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 11 360 182 теңге.
Қаржы басқарушысының 2025 жылғы 27 тамыздағы қорытындысына сәйкес арыз берушінің меншігінде жылжымайтын мүлкі жоқ, жылжымалы мүліктен екі автокөлік тіркелген, жұмыссыз, ай сайынғы орташа шығындарының көлемі 170 000 теңгені, жеке кәсіпкер ретінде тіркеусіз қызметтен түсетін ай сайынғы орташа табысы 170 000 теңгені құрайды, төлемге қабілетсіз және сот арқылы банкроттық рәсімін қолдануға негіздер бар.
Арыз берушінің меншік құқығында жылжымалы мүліктер тіркелген:
«Toyota Prado» үлгісіндегі, 2013 жылы шығарылған, мемлекеттік тіркеу белгісі 392ABV12 автокөлігі;
«Toyota Camry» үлгісіндегі, 2018 жылы шығарылған, мемлекеттік тіркеу белгісі 960ABT12 автокөлігі.
Арыз беруші арызын жылжымалы мүліктерді сотталған К.М.Сулейменовтың қасақана, пайдақорлық ниетпен сеніміне кіріп, автокөліктерді несие арқылы өзінің атына формальды түрде рәсімдегенімен, алаяқтарға тап болғанымен уәждеген.
Дегенмен, Маңғыстау облысы Ақтау қалалық сотының 2024 жылғы 20 тамыздағы үкімімен арыз берушінің пайдасына азаматтық жауапкерлер сотталған К.М.Сулейменовтен және тағы басқаларынан 19 000 000 теңге өндірілген, тиісінше арыз берушіге алаяқтармен келтірілген зиянның орны үкіммен толтырылған.
Істің мән-жайларына сай соттар арыз берушінің жұмыс жасауға қабілетті екенін, меншігінде екі автокөлік тіркелгенін, халықтың әлеуметтік осал бөлігіне жатпайтынын, табысы барын ескере отырып, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 8-бабының 4, 6 және 7-тармақтарына сәйкес азаматтардың өздерінің құқықтарын жүзеге асырған кезде адал, парасатты және әдiл әрекет жасауы тиістігі, бұл талап сақталмаған жағдайда соттың адамға тиесілі оның құқығын қорғаудан бас тарта алатыны туралы тұжырымға дұрыс келген
Одан бөлек, арыз берушінің жағдайы формальды түрде сот арқылы банкроттық рәсімін қолдануға сәйкес келгенімен, Заңның 4-бабына сәйкес азаматтарға сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану қағидаттарының қатарына азаматтардың адалдығы жататыны да ескерілген.
Істің мұндай тұрғысында, арыз қанағаттандырылуға жатпайды деген жергілікті соттардың тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады. Кассациялық шағым уәждері соттардың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған сот актілерінің күштерінің жойылуына немесе өзгертілуіне әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ.
Сол себепті, бірінші сатыдағы соттың шешімі мен апелляциялық сот алқасының қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 15 қыркүйектегі шешімі және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 желтоқсандағы қаулысы күшінде, арыз беруші Баглан Маратжанович Орынбасаровтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Г.Бастаубаев
Судьялар М.Кадырова
Н.Косанов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.