№ 6001-23-00-3г/4537
ҚАУЛЫ
2023 жылғы 15 қараша Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы М.Т. Балкен талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министірлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Батыс Қазақстан обылысының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Департамент) жауапкерлер Жаңақала ауданының әкіміне, «Жаңақала ауданының жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі Жер қатынастары бөлімі), «ББ» шаруа қожалығына, «А[...]» шаруа қожалығына, «А[...]» шаруа қожалығына жер учаскелерін жалға беру туралы шарттарды жарамсыз деп тану туралы талап қоюымен қозғалған азаматтық ісі бойынша қабылданған Батыс Қазақстан облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 13 ақпандағы шешімін, Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер бойынша сот алқасының 2023 жылғы 27 маусымдағы қаулысын қайта қарау туралы Департаменттің өтінішхатын алдын ала қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Департамент жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, жергілікті атқарушы органның тарапынан жер учаскесі сауда-саттықсыз берілгенімен негіздеген.
Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер бойынша сот алқасының 2023 жылғы 27 маусымдағы қаулысымен заңды күшіне енген Батыс Қазақстан облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 13 ақпандағы шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.
Бірінші сатыдағы соттың 2023 жылғы 13 ақпандағы ұйғарымымен әкімдіктің қаулыларын заңсыз деп тану және күшін жою туралы азаматтық ісі бойынша іс жүргізу өндірісі қысқартылған.
Өтінішхат иесі сот актілерімен келіспейтіндігін, соттың тұжырымдары істің мән-жайына сәйкес келмейтінін көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жойып, талапты қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Жергілікті соттар тарапынан мұндай заң бұзушылықтарға жол берілгені туралы өтінішхат иесінің уәждері кассациялық сатының сот отырысында зерттеліп қаралуға негіз бар.
Электрондық азаматтық іс құжаттарынан және өтінішхат материалынан көрінгендей, Департамент жеке тұлғалардан арыздардың түсуіне байланысты 2022 жылдың 13 қыркүйегінде жер учаскелерін беру бойынша тексеру жүргізіп, нәтижесінде шаруа қожалықтарына жер учаскелерін сатып алу-сату шарттарының негізінде сауда-саттықсыз (аукционсыз) жалға беру фактілері анықталған, яғни:
2016 жылы 24 наурызда Б[...] 1200 гектар жер учаскесі 49 жылға;
2016 жылы 25 тамызда Б[...] 1671 гектар жер учаскесі 49 жылға;
2019 жылы 9 қаңтарда Б[...] 3000 гектар жер учаскесі 49 жылға;
2019 жылы 28 қаңтарда Б[...] 2012 гектар жер учаскесі 10 жылға;
2015 жылы 30 қазанда М[...] 700 гектар жер учаскесі 10 жылға;
2017 жылы 11 шілдеде У[...] 500 гектар жер учаскесі 10 жылға берілген.
Департаменттің жоғарыда аталған талап қоюмен жүгінуіне шаруа қожалықтарына сауда-саттық (аукцион, конкурс) тәсілі арқылы берілуі тиіс болатын жер учаскелері Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 48-бабының 1-тармағын бұза отырып берілгені негіз болған.
Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдау кезінде, жер учаскесінің сауда-саттықсыз берілгенін және жер учаскелерін жалға беру шарттарының 2015-2019 жылдары жасалғанын біле тұра, талап қоюмен тек 2022 жылдың желтоқсан айында ғана жүгініп, талап қою мерзімінің өткенімен негіздеген. Ал келісімшарттарды жасаған кезде талап қоюшыға Жер кодексінің талаптары мәлім болғандықтан аталған бұзушылықтар туралы білген немесе білуге тиіс болған деген тұжырымға келіп, келісімшарттар жасалған күннен бастап талап қою мерзімі есептелуге жатады деп түйіндеген.
Өз кезегінде, апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың бұл тұжырымдарымен келісе отырып, талап қоюшы өзінің өкілеттігі шегінде жер заңнамасындағы жіберілген бұзушылықтарды дер кезінде анықтап, талап қою арқылы бұзушылықтарды жоймағанымен қорытындылаған. Сондықтан бірінші сатыдағы соттың істі қарау барысында талап қоюдың ескіру мерзімін қолданғаны орынды деп тұжырымдаған.
Өтінішхат иесі жергілікті соттардың мұндай тұжырымдарымен келіспей, олардың істі бір жақты қарағанын уәждеп, Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 144-бабы, 3-тармағының 3) тармақшасына сілтеме жасай отырып, мемлекеттік мекемелер немесе жеке және заңды тұлғалардың өтініштері түскен жағдайда, яғни тексеру негіз болған кезде ғана бақылау амалдарын жүзеге асыратынын көрсеткен. Сонымен қатар, тексеру жүргізуге 2022 жылғы 8 қыркүйекте азаматтардан түскен арыздарыдың негізінде Департаментпен 2022 жылы 19 қыркүйекте жүргізілген тексеру нәтижелері бойынша жоғарыда аталған бұзушылықтар анықталғанын уәждеген. Алайда, жергілікті соттардың істі қарау барысында бұл жайттарға тиісті баға бермеген.
Сонымен бірге, арызданушы өтінішхатта жүргізілген тексерістің нәтижесінде Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 48-бабының талаптарының бұзылғаны анықталуына байланысты, сотқа жоғарыда аталған талап қоюмен жүгінгенін көрсеткен.
Жоғарыда аталған мән-жайлар сот отырысы барысында зерттеліп, толығымен дәлелденгенін және жоғарыда аталған заң талаптарын негізге ала отырып, бірақ оны дұрыс қолданбағанын өтінішхатта келтірілген.
Іс материалдарын алдын ала зерделеу, арызданушының өтінішхатында келтірген уәждері және жоғарыда көрсетілген түйіндер дау айтылған сот актісін қайта қарау үшін кассациялық сатының сот мәжілісінде қарауға жататын негіздер бар екенін көрсетеді. АПК-нің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, судья,
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Батыс Қазақстан облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 13 ақпандағы шешімін, Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер бойынша сот алқасының 2023 жылғы 27 маусымдағы қаулысын қайта қарау туралы «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министірлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Батыс Қазақстан обылысының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің өтінішхаты Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының сот отырысында қарау үшін берілсін.
Қаулының көшірмесі іске қатысушы тараптарға жолдансын.
Судья М.Т.Балкен Көшірмесі дұрыс Судья М.Т.Балкен
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.