ҚАУЛЫ
2026 жылғы 12 ақпан №6003-25-00-4к/2534 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот құрамында:
төрағалық етуші – судья Ә. Назарова,
судьялар М. Қасымов, Ә. Нұрлыбаева болып,
талап қоюшы Н. Кенжегулованың, жауапкердің өкілі Қ. Утемисовтің қатысумен ашық сот отырысында
талап қоюшы Науша Абикеновна Кенжегулованың жауапкер «Қазақстан Республикасы Өнеркəсіп жəне құрылыс министрлігінің Құрылыс жəне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Комитет) берген жауапкерді Алматы қаласы, Шақшақ Жəнібек, 39 жер теліміне берілген, бекітілген барлық ЖСТ-лар мен нобайлы, техникалық жобаларға осы орынға шығып, тексеруге мəжбүрлеуді, тексеру нəтижесі бойынша тиісті заңды шешім қабылдауын міндеттеу туралы талабы бойынша қабылданған
Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 2 қыркүйектегі ұйғарымына, Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 9 қазандағы ұйғарымына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Н. Кенжегулова жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген. Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 2 қыркүйектегі ұйғарымымен талап қою әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпайды деген негізбен кері қайтарылған.
Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 9 қазандағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы күшінде қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында іс бойынша шығарылған бірінші және апелляциялық саты соттарының сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды сұраған.
Кассациялық сот тараптардың түсініктемелерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, шағымның уәждерін талқылап, төмендегідей тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі
– ӘРПК) 169-бабының 1-бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде (бұдан әрі – АПК) көзделген қағидалармен айқындалады.
АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуы, заңсыз сот актісін шығаруға әкеп соққан жағдайда, сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіз болып табылады. Осы іс бойынша аталған заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, талап қоюшының өтінішті қарау барысында оны тиісті түрде қарастыру мақсатында Алматы қаласы Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасына (бұдан әрі – Урбанистика басқармасы) және Алматы қаласы Қала құрылысын бақылау басқармасына (бұдан әрі – Бақылау басқармасы) сұраныс жолдап, келіп түскен жауаптарға сәйкес келесіні анықтаған:
21 қыркүйек 2023 жылы Урбанистика басқармасымен, Алматы қаласы, Медеу ауданы, Шақшақ Жәнібек көшесі, 39-үй мекенжайының иесі К.А.Асадовқа бар тұрғын үйді бұзып, жаңа тұрғын үй салуға сәулетжоспарлау тапсырмасы берілді;
24 қазан 2023 жылы бар тұрғын үйді бұзып, тұрғын үй құрылысының эскиздік жобасы Урбанистика басқармасымен келісілді;
29 қазан 2024 жылы Алматы қаласының әкімінің №4/530-2179 санды қаулысымен К.А.Асадовтың жер учаскесінің нысаналы мақсаты «халыққа қызмет көрсету нысаны үшін» өзгертілген;
16 сәуір 2025 жылы «Жеке тұрғын үйді халыққа қызмет көрсету нысанына қайта жабдықтау» объектісіне сәулет-жоспарлау тапсырмасы берілді;
26 маусым 2025 жылы «Жеке тұрғын үйді халыққа қызмет көрсету нысанына қайта жабдықтау» техникалық жобасы келісілген.
Жоғарыда көрсетілгендердің негізінде, жауапкер 2025 жылы 10 шілдеде талап қоюшыға тексеру жүргізуге негіз жоқ екендігі туралып жауап берген.
Жергілікті соттар талап қоюды қайтарғанда, даудың жария-құқықтық қатынастардан туындамағанын, сондықтан әкімшілік іс жүргізу тәртібімен қарауға жатпайтынын негізге алған.
ӘРПК-нің 5-бабында көрсетілгендей, әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті - жария-құқықтық қатынастардағы жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және қалпына келтіру болып табылады.
Осы Кодекстің 4-бабының бірінші бөлігі 33) тармақшасында келтірілген түсіндірмеге сәйкес талап қоюшы ретінде өзінің бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтарын, заңды мүдделерін қорғау үшін сотқа жүгінген адам не оның мүддесі үшін прокурор, Қазақстан Республикасының заңдарында осындай өкілеттік берілген өзге адам талап қоюды берген тұлға түсіндірілген.
Жария-құқықтық қатынастар құқық субъектілері арасындағы қатысушылардың бірінің билікті өкілеттерін басқаларға жүргізуіне байланысты туындайтын қатынастар болып табылады.
Осы тұрғыдан, талап қоюшы даулап отырған Комитеттің жауаптары әкімшілік акт болып танылмайды, себебі талап қоюшының заңдарында белгіленген құқықтары мен міндеттерін іске асырмайды, құқықтарын, бостандықтарын, заңды мүдделерін бұзбайды, сондықтан талап қою әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайды.
Сондықтан, сот актілерінің күшін жоюға негіз жоқ.
Жоғарыда келтірілгендердің негізінде жергілікті соттардың сот актілері өзгеріссіз, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.
ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 2 қыркүйектегі ұйғарымы, Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 9 қазандағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Ә. Назарова
Судьялар
М. Қасымов
Д. Нұрлыбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.