КСАД РК - Постановление от 30.04.2026 по делу 6003-26-00-4к/166 (Административное)

ҚАУЛЫ

2026 жылғы 30 сәуір 6003-26-00-4к/166 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:

төрағалық етуші судья Е.М.Нұралиев судьялар Л.Е.Кудекова, Ш.С.Манжуева, талап қоюшы Ш[...], өкілі А[...], жауапкер Қостанай облысы, [...] әкімінің өкілі М[...], Ш[...], мүделлі тұлға Қостанай облысы әкімдігі ветеринария басқармасының «Амангелді ауданының ветеринариялық станциясы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорның өкілдері К[...], Ж[...] қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы «Қ[...]» шаруа қожалығының басшысы (бұдан әрі – ШҚ) А[...], «Ш[...]» ШҚ басшысы Ш[...], Н[...] жауапкер Қостанай облысы, [...] әкіміне Амангелді ауданының аумағында табиғи сипаттағы төтенше жағдай салдарынан зардап шеккендерге келтірілген материалдық залалды бағалау және өтеу жөніндегі комиссиясының 2024 жылғы 04 шілдедегі №26 хаттамалық шешімін заңсыз деп тану, күшін жою және залалды өтеуге міндеттеу туралы талабымен қозғалған әкімшілік ісімен,

Қостанай облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 11 наурыздағы шешіміне, Қостанай облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 23 шілдедегі қаулысына түскен талап қоюшылардың кассациялық шағымдарын қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшылар жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Қостанай облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы11 наурыздағы шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.

Қостанай облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 23 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшылар А[...], Ш[...] өздерінің кассациялық шағымдарында, іс бойынша қабылданған жоғарыдағы сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды және талап арызды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Тиісті түрде хабарланған талап қоюшы А[...], мүдделі тұлғалар кассациялық соттың отырысына келмеді, бұл Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабы бірінші бөлігіне сайкес істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді.

Кассациялық сот, талап қоюшы Ш[...] және кассациялық шағымның уәждерін қолдаған оның өкілі А[...] түсіндірмелерін тындап, жауапкер өкілі М[...] кассациялық шағым уәждерімен келіспеген пікірін, іс құжаттарын зерделеп, қассациялық шағым уәждерін бағалап, төмендегідей тұжырымға келді.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігі бойынша, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс құжаттарынан белгілі болғандай, Қостанай облысы, [...] әкімінің 2024 жылғы 28 наурыздағы №1 шешімімен Қостанай облысы, [...] аумағында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған.

Амангелді ауданы әкімінің 2024 жылғы 28 наурыздағы №70-р өкімімен Амангелді ауданының аумағында табиғи сипаттағы төтенше жағдай салдарынан зардап шеккендерге келтірілген материалдық залалды бағалау және өтеу жөніндегі К[...] (бұдан әрі - К[...]) құрылған. Аталған өкіммен Амангелді ауданының аумағында табиғи сипаттағы төтенше жағдай салдарынан зардап шеккендерге келтірілген материалдық залалды бағалау және өтеу жөніндегі К[...] бекітілді. 2024 жылғы 25 мамырда талап қоюшы «Ш[...]» ШҚ басшысы Ш[...] комиссияға 2024 жылғы 25 наурызда болған су тасқыны кезінде өзіне тиесілі 16 бас жылқының өлімі туралы, тіркеу және олардың сәйкестендіру нөмірлері туралы Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру базасының (бұдан әрі – АЖБ) мәліметтерді қоса бере отырып, залалды өтеу туралы өтінішпен жүгінген.

Аталған өкіммен Амангелді ауданының аумағында табиғи сипаттағы төтенше жағдай салдарынан зардап шеккендерге келтірілген материалдық залалды бағалау және өтеу жөніндегі К[...] бекітілді.

2024 жылғы 26 мамырда талап қоюшы «Қ[...]» ШҚ басшысы А[...] К[...] 2024 жылғы 30 наурызда болған су тасқыны кезінде оған тиесілі 72 бас жылқының өлімі туралы, тіркеу және олардың сәйкестендіру нөмірлері туралы АЖБ базасынан мәліметтерді қоса бере отырып, залалды өтеу туралы өтінішпен жүгінген.

К[...] 2024 жылғы 04 шілдедегі № 26 хаттамалық шешімімен комиссия су тасқыны кезінде жануарлардың өлімі фактісін растаудың болмауына байланысты өтініш берушілер А[...], Ш[...] залалды өтеуден бас тарту туралы шешім қабылдаған.

К[...] залалды өтеуден бас тарту туралы хаттамасымен келіспей, талап қоюшылар 2024 жылғы 04 шілдедегі № 26 хаттамасын заңсыз деп тану және келтірілген залалды өтеуге міндеттеуді сұраған.

Талап қоюдан бас тарта отырып, бірінші сатыдағы сот комиссияның шешімі заңды және негізделген деп атап өткен, себебі олар берген өтініштерде талап қоюшылар көрсеткен жануарлардың өлімі фактісі нақты анықталмаған.

К[...] мен сот Ш[...] су тасқыны нәтижесінде жылқылардың өлімін растамағаны туралы негізделген қорытынды жасаған, себебі олардың жоғалуы төтенше жағдай режимі жарияланғанға дейін (2024 жылғы 28 наурызға дейін) орын алған, талап қоюшының өзі су тасқыны салдарынан жануарлардың мерт болу фактісін көрген жоқ, сауалнамаға қатысқан үш куәгердің ешқайсысы су тасқынынан болған жағдайларды растамаған.

Аудио-бейне жазбаға сәйкес, К[...] отырысына А[...] қатысып, су тасқыны нәтижесінде жылқылардың өлімінің нақты күні мен уақыты туралы түсініктеме бере алмаған. Сотқа қатысқан үш куәгердің ешқайсысы су тасқынынан болған мерт болу өлім фактісін, өның күні мен уақытын сенімді түрде растай алмаған.

Талап қоюшылар К[...] жеке нөмірлері өтінімдерге қоса берілген ауыл шаруашылығы жануарларының су тасқыны салдарынан қаза болған жағдай туралы нақты мәлімет бермегендіктен, сот комиссияның даулы шешімі заңды деп дұрыс негіздеген.

Апелляциялық сот алқасы бірінші сатыдағы соттың қорытындыларымен келісе отырып, сот шешімін өзгеріссіз қалдырған.

Ол талап қоюшылардың өздері, сұралған куәгерлер мен зерттелген құжаттардың түсіндірмелері арасында, сондай - ақ заңды күші бар дәлелдемелер-мемлекеттік сатып алу туралы шарт пен көрсетілген қызметтер актілері арасында сәйкессіздіктер болған кезде, талап қоюшылардың өздері ұсынған мәліметтердің дұрыстығы туралы шағымдарының дәлелдері назарға алынбайды деп көрсеткен.

К[...] даулы хаттамалық шешім қабылдаған кезде Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 19 желтоқсандағы №1358 қаулысымен бекітілген Табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккендерге келтірілген зиянды (залалды) өтеу қағидаларының 3-1тармақтарының ережелерін (бұдан әрі – №1358 Ереже), "Ауыл шаруашылығы саласындағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай салдарынан жеке және заңды тұлғаларға келтірілген залалды өтеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2024 жылғы 17 мамырдағы №167 бұйрығының ережелерін (бұдан әрі – №167 Қағидалар) даулы құқықтық қатынастар туындаған сәттегі редакциясында, дұрыс қолданған.

Көрсетілген Қағидаларда залалды өтеу мәселелері жөніндегі шешімді зардап шеккен адамға келтірілген материалдық залалды бағалау және өтеу жөніндегі комиссия (бұдан әрі – К[...]) қабылдайтыны айқындалған. К[...] туралы ережені Жергілікті атқарушы орган айқындайды.

Қағидалардың 19-тармағына сәйкес жеке және заңды тұлғаларға бюджет және/немесе бюджеттен тыс қаражат есебінен өтеу мерт болған ауыл шаруашылығы жануарлары үшін жүзеге асырылатыны анықталды, олар бойынша: 3) мерт болған ауыл шаруашылығы жануарының орналасқан жері жоқ, бірақ ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі Дерекқорда бар екендігі расталады.

Қағидалардың 27-тармағына сәйкес К[...] он бес жұмыс күні ішінде мерт болған ауыл шаруашылығы жануарлары үшін залалды өтеу туралы өтінімдегі деректердің (мәліметтердің) дұрыстығын тексереді.

О[...] 19-тармағында көрсетілген жағдайларда комиссия ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі дерекқорда ауыл шаруашылығы жануарларының жеке нөмірлері бойынша ауыл шаруашылығы жануарларының иелері туралы мәліметтерді тексеруді жүзеге асырады. О[...] 19-тармағының 3) тармақшасына және 20-тармағының 2) тармақшасына сәйкес ауыл шаруашылығы жануарларының тұратын жерінде болмаған кезде кемінде 3 куәгерді тарта отырып, ауыл шаруашылығы жануарларының мерт болуының комиссиялық актісі жасалады.

Баяндалғанның негізінде, 167-Қағидалардың ережелерін тура түсіндіруді негізге ала отырып, берілген өтінімдерде қамтылған нақты мәліметтер болған жағдайда, мерт болған ауыл шаруашылығы жануарлары үшін залал өтелуге жатады.

ӘРПК-нің 128-бабына сәйкес дәлелдемелерді, дәлелдемелер ретінде жол берілмейтін нақты деректерді, дәлелдемелер нысанасы мен дәлелдемелер көздерін құқықтық реттеу, сондай-ақ дәлелдемелерді жинау, зерттеу, бағалау және пайдалану тәртібі және дәлелдемелер мен дәлелдемелер туралы басқа да ережелер, осы белгіленген ерекшеліктерді қоспағанда, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің нормаларымен айқындалады.

АПК-нің 68-бабына сәйкес әрбір дәлелдеме салыстырмалылықты, жол беріктігін, шынайылығын ескере отырып бағалауға жатады.

Жоғарыда көрсетілген нормалар басшылыққа ала отырып, бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар,талап қоюшылар ұсынған куәгерлердің айғақтары аталған мән-жайларды нақты және тікелей растамаған, өйкені куәгерлер малдың дәл су тасқаны кезінде мерт болған өз көзіммен көрмеген деп тапты. Өзге объективті дәлелдемелер ұсынылмаған.

К[...] талап қоюшылардың ұсынған материалдардың жоғарыда аталған Қағидаларға сәйкес бағалап, дәлелдемелердің жеткіліксіздігіне байланысты залалды өтеу үшын құқықтық негіздердің жоқ екендігі туралы қорытындыға келген және тиісті хаттамалық шешім қабылдаған. О[...] байланысты, К[...] даулы шешімі қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес қабылданған, талап қоюшылардың құқықтары бұзылмаған.

Сондықтан төмеңгі соттар талап қоюды қанағаттандырудан бас тартуы заңды болып табылады.

Талап қоюшылардың кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал олардың сот тұжырымдарымен келіспеуі, сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.

Сондықтан, іс бойынша қабылданған бірінші сатыдағы сот шешімінің, апелляциялық сот қаулысының күшін жоюға, сөйтіп кассациялық шағымдарды қанағаттандыруға еш негіз жоқ.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Қостанай облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 11 наурыздағы шешімі, Қостанай облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 23 шілдедегі қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшылар А[...], Ш[...] кассациялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Е. Нұралиев

Судьялар

Л. Кудекова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.