6001-22-00-6ап/467
Қ А У Л Ы
2022 жылғы 24 мамыр Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші - Баймаханов С.У.,
судьялар - Ермагамбетова Ж.Б., Қайыпжан Н.Ү.,
талап қоюшы К[...] өкілі Т[...], жауапкер Қазақстан Республикасының жеке сот орындаушылар Республикалық палатасының өкілі К[...], мүдделі тұлғалардың өкілдері Б[...] пен Ә[...] қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында қашықтықтан бейне-дыбыс жазу құралдарын қолдану арқылы талап қоюшы К[...] жауапкер Қазақстан Республикасының жеке сот орындаушылар Республикалық палатасына (әрі қарай - Республикалық палата), мүдделі тұлғалар Түркістан облысының жеке сот орындаушылар өңірлік палатасына (әрі қарай - Өңірлік палата), Түркістан облысының Әділет департаментіне (әрі қарай - Әділет депртаменті) тәртіптік жаза қолдану туралы хаттамалық шешімін заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік ісі бойынша
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 26 қаңтардағы қаулысына жауапкердің берген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
К[...] сотқа жауапкер Республикалық палатасына, мүдделі тұлғалар Өңірлік палатасына, Әділет департаментіне тәртіптік жаза қолдану туралы хаттамалық шешімін заңсыз деп танып, күшін жою туралы талап қою арызымен жүгінген.
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 6 қазандағы шешімімен талап қоюшының талабы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 26 қаңтардағы қаулысымен сот шешімі өзгертілген.
Шешімнің Әділет департаментінің 2021 жылғы 13 қаңтардағы және 5 ақпандағы ұсыныстарын заңсыз деп тану туралы талапты қанағаттандырусыз қалдырған бөлігінің күші жойылып, талап қоюдың осы бөлігі талап қоюшыға кері қайтарылған.
Шешімнің К[...] қатысты Өңірлік палатаның 2021 жылғы 21 қаңтардағы бұйрығы және Республикалық палатаның басқарушы органының 2021 жылғы 4 мамырдағы хаттамалық шешімін заңсыз деп танып, олардың күшін жою туралы талабын қанағаттандырусыз қалдыру туралы бөлігінің күші жойылып, талаптың осы бөлігінде қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылданған.
Жауапкер кассациялық шағымында апелляциялық сатыдағы соттың қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
Жауапкер өкілі К[...] кассациялық шағымның уәждерін қолдаған түсінігін, талапкер К[...] өкілі Т[...] кассациялық шағымға қарсы пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерделеп, қассациялық сот алқасы төмендегі негіздерге байланысты дау айтылған сот актісінің күші жойылуға жатады деген қорытындыға келді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі-АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Осы іс бойынша апелляциялық сатыдағы сотымен аталған заң бұзушылықтарға жол берілген. Іс материалдарына қарағанда Өңірлік палатаның 2021 жылғы 14 қаңтардағы бұйрығымен Әділет департаментінің 2020 жылғы 30 желтоқсандағы ұсынысы бойынша К[...] «сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза қолданылған. Аталған тәртіптік жазаның заңдылығы талап қоюшымен дауланбаған.
Әділет департаментінің Қ[...] өндіріп алушы Х[...] пайдасына соманы өндіру туралы іс жүргізу бойынша 2021 жылы 5 қаңтардағы бұйрығымен талап қоюшыдан 2021 жылғы 8 қаңтарға дейін мәліметтерді беру талап етілген.
Бірақ, талап қоюшы аталған уақытта өзіне тапсырылған міндеттемелерді орындамаған, сондықтан Әділет департаменті 13 қаңтар 2021 жылы Өңірлік палатаға жеке сот орындаушысы К[...] тәртіптік жауапкершілікке тарту жөнінде ұсыныс түсірген. Н[...] палатаның 2021 жылғы 21 қаңтардағы бұйрығымен жоғарыда көрсетілген К[...] іс жүргізуіндегі аталған атқарушылық іс бойынша қаралатын шағым шеңберінде сұратылған ақпарат ұсынылмауына және атқарылған әрекеттер туралы мәліметтер, түсініктемелер берілмеуіне байланысты Қазақстан Республикасының «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңның (әрі қарай - Заң) 148-бабының 1-тармағының 5.1), 7) тармақшаларының талаптарын бұзғаны үшін К[...] «қатан сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза қолданылған.
Бұдан бөлек, Әділет департаменті 2021 жылы 5 ақпанда Өңірлік палатаға талап қоюшыға қатысты ұсыныс жолдаған, онда борышкер Х[...] арызы бойынша талап қоюшының өндірісіндегі №271/2051-3446 атқарушылық істің қозғалуына негіз болған нотариаттық атқарушылық жазбаның 2020 жылы 25 желтоқсанда жойылғанына және оның көшірмесін талап қоюшы алғанына қармастан, Заңда көзделген мерзім ішінде атқарушылық өндірісті тоқтатпай, тыйым салу шараларының күшін жоймағаны туралы көрсетілген.
Аталған ұсыныс Өңірлік палатаның тәртіптік комиссиясында 2021 жылы 4 наурызда қаралып, уәкілетті органға талап қоюшының лицензиясын тоқтату туралы ұсыныс жолданған.
Алайда уәкілетті органның 2021 жылғы 7 сәуірдегі хатымен Өңірлік палатаның ұсынысы, талап қоюшымен жоғарыда аталған атқарушылық өндіріс бойынша жол берліген заң бұзушылықтар жойылғанына байланысты, ұсыныс қанағаттандырусыз қалдырылып, сол тәртіптік комиссияда қайта қарау үшін жолданған.
Сонымен қатар, 2021 жылы 15 наурызда Сарыағаш аудандық прокуратурасының Өңірлік палатаға жолдаған ұсынысында талап қоюшының өндірісіндегі атқарушылық істер бойынша тиісті шаралар көрілмегені, сәйкесінше оларды жойып, қамтамасыз ету шараларын көруді және заң бұзушылыққа жол берген жеке сот орындаушының тәртіптік жауапкершіліктерін Заңға сәйкес қарау көрсетілген.
Сәйкесінше осы ұсыныспен бірге алдыңғы Әділет департаментінің ұсынысы Өңірлік палатада 2021 жылы 14 сәуірде тәртіптік комиссиямен қайта қаралып, талап қоюшыны Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Сот актілерін орындау жөніндегі департаментімен 2017 жылғы 16 қаңтарда берілген №446 мемлекеттік лицензиясынан айыру туралы ұсынуды уәкілетті органға беру, Республикалық палата мүшелігінен шығару туралы ұсынысты қарау үшін Республикалық палатаға жолдаған.
Республикалық палатаның басқарушы органы аталған ұсынысты 2021 жылғы 4 мамырда қарап, Өңірлік палатаның ұсынысын қолдап, хаттамалық шешіммен К[...] мемлекеттік лицензиясынан айыру туралы ұсынуды уәкілетті органға бере отырып, Республикалық палата мүшелігінен шығару туралы тәртіптік жаза қолданған.
Бірінші сатыдағы сот талап қою арызды қанағаттандырусыз қалдырып, оны жауапкер тәртіптік жаза қолданғанда Заңның және «Жеке сот орындаушыларының тәртіптік жауапкершілігі туралы» Ереженің (бұдан әрі - Ереже) талаптарын дұрыс қолданғанымен негіздеген.
Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың мұндай тұжырымымен келіспей, өз шешімін жауапкер талап қоюшының жауапкершілігі туралы мәліметті қарағанда екі тәртіп бұзушылық бір атқарушылық өндіріс бойынша орын алғанын назардан тыс қалдырған, осы екі тәртіптік құқық бұзушылықтарға қатысты іс өндірістерін Ереженің 2.9тармағына сай біріктіріп, бір кезде қарауы тиіс болған, бірақ Ереженің бұл талабы сақталмаған деп тұжырымдаған.
Апелляциялық сатыдағы сотының тұжырымдары негізсіз, іс бойынша анықталған мән-жайларға сәйкес келмейді.
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 27 қыркүйек 2021 жылғы заңды күшіне енген ұйғарымымен талаптың Түркістан облысының Әділет департаментінің 2021 жылғы 13 қаңтардағы және 5 ақпандағы ұсыныстарын, Өңірлік палатаның 2021 жылғы 21 қаңтардағы бұйрығын заңсыз деп тану туралы бөліктері сотқа шағымдану мерзімдерін қалпына келтіруден бас тартылғанына байланысты талапкерге кері қайтарылған.
Алайда апелляциялық сатыдағы сот бұл мән-жайды ескерместен, жоғарыда көрсетілген талаптарды негізінен қарап, олар туралы заңсыз шешімдер қабылдаған.
Ереженің 2.7-тармағына сәйкес бірнеше рет (екі рет және одан көп) заңнаманы бұзғаны үшін, соған қатар мемлекетке, жеке және заңды тұлға мүддесіне залал келтірген кезде палата мүшелігінен шығару туралы тәртіптік жаза қолданылады.
Апелляциялық сатыдағы соттың Ереженің 2.11-тармағына сәйкес жеке сот орындаушының әрекеттерінде (әрекетсіздігінде) тәртіптік бұзушылық құрамы болмаған жағдайда, сондай-ақ, егер жасалған теріс қылық болмашы болса және тәртіптік жаза қолдану үшін жеткіліксіз болса не теріс қылық (шаралар қабылдамау, белгіленген рәсімнен ауытқу, мерзімдерді бұзу) еңсерілмейтін мән-жайлардың әсеріне байланысты мәжбүрлі түрде жасалса, тәртіптік жаза қолданылмайды деген тұжырымдары негізсіз.
Талап қоюшының әрекеттерінде тәртіптік бұзушылық құрамы болғаны, олардың елеулі дәрежеде жасалғаны және бірнеше рет орын алғаны іс материалдарымен толық дәлелденіп отырғанына апелляциялық саты соты тиісті құқықтық баға бермеген.
К[...] әрекеттерінде (әрекетсіздіктерінде) тәртіптік бұзушылық құрамы болғаны, олардың бірнеше рет орын алғаны Өңірлік палатаның 2021 жылғы 14 қаңтардағы және 2021 жылғы 21 қаңтардағы тәртіптік жаза қолдану туралы бүгінгі күнде заңды күшіндегі бұйрықтарымен қуатталып отырғанына апелляциялық сатыдағы сот тиісті мән бермеген. Ереженің 2.10-тармағына сәйкес тәртіптік жазаны келесі ауырлығы жоғарлағанда немесе теріс қылықтың ауырлығына сәйкес келетін басқа да жағдайда қатаңырақ қолданылады.
Бірақ апелляциялық сатыдағы сот 2021 жылғы 15 наурыздағы ұсыныста көрсетілген фактілер бойынша залалдың жоқ екенін ескере отырып, палатаның мүшелігінен шығару түріндегі неғұрлым қатаң жаза тағайындауы негізсіз деген тұжырымға келген.
Алайда талап қоюшының әрекеттерінен тәртіп бұзушылықтың елеулі дәрежеде және бірнеше рет жасалғанын жауапкер оған тәртіптік жаза қолданған кезде дұрыс ескерген және жауапкер Заңның және Ереженің нормаларын өзінің қызмет өкілеттігі шегінде дұрыс қолданған.
Апелляциялық сатыдағы соттың К[...] жасаған екі тәртіп бұзушылығын Өңірлік палата біріктіріп, бір өндірісте қарауы қажет еді деген тұжырымы іс бойынша анықталған мән-жайларға сәйкес келмейді.
К[...] тәртіптік жаза қолдану туралы Өңірлік палатаның 2021 жылғы 14 қаңтардағы бұйрығы талап қоюшымен дауланбаған, ал Өңірлік палатаның 2021 жылғы 21 қаңтардағы бұйрығы сотқа дауланғанымен талаптың бұл бөлігі заңды күшіне енген 2021 жылғы 27 қыркүйектігі сот ұйғарымымен кері қайтарылған.
Іс материалдарына қарағанда жоғарыда көрсетілген тәртіптік өндірістердің әр уақытта түскені және қаралғаны анықталып отыр, яғни ол өндірістерді біріктіруге негіз болмаған.
Істің мұндай тұрғысында апелляциялық сатыдағы соттың қаулысының күшін жоюға, ал бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылуға жатады.
Қазақстан Республикасы ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігінің, АПК-тің 451-бабының екінші бөлігінің 2) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Осы әкімшілік іс бойынша қабылданған Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 26 қаңтардағы қаулысының күші жойылсын.
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 6 қазандағы шешімі күшінде қалдырылсын.
Жауапкер Қазақстан Республикасының жеке сот орындаушылар Республикалық палатасының кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші С. Баймаханов
Судьялар Ж. Ермагамбетова
Н. Қайыпжан
Көшірмесі дұрыс
Судья Н. Қайыпжан
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.