ВС РК - Постановление от 10.10.2024 по делу 6001-24-00-6ап/946 (Административное)

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 10 қазан 6001-24-00-6ап/946 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,

судьялар – Ш.Т.Даниярова, Е.Ж.Өмірәлиев болып,

талап қоюшы К.Ш.Салменбаеваның,

жауапкер өкілі М.С.Ташкараевтың қатысуларымен

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Кулназ Шопшекбаевна Салменбаеваның жауапкер «Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Департамент) жәрдемақыны тағайындаудан бас тарту әрекетін заңсыз деп тану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 17 қазандағы шешіміне, Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 13 ақпандағы қаулысына жауапкердің кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 17 қазандағы шешімімен талап қою арызы қанағаттандырылған.

Департаменттің Салменбаева Акмарал Исмаиловнаға қатысты асыраушысынан айырылған бала кезінен мүгедектігі бар адамдарға жәрдемақыны тағайындаудан бас тарту әрекеті заңсыз деп танылған. Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 13 ақпандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.

Департамент кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, талап қою арызын қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған.

Сот алқасы Департамент өкілінің кассациялық шағымды қолдаған, талап қоюшының пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады. АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда талап қоюшының қызы – Салменбаева Акмарал Исмаиловна, 1975 жылғы 3 шілдеде туылған, бала кезінен ІІ-топтағы мүгедек.

А.И.Салменбаеваның әкесі И.Р. Салменбаев 1979 жылғы 14 сәуірде қайтыс болған.

К.Ш.Салменбаева Департаментке асыраушысынан айырылған бала кезінен мүгедектігі бар қызы А.И.Салменбаеваға жәрдемақы тағайындау туралы өтінішпен жүгінген.

2023 жылғы 15 тамызда Департамент мүгедектік кезеңінде асыраушысынан айырылған мүгедектігі бар адамның қайтыс болған асыраушысының асырауында болу фактісін растау қажет деген негізбен аталған жәрдемақыны тағайындаудан бас тартқан.

Соттар талап қоюды қанағаттандырғанда мына мән-жайларды негізді ескерген.

Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінің (бұдан әрі – Әлеуметтік кодекс), 134-бабының 1-тармағына сай, қайтыс болған асыраушының асырауында болған отбасының еңбекке қабілетсіз мүшелерінің асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алуға құқығы бар. Әлеуметтік кодекстің 177-бабының 6-тармағына сай, мүгедектік кезеңінде асыраушысынан айырылған бала кезінен мүгедектігі бар адамдарға мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мөлшері осы Кодекстің 236-бабына сәйкес белгіленген, қайтыс болған асыраушының отбасының еңбекке қабілетсіз мүшелерінің санына сәйкес келетін асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мөлшеріне ұлғайтылады.

Осы Кодекстің 234-бабының 1-тармағында - қайтыс болған асыраушының асырауында болған отбасының еңбекке қабілетсіз мүшелерінің асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алуға құқығы бар. Бұл ретте балаларға және осы баптың 2- тармағының 3) тармақшасында көрсетілген адамдарға жәрдемақылар олар асыраушының асырауында болған-болмағанына қарамастан тағайындалады.

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 27 маусым 2023 жылғы №257 бұйрығымен бекітілген «Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар мөлшерін есептеу (анықтау), оларды тағайындау, төлеу, тоқтата тұру, қайта есептеу, қайта бастау, тоқтату және тағайындау (тағайындаудан бас тарту) туралы шешімді қайта қарау» қағидаларының 8- тармағына сай, Әлеуметтік кодекстің 177-бабының 6-тармақшасына сәйкес мүгедектік кезеңінде асыраушысынан айырылған бала кезінен мүгедектігі бар адамдарға жәрдемақыны тағайындау кезінде аталған адамдардың қайтыс болған асыраушысынының асырауында болуын растау туралы сот шешімі ұсынылады.

1998 жылдың 6 қазанында берілген №0936072 мүгедектік туралы анықтамаға сай, А.И.Салменбаева бала кезінен екінші топтағы мүгедек екендігі анықталған.

Заңды күшіне енген Жамбыл облысы Байзақ аудандық сотының 2015 жылғы 11 маусымдағы шешімімен А.И.Салменбаева іс-әрекетке қабілетсіз деп танылған. Соттың шешімінен А.И.Салменбаева өзінің іс-әрекеттерінің сипатын дұрыс ұғына және әрекетіне ие бола алмайтындығы анықталған.

Бұл мән-жайлар талап қоюшының қызы туылған кезінен мүгедек, өзінөзі күте алмайтындығы, қызы туылған күннен анасының қарауында және осы уақытта қызы қайтыс болған әкесінің асырауында болғаны, себебі анасы осы қызын асырап-бағуына байланыста жұмыс істеуге мүмкіншілігі болмағаны даусыз дәлелденген.

Жергілікті соттар талап қоюшының қызының психикалық жетіспеушілігіне байланысты, оны әрдайым күтіп-бағу қажеттілігін және талап қоюшының зейнеткер жасына байланысты әлеуметтік көмекке мұқтаж екендігін ескеріп, әділдік пен ақылға қонымдылық өлшемшарттарын негізге алып, заңды шешім қабылдаған.

Соттардың келтірген негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.

АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актілерінің күшін жоюға негіз бола алмайды.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ: Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 17 қазандағы шешімі, Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 13 ақпандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

«Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті» РММ-нің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

С. Баймаханов

Судьялар

Ш. Даниярова

Е. Өмірәлиев

Көшірмесі дұрыс

Судья С. Баймаханов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.