ВС РК - Постановление от 30.01.2023 по делу 6001-22-00-3Г/6129 (Гражданское)

6001-22-00-3г/6129

ҚАУЛЫ

2023 жылғы 30 қаңтар Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Б.Р.Ералиева,

талап қоюшы «Мұнайлы ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Басқарма) «ИС[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (бұдан әрі - ЖШС) мен «Ө[...]» ЖШС араларындағы шарттарды, шотфактуралар негізінде жасақталған мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы талап қоюмен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2022 жылғы 23 тамыздағы шешіміне, Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 8 қарашадағы қаулысына жауапкер «Ө[...]» ЖШС-нің сенімді өкілі А[...] келтірген өтінішхатын істі сұрату арқылы алдын ала қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Басқарма сотқа жоғарыда көрсетілген талап қоюмен жүгінген. Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2022 жылғы 23 тамыздағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.

«ИС[...]» ЖШС мен «Ө[...]» ЖШС-нің арасындағы электронды шот фактуралардың негізінде жасақталған келесі мәмілелер жарамсыз деп танылған: ESF-[...]-20190504-49886803 2019 жылғы 4 мамырдағы, ESF-[...]-20190703-64278262 2019 жылғы 3 шілдедегі, ESF-[...]-20190805-05211834 2019 жылғы 5 тамыздағы, ESF-[...]-20190805-05211834 2019 жылғы 5 тамыздағы, ESF-[...]-20190805-05211834 2019 жылғы 5 тамыздағы, ESF-[...]-20190805-05211834 2019 жылғы 5 тамыздағы, ESF-[...]-20190805-05211834 2019 жылғы 5 тамыздағы, ESF-[...]-20190805-05211834 2019 жылғы 5 тамыздағы.

«ИС[...]» ЖШС мен «Ө[...]» ЖШС-нен мемлекет пайдасына 12 096 теңге баж алымы бөлісу тәртібімен өндірілген.

Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 8 қарашадағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Өтінішхатта арызданушының өкілі Е.Ж.А[...] істі қарау барысында процестік құқық нормаларының бұзылғанын көрсетіп, іс бойынша қабылданған жергілікті соттардың сот актілерінің күшін жойып, іс жүргізуді тоқтату туралы жаңа сот актісін шығаруды сұраған.

АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.

Іс құжаттарына қарағанда тараптар арасында сорғы-компрессорлық темір құбырын, бұрғылау құлпын жеткізу және мұнай өндірісінде техникалық қызмет көрсету бойынша үш шарт және шот-фактуралар негізінде бес мәмілелер жасалған.

Басқарма талап қоюында «ИС[...]» ЖШС-і көрсетілген қызметтерді көлік құралдарының және басқа да материалдық, еңбек ресурстарының болмауы себепті атқаруға мүмкіндігінің жоқтығымен негіздеген. Сол себепті тараптар арасындағы мәмілелердің жасалғаны және орындалғаны күмән туғызатынын, салық салынатын айналым 48 013 936 теңгені, оның ішінде қосымша құн салығы 5 761 672 теңгені құрағанын көрсеткен.

Сот актілеріне қарағанда, «ИС[...]» ЖШС-і 2019 жылға көлік құралдары, жер және мүлік салықтары бойынша салықтық декларация тапсырмаған. Өзінің атына көлік құралдарын, арнайы техникаларды, жылжымайтын мүліктерді тіркемеген.

Талап қоюшы жолдаған бірнеше хабарламалар «ИС[...]» ЖШС-мен орындалмаған. Осыған байланысты оның банктік есеп шоттары бұғатталған.

«ИС[...]»» ЖШС-і 2018-2021 жылдар бойынша қосымша құн салығы және корпоративтік табыс салығы бойынша төлемдер жүргізбеген, осы кезеңге қоршаған ортаға эмиссиялар үшін төлем декларациясын мүлдем тапсырмаған.

Сондай-ақ, «ИС[...]»» ЖШС-і тіркелім бойынша қызмет көрсету түрі «Тұрғын үй құрылысы», яғни шарттар бойынша басқа кызметтер көрсеткен.

Жергілікті соттардың талап қоюды қанағаттандыруына жауапкерлердің салықтық міндеттемелерді азайту және салық төлеуден жалтару мақсатында формальды құжат айналымын жасағаны негіз болған.

Өтінішхат иесі соттар сот актілерін қабылдаған кезде қолдануға жататын заңды қолданбағанын, сондай-ақ іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін дұрыс анықтамағанын және нақтыламағанын, сол себепті сот тұжырымдарының істің мән-жайларына сәйкес келмеуіне жол берілген деп санайды.

Өтініш беруші жауапкерлер арасында сорғы-компрессорлық құбырын жеткізуге 2019 жылғы 21 қаңтардағы № 211382/2019/1 санды және құбырларды жөндеу/қалпына келтіру жұмыстарына 2018 жылғы 29 желтоқсанда № 13-19 санды келісім-шарттары жасалғанын көрсеткен. Ашық тендер тәсілімен өткізілген сатып алудың 2018 жылғы 26 желтоқсандағы № 211382-81410 хаттамасына сәйкес «И[...]» ЖШС 2-ші орынды иеленген, тендер нәтижесінде жеңімпаз деп танылған «Офис-Про» жеке кәсіпкер Ережеге сай тиісті құжаттардың түпнұсқаларын немесе нотариалды куәландырылған құжаттарды ұсынбай, келісім-шарт жасаудан жалтаруына байланысты, 2019 жылғы 10 қаңтарда жасалған № 1 хаттама негізінде тендерде 2-ші орынды иеленген әлеуетті өнім беруші, яғни «ИС[...]» ЖШС жеңімпаз деп анықталған, келісімшарттың жалпы құны 47 040 000 теңгені құраған, құбырларды жеткізу мерзімі келісім-шартқа қол қойған мерзімнен бастап 90 күнтізбелік күн ішінде деп белгіленген, олардың жалпы саны 100 тонна.

2019 жылғы 22 сәуірде № 122 қабылдау актісіне сай 42,546 тонна құбыр және 2019 жылғы 28 маусымда № 205 қабылдау актісіне сай 57,454 тонна құбыр жеткізілген.

2019 жылғы 28 маусымда № 205 қабылдау актісімен қабылданған 57,454 тонна құбырлардың бұрын қолданыста болғаны анықталып, 2021 жылғы 10 қарашада олар қайтару актісімен «ИС[...]» ЖШС-не қайтарылған.

2019 жылғы 4 мамырда ESF-[...]-20190504-49886803 ЭШФмен келісім шарт талаптарына сәйкес, төлемге берілген 20 013 638 теңгенің 90%, яғни 18 012 275 теңгесі 2019 жылы 5 шілдеде № 1764 төлем тапсырмасымен төленген.

2019 жылғы 3 шілдеде ESF-[...]-20190703-64278262 ЭШФмен төлемге берілген 27 026 361,6 теңге, екінші партиямен жеткізілген құбырлардың бұрын қолданыста болуына және кері қайтарылуына байланысты «ИС[...]» ЖШС-не төленбеген.

Құбырларды жөндеу/қалпына келтіру жұмыстарына 2018 жылғы 29 желтоқсанда жасалған № 13-19 санды келісім-шарт Ережеге сай өткізілген сатып алудың нәтижесінде жасалған. Ашық тендер тәсілімен өткізілген сатып алудың 2018 жылғы 12 желтоқсандағы № 207130-76430 хаттамасына сәйкес «ИС[...]» ЖШС жеңімпаз деп танылған.

Келісім-шарттың жалпы құны 116 824 960 теңгені құрайды.

Құбырларды жөндеу/қалпына келтіру жұмыстарын орындау мерзімі келісім-шартқа қол қойған уақыттан бастап 2019 жылдың 31желтоқсанына дейін деп белгіленген.

Келісім-шарт бойынша орындалған жұмыстарға байланысты 2019 жылғы 5 тамызда ESF-[...]-20190805-05211834 электрондық шот фактурамен (бұдан әрі-ЭШФ) төлемге берілген 6 735 608,32 теңгенің 6 706 402,08 теңгесі 2019 жылғы 19 тамызда № 2225 және 2020 жылғы 11 ақпанда № 370 төлем тапсырмаларымен төленген.

Ереже талаптарына сәйкес, көрсетілген тауар жеткізу мен жұмыстарды сатып алуға өткізген ашық тендерлерге жасалған тендерлік құжаттамаларда, техникалық сипаттамаларда тапсырыс беруші, яғни, «Ө[...]» ЖШС-не функционалдық, техникалық, сапалық және пайдалану сипаттамаларына жатпайтын талаптар қою құқығы шектелген.

Тапсырыс беруші мұндай талаптарды тендерлік құжаттамада қарастырып, тендерге қатысушы әлеуетті өнім берушілерден талап етуі, Ережеге сай емес артық талаптар қою және бәсекелестікті қасақана тарылту, өзге де тендерге қатысушы әлеуетті өнім берушілердің құқығын шектеу деп есептеліп, Ереженің 37 тармағының 2 тармақшасын бұзу деп табылады. Ереже талаптарына сай жылжымайтын мүліктердің, яғни жер телімі, қойма жайлары, техникалық қызмет көрсетуге арналған гараждардың әлеуетті өнім берушінің жеке меншігінде болуы міндетті емес. «ИС[...]» ЖШС «СҚ[...]» акционерлік қоғамының алдын-ала іріктеуінен өтіп, ашық тендерлерге білікті әлеуетті өнім беруші ретінде қатысқан. Ол оның электронды өтінімі арқылы расталады.

Осындай ашық тендер «СҚ[...]» акционерлік қоғамымен құбырларды жөндеу/қалпына келтіру жұмыстарына да өткізіліп, «И[...]» ЖШС-і жеңімпаз аталып, онымен даулы шарт жасалған.

Ашық тендер өткізу туралы хабарлама мен тендерлік құжаттамада біліктілік критерийлерінің сәйкестік деңгейілері көрсетілген. Олар «И[...]» ЖШС-нің алдын-ала іріктеуден өтіп, білікті әлеуетті өнім беруші екенін дәлелдеп, талап қоюшының екі жақтың тиісті құқықтық салдарлар жасау ниетінсіз, тек алдау үшін жасалған мәміле деген уәждерін жоққа шығарады.

Сонымен қатар, ол азаматтық-құқықтық мәмілелердің заңды түрде жүргізілгенін дәлелдеп, жасақталған мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы талап қоюдың негізсіз екенін анықтайды.

Келісім-шарт бойынша тауарлар жеткізілген, жұмыстар орындалған, тиісті салықтар төленген.

Сот өзіне ұсынылған құжаттарды назарға алмай, шешімнің сипаттау бөлігінде жауапкерлер арасындағы қызметтер айналымы 48 013 936 теңгені, соның ішінде қосымша құн салығы 5 761 672 теңгені құрайды деп, қате көрсеткен және ол төленбеген 27 026 361,6 теңгені ескермеген.

Сонымен, жауапкерлер арасындағы қызметтер айналымы барлығы 24 718 676,64 теңгені құрайды.

Жоғарыдағылардың негізінде, жергілікті соттардың тұжырымы іс құжаттарымен сәйкес келмейді.

Судья өтінішхат берушінің көрсетілген уәждері сот актілерін қайта қарауға негіз болатынын басшылыққа алып, азаматтық істі алқа отырысында қарау үшін беру қажет деп санайды.

АПК-нің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, судья

ҚАУЛЫ ЕТТІ :

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2022 жылғы 23 тамыздағы шешімін, Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 8 қарашадағы қаулысын қайта қарау туралы жауапкер «Ө[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сенімді өкілі А[...] келтірген өтінішхаты іспен бірге Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына берілсін.

Қаулының көшірмесін іс бойынша қатысқан тұлғаларға жолдансын.

Судья

Б.Р.Ералиева

Көшірмесі дұрыс Судья Б.Р.Ералиева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.