ҚАУЛЫ
2025 жылғы 19 қыркүйек №6003-25-00-4к/1453 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші – судья Д.Ә. Әбдіғалиев,
судьялар – Г.М. Ыдырысова, М.А. Қасымов,
талап қоюшының өкілі Ә. Серікқазының, жауапкердің өкілдері Д.Ж. Амирбаева мен А.М. Абдрахмановтың, мүдделі тұлға «Саябақ» шаруа қожалығының (бұдан әрі – ШҚ) өкілдері Е.Мустафин мен Ж. Сулеевтің қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы Майры Ашимхановна Нугуманованың жауапкер Абай облысы Үржар ауданының әкіміне (бұдан әрі – аудан әкімі) қатысты жер комиссиясының 2012 жылғы 26 маусымдағы № 293 хаттамалық шешімін мен аудан әкімінің 2012 жылғы 23 шілдедегі № 297 қаулысын заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған
Абай облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының (бұдан әрі – МАӘС) 2024 жылғы 15 қазандағы шешімі мен Абай облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – ӘІжСА) 2025 жылғы 4 наурыздағы қаулысына мүдделі тұлға «Саябақ» ШҚ-ның берген кассациялық шағымы бойынша әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгініп, дауланып отырған әкімшілік актілердің заңсыздығын көрсетіп, өзіне тиесілі жер учаскесінің бір бөлігі мүдделі тұлғаға беріліп, жер учаскелерінің қабаттасуы орын алғанымен негіздеді.
МАӘС-тің 2024 жылғы 15 қазандағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.
ӘІжСА-ның 2025 жылғы 4 наурыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Кассациялық шағымда мүдделі тұлғаның өкілі жер учаскелерінің қабаттасу фактісінің дәлелденбегенін көрсетіп, сот актілерін жоюды және талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығаруды сұрайды.
Кассациялық шағымның уәждерін талқылай отырып, іс материалдарын зерттеп, ұсынылған дәлелдемелерді бағалап, кассациялық сот келесі қорытындыға келеді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бқдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер ӘРПК-де өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сай заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы АПК-нің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
ӘРПК-нің бірінші бабының үшінші бөлігіне сәйкес, егер ӘРПК-де өзгеше тәртіп көзделмесе, әкімшілік сот ісін жүргізуде АПК-нің ережелері қолданылады.
Апелляциялық сатыдағы сотпен жіберген бұзушылық оның шығарған сот актісін қайта қарауға әкеп соғады.
М.А. Нугуманова бастапқыда сотқа жер комиссиясының 2012 жылғы 26 маусымдағы № 293 хаттамалық шешімін және аудан әкімінің 2012 жылғы 23 шілдедегі №297 қаулысының бір бөлігін заңсыз деп тану және күшін жою туралы талап қоюмен жүгінген.
МАӘС-тің 2023 жылғы 3 тамыздағы ұйғарымымен, оны өзгеріссіз қалдырған ӘІжСА-ның 2023 жылғы 12 қазандағы ұйғарымымен, талап қою ӘРПК-нің 136-бабының сегізінші бөлігіне сәйкес талап қою мерзімін өткізіп алуына байланысты қайтарылған.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 28 мамырдағы қаулысымен жоғарыда көрсетілген сот актілерінің күші жойылып, іс бірінші сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жолданған.
Апелляциялық сатыда іс 2025 жылғы 4 наурызда төрағалық етуші судья Л.Е. Қайырбаева, судьялар Ш.С. Манжуева мен Қ.А. Төбелбасованың құрамында қаралған.
АПК-нің 37-бабының екінші бөлігінің талаптарына сәйкес, апелляциялық сатыдағы сотта істі қарауға қатысқан судья осы істі бірінші, кассациялық сатылардағы соттарда қарауға, істі Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотында қайта қарау кезінде, сол сияқты өзінің қатысуымен қабылданған сот актісінің күші жойылған жағдайда істі апелляциялық сатыдағы сотта жаңадан қарауға қатыса алмайды.
Судья Ш.С. Манжуева бұрын осы істі 2023 жылғы 3 тамыздағы талап қоюды қайтару туралы МАӘС-тің ұйғарымын қайта қарау кезінде қараған және 2023 жылғы 12 қазанда дауланған ұйғарымды өзгеріссіз қалдыру туралы ұйғарым шығарған. Кейін бұл сот актілеріеің күштері жойылған.
Осыған байланысты судья Ш.С. Манжуева Ш.С. апелляциялық сатыдағы сотта істі жаңадан қарауға қатысуға құқығы болмаған.
Осыған ұқсас құқықтық ұстаным Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 19 қазандағы (№6001-23-00-6ап/366) қаулысында да көрсетілген. Жоғарыда аталған мән- жай әкімшілік рәсімдер мен әкімшілік (сот) практикасының біркелкілігін қалыптастыру міндеттерін іске асыру болып табылады (ӘРПК-нің 5 және 151-баптары).
АПК-нің 427-бабының төртінші бөлігінің 1) тармақшасына сәйкес, істі соттың заңсыз құрамы немесе соттылық туралы қағидаларды бұзып қараған жағдайда бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылуға жатады.
Осыған байланысты, тараптар мәлімдеген талаптар мен кассациялық шағымның уәждерінің мәнін талқыламай, процестік заң нормаларының бұзылуына байланысты кассациялық сатыдағы сот апелляциялық сатыдағы соттың 2025 жылғы 4 наурыздағы қаулысының күшін жойып, істі апелляциялық сатыдағы сотқа басқа құрамда қайта қарауға жіберу қажет деген қорытындыға келді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 3) тармақшасын басшылыққа ала отырып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Абай облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 наурыздағы қаулысының күші жойылып, осы іс апелляциялық сатыдағы сотқа судьялардың өзге құрамында жаңадан қарауға жіберілсін.
Мүдделі тұлға «Саябақ» шаруа қожалығының кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші
Д. Әбдіғалиев
Судьялар
Г. Ыдырысова
М. Қасымов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.