6001-24-00-3г/2037
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 10 маусым Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы М.Ж.Бектұрғанов талап қоюшы Ж[...] жауапкер «Шымкент қаласының білім басқармасы» мемлекеттік мекемесіне еңбек шартын тоқтату туралы бұйрықтың күшін жою, жұмысқа қайта орналастыру, лажсыз бос жүрген уақытына жалақы өндіру туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 6 ақпандағы қаулысына талап қоюшы өкілі О[...] келтірген өтінішхатын істі сұрату арқылы алдын ала қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы Ж[...] сотқа жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен жүгінген.
Шымкент қаласы азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2023 жылғы 27 қазандағы шешімімен талап қоюы ішінара қанағаттандырылды.
«Шымкент қаласының білім басқармасы» мемлекеттік мекемесінің Ж[...] қатысты 2023 жылғы 28 шілдедегі №94ж/қ еңбек шартын тоқтату туралы бұйрықтың күші жойылып, талап қоюшы директор лауазымына қайта алынған.
«Шымкент қаласының білім басқармасы» мемлекеттік мекемесіне қарасты «№138 жалпы орта білім беретін мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінен Ж[...] пайдасына 1 150 161 теңге жалақы, өкілдің көмегіне жұмсалған 380 000 теңге өндірілген.
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 6 ақпандағы қаулысымен сот шешімі өзгертілді.
Шешімнің талап қоюшы Ж[...] жауапкер «Шымкент қаласының білім басқармасы» мемлекеттік мекемесіне еңбек шартын тоқтату туралы бұйрықтың күшін жою, жұмысқа қайта орналастыру, лажсыз бос жүрген уақытына жалақы өндіру туралы талап қоюды қанағаттандырған бөлігінің күші жойылып, бұл бөлігінде іс бойынша талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығарылды.
Шешімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылды.
Өтінішхатта арыз беруші істі қарау барысында материалдық құқық нормаларының бұзылуына байланысты азаматтық іс бойынша қабылданған сот алқасының қаулысының күшін жойып, бірінші саты сотының шешімін қалпына келтіруді талап арызды қанағаттандыруды сұраған.
Сотта анықталғандай, 2020 жылғы 14 желтоқсандағы №819ж/қ санды бұйрықпен Ж[...] «Шымкент қаласының білім басқармасы» мемлекеттік мекемесіне қарасты «№138 жалпы орта білім беретін мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - орта мектеп) директоры лауазымына тағайындалған.
Орта мектептің директоры Ж[...] 2020 жылғы 30 желтоқсандағы №06ж/қ санды бұйрық негізінде М[...] (бұдан әрі - М[...]) орта мектептің бас есепшісі қызметіне жұмысқа қабылданып, орта мектептің барлық құжаттарына бас есепшіге екінші қол қою құқығы берілген. Орта мектептің басшысы Ж[...] «Казтокинг» кілтін қолдана алмауына байланысты соңғының «Казтокинг» кілтін жүргізуді бас есепші М[...] тапсырылған (бұйрықпен).
Одан алдын, «Б[...] атындағы №2 жалпы орта білім беретін мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - №2 орта мектеп) директоры Ж[...] (алдын №2 орта мектептің директоры болған кезде) 2019 жылғы 24 қазандағы №180 санды бұйрық негізінде М[...] бас есепші лауазымына ауыстырылып, Ж[...] «Казтокинг» кілтін қолдана алмауына байланысты соңғының «Казтокинг» кілтін жүргізуді бас есепші М[...] тапсырылған.
Бас есепші М[...] №138 орта мектептің және №2 орта мектептің бас есепші қызметін атқарып жүргенде 67 093 609 теңгені жымқырған деген күдікпен «Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ісқимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесімен М[...] үстінен тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп, қылмыстық іс қозғалған.
Заңды күшіне енген Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2023 жылғы 29 маусымдағы үкімімен М[...] екі орта мектептен 67 093 609 теңге жымқырғаны үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағымен кінәлі деп танылып, жеті жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі 2023 жылғы 17 сәуірдегі №13-21-3/1141 жауапкерге ұсыныс жолдап, онда Ж[...] «Казтокинг» кілтін жүргізуді бас есепші М[...] тапсырғаны үшін тәртіптік теріс қылық жасады деген уәждермен атқаратын лауазымынан шығару түріндегі жаза қолдану қажеттілігін көрсеткен.
2023 жылғы 27 шілдедегі №94ж/қ санды бұйрықтың негізінде Ж[...] еңбек шарты тоқтатылған.
Бірінші сатыдағы сот талап қоюшының талабын ішінара қанағаттандырып оның негізі ретінде тәртіптік жаза қолдану жұмыс берушінің арнайы комиссиясының құзыретінде болатындығын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің ұсынысынысын басшылыққа алуға жатпайтынын, себебі қылмыстық қудалайтын орган ұсынысында қандай тәртіптік жауапкершілікті қолдану керек екенін көрсетпеуі тиіс екендігін, Ж[...] қатысты қылмыстық іс қозғалмағандығын, сонымен қатар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің ұсынысы 2023 жылғы 17 сәуірде жауапкерге түскендігін, Ж[...] 2023 жылғы 21 сәуірден бастап 2023 жылғы 28 маусымға дейін еңбекке жарамсыз болуына байланысты жұмыста болмағандығын, алайда, жауапкер еңбек шартын тоқтату туралы бұйрықты 2023 жылғы 28 шілдеде шығарған, яғни Кодекстің 66-бабының 1-тармағының талаптары бұзылып, 1 ай 4 күн өткеннен кейін қаралған.
Апелляциялық сатыдағы сот, бірінші сатыдағы соттың тұжырымымен келіспей, талап қоюшы басшы ретінде өзіне жүктелген міндеттерді тиісті түрде атқармай яғни бір жыл көлемінде бас есепшінің жұмысын қадағаламай, М[...] біліктілігін растайтын құжатының жоқтығын біле тұра, бас есепші қызметіне алып, оған «Казтокинг» кілтін беріп, 67 093 609 теңгені жымқыруына жол беріп, заң талаптарын өрескел бұзып, өзіне сеніп тапсырылған мемлекеттік меншіктің сақталуын қамтамасыз етпей, оның қылмыстық құқық бұзушылық жасауына жағдай туғызған деп көрсетіп Ж[...] 2023 жылғы 21 сәуірден бастап 2023 жылғы 28 маусымға дейін денсаулығына байланысты еңбекке жарамсыз парағында болғандықтан, ұсынысты қараудың 1 айлық мерзімі жауапкер тарапынан бұзылмаған деп есептеп шешімді өзгертіп, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығарған.
Өтінішхат иесі өтінішхатта сот алқасының тұжырымымен келіспей, тәртіптік жаза қолдану тікелей жұмыс берушінің құзіретіне кіретіндігін, алайда жұмыс беруші жұмыстан босатуда тікелей Сыбайлас жемқорлық қызметінің ұсынысын басшылыққа алғанын көрсетіп, бас есепші ретінде қызмет атқарған М[...] тергеу кезінде мемлекеттік қаражатты тікелей өзінің жымқырғаны дәлелденген, яғни қаражаттар «LotoClub» АҚ-ның есебіне түскені дәлелденген, бұл жерде Ж[...] іс бойынша куә ретінде сұралған, сол себепті алқаның оның аударылып отырған мемлекет қаражаты туралы біледі деген сілтемесі негізсіз деп көрсеткен.
Өтінішхат иесі сот алқасының тәртіптік жаза қолдану мерзімі өтпеген деген тұжырымымен келіспейді, жауапкердің Ж[...] тәртіптік жазаны 1 ай 9 күнде бір айлық мерзімін өткізіп 2023 жылдың 28 шілде айында қолданғанын көрсетті, себебі ұсыныс 2023 жылдың 17 сәуірінде басқармаға түседі, 21 сәуір аралығы 4 күн, талап қоюшы 2023 жылдың 10 маусымынан 15 маусымы аралығында жұмыста болған, ол 5 күнді құрайды, содан 29 маусым жұмысқа кіріскен, барлығы 1 ай 9 күнді құрайтынын көрсеткен.
Өтінішхатта жұмыс беруші талап қоюшыны жұмыстан босатқан уақытта еңбек заңнамасының тәртібі бұзалғанын негіздеп отыр.
Судья өтінішхатта көрсетілген уәждердің іс үшін маңызы бар екендігін және даулы сот актілерін қайта қарауға негіз болатынын ескере отырып, оны іспен бірге алқа отырысында қарауға жолдау қажет деп санайды.
АПК-тің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шымкент қаласы азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2023 жылғы 27 қазандағы шешімін, Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 6 ақпандағы қаулысын, талап қоюшы өкілі О[...] келтірген өтінішхаты іспен бірге Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының сот отырысында қарау үшін берілсін.
Қаулының көшірмесі іске қатысушы тараптарға жолдансын.
Судья М.Бектұрғанов Көшірмесі дұрыс Судья М.Бектұрғанов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.