ВС РК - Постановление от 05.03.2025 по делу 6001-24-00-6ап/1385 (Административное)

6001-24-00-6ап/1385

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 5 наурыз Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші судья Г.Б.Дуйсенбаев,

судьялар Г.К.Нұрбаев, Е.Д. Өміралиев болып,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында талап қоюшы Ерхан Ибадуллаевтың жауапкер жеке сот орындаушысы Гульнара Аспадьяровна Болгамбаеваға қаулыларды заңсыз деп тану туралы әкімшілік ісі бойынша,

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 6 наурызындағы ұйғарымына және Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 11 сәуіріндегі ұйғарымына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген. Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 6 наурызындағы ұйғарымымен талап қою мерзімін қалпына келтіру туралы өтінішхат қанағаттандырудан бас тартылып, талап қою талап қоюшыға қайтарылған.

Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 11 сәуіріндегі ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы күшінде қалдырылған.

Талап қоюшының өкілі кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған бірінші және апелляциялық саты соттарының сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды сұраған.

Тараптар Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Іс құжаттарын зерттеп, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот алқасы (бұдан әрі – сот алқасы) төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Іс құжаттарынан анықталғандай, 2023 жылғы 27 шілдеде Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты Ерхан Ибадуллаевтан 2023 жылғы 26 шілдеден бастап ай сайын табысының және (немесе) өзге де табысының 1/3 бөлігі мөлшерінде кәмелетке толмаған балаларға Лазат Ибадуллаеваның пайдасына алимент өндіріп алу туралы сот бұйрығын шығарған.

Осы атқарушылық құжаттың негізінде 2023 жылғы 1 тамызда ЖСО Е.Ибадуллаевқа қатысты атқарушылық іс қозғады.

Сол күні ЖСО СМС-хабарлама арқылы борышкерге атқарушылық іс қозғалғаны туралы хабарланды.

2023 жылғы 21 тамызда борышкерге атқарушылық іс жүргізу материалдарымен танысу құқығы түсіндірілетін хабарлама, атқарушылық құжатты дереу орындау туралы талап, сондай-ақ егер берешек 40 АЕК-ке тең немесе одан асқан жағдайда оған қатысты хабарлама жасалған күннен бастап 5 жұмыс күнінен кейін Қазақстан Республикасынан шығуға уақытша шектеу түрінде шара қолданылатыны туралы хабарлама жіберілген.

Сол күні ЖСО екінші хабарлама жолдады, онда борышкерге атқарушылық құжат орындалмаған жағдайда сот орындаушысы мәжбүрлеп орындау шараларын, оның ішінде: 1) борышкердің ақшалай қаражатына және басқа да мүлікке тыйым салу; 2) борышкердің өзіндегі жылжымалы және жылжымайтын мүлкін алып қою; 3) борышкерге белгілі бір әрекеттер жасауға тыйым салу; 4) борышкерге өзіне меншік құқығымен тиесілі мүлікті , оның ішінде ақшаны пайдалануға тыйым салу не оны сот орындаушысы белгілеген шекте пайдалануға нұсқау беру; 5) борышкердің Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығуына уақытша шектеу; 6) лицензиялар, рұқсаттар және арнаулы құқықтар беруге уақытша тыйым салу, сондай-ақ олардың қолданылуын тоқтата тұру.

Көрсетілген хабарламалар борышкерге СМС-хабарлама арқылы жіберілген, ол туралы жеткізу туралы есепте бекітілген.

Талап қоюшы Е.Ибадуллаевқа даулы қаулылар туралы белгілі болғаны атқарушылық өндіріс құжаттарымен расталған.

Алайда, талап қоюшы тек 2024 жылғы 17 ақпанда сотқа талап қоюмен жүгінді.

ӘРПК-нің 136 бабының 4-бөлігіне сәйкес сот орындаушысының атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) талап қою әрекет жасалған (әрекет жасаудан бас тартылған) күннен бастап немесе сот орындаушысының әрекет жасау уақыты мен орны туралы хабарланбаған өндіріп алушыға немесе борышкерге ол туралы белгілі болған күннен бастап он жұмыс күні ішінде сотқа беріледі. ӘРПК-нің 136-бабының 8-бөлігінде талап қоюды сотқа беруге арналған мерзімді дәлелді себепсіз өткізіп алу, сондай-ақ сотқа жүгінудің өтіп кеткен мерзімін қалпына келтірудің мүмкін болмауы талап қоюды қайтару үшін негіз болып табылады делінген.

Талап қоюшы талап қоюмен заңда белгіленген мерзімнен кеш жүгінуіне дәлелді себептер ұсынбаған.

ӘРПК-нің 138-бабының 2-бөлігінің 15) тармақшасына сай, сот талап қоюды беруге өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіруден бас тартса, сот(судья) талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады.

Сәйкесінше, бірінші саты сотының талап қоюшының талап қою мерзімін қалпына келтіру туралы арызы қанағаттандырудан бас тартылуға жататыны туралы тұжырымы негізді әрі заңды.

Талап қоюшы талап қоюды сотқа беруге арналған мерзімді дәлелді себепсіз өткізіп алғандықтан бірінші саты соты талап қоюды негізді қайтарған.

АПК-ның 452 бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426 бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерімен тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 6 наурызындағы ұйғарымы және Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 11 сәуіріндегі ұйғарымы өзгеріссіз, талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Судьялар

Г.Б. Дуйсенбаев

Г.К. Нұрбаев Е.Д. Өміралиев

Көшірмесі дұрыс Судья

Г.К. Нұрбаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.