ВС РК - Постановление от 18.03.2020 по делу 6001-20-00-3гп/79 (Гражданское)

6001-20-00-3гп/79

Қ А У Л Ы

18 наурыз 2020 жыл Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші - алқа төрағасы М.Таймерденов, судьялар Б.Мақұлбеков, А.Сапарова, прокурор У[...],

арыз беруші М[...],

«Нұр-Сұлтан қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы» мемлекеттік мекемесінің өкілі С[...] қатысуымен,

ашық сот отырысында мобильдік қосымша арқылы арыз беруші М[...] «Нұр-Сұлтан қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Басқарма) есептен шығару туралы бұйрығын және тұрғын үй комиссиясының хаттамалық шешімін заңсыз деп тану, бұзылған құқықтарды қалпына келтіруге міндеттеу туралы азаматтық іс бойынша қабылданған

Нұр-Сұлтан қаласы Есіл аудандық сотының 2019 жылғы 26 сәуірдегі шешіміне және Нұр-Сұлтан қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 17 қыркүйектегі қаулысына Басқарманың келтірген өтінішхатымен келіп түскен азаматтық істі қарап,

Арыз беруші М[...] сотқа жоғарыда көрсетілген арызбен жүгінген.

Нұр-Сұлтан қаласы Есіл аудандық сотының 2019 жылғы 26 сәуірдегі шешімімен арыз қанағаттандырылған. Басқарманың 29 желтоқсан 2018 жылғы №02-41/291 бұйрығының, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің жанындағы тұрғын үй комиссиясының 21 желтоқсан 2018 жылғы №19 нөмірлі хаттамалық шешімінің коммуналдық тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйге мұқтаж жандар есебінен М[...] шығару туралы бөлігі заңсыз деп танылған. Нұр-Сұлтан қаласы Әкімдігінің тұрғын үй Басқармасына мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйге мұқтаж жандар есебіне арызданушыны қайта тұрғызып, құқық бұзуға дейінгі жағдайды қалпына келтіру міндеттелген.

Нұр-Сұлтан қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 17 қыркүйектегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Өтінішхатта Басқарма соттар істі қарау барысында материалдық және процестік құқық нормаларын бұзғанын көрсетіп, іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жойып, арызды толық көлемде қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған.

Азаматтық іс бойынша жиналған дәлелдемелерге сәйкес арызданушы М[...] Басқармаға 8 сәуір 2010 жылы өзімен бірге жанұя мүшелері ретінде жұбайы Р[...], ұлы Р[...] көрсете отырып, «оралман» санаты бойынша мемлекеттік коммуналдық тұрғын тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждар кезегіне қою туралы арыз берген.

Астана қаласы әкімдігінің жанындағы тұрғын үй комиссиясы отырысының хаттамалық шешіміне сәйкес арызданушы 8 сәуір 2010 жылдан бастап тұрғын үй қорынан тұрғын үй алу үшін «оралман» санаты бойынша кезекке қойылған.

Ары қарай, Басқарма тарапынан өз өкілеттігі аясында кезекте тұрған азаматтарға қатысты түгендеу жұмыстары жүргізіліп, 2 қараша 2018 жылы Астана қаласы Ішкі істер департаментінің көші-қон қызметі басқармасына № 158-15/6500 шығыс хатына сәйкес сұраныс жіберілген.

Департаменттен алынған деректерге сәйкес М[...] 2009 жылдан бастап Қазақстан Републикасының азаматы екендігі анықталған.

«Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 22 шілдедегі № 94 (бұдан әрі - Заң) және «Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 22 шілдедегі № 477-IV (бұдан әрі – Арнайы заң) заңдарының талаптарын басшылыққа алып, Астана қаласы әкімдігінің 21 желтоқсан 2018 жылғы № 19 хаттамалық шешімімен және Басқарманың 29 желтоқсан 2018 жылғы № 02-41/291 бұйрығының негізінде арыз беруші М[...] коммуналдық тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйге мұқтаж жандар есебінен шығарылған.

Сонымен қатар, 21 желтоқсан 2018 жылғы хаттамада арыз беруші күйеуі, баласы туралы ешбір мәлімет көрсетпеген және арыз беруші басқа санатқа ауыстыруға негіз болатын құжаттарды тапсырмаған деген қорытынды жасалған.

Өзінің сотқа берген арызында М[...] 28 желтоқсан 2010 жылы дүниеге екінші ұлы келгенін, жолдасы Р[...] 6 сәуір 2017 жылы заңды түрде ажырасқанын, Басқармаға екінші ұлын да кезекке қою, өзін «оралман» санатынан, «жалғыз басты ана» санатына ауыстырып, тұрғын үй алу кезегін реттеу туралы бірнеше рет арыз бергенін, алайда оның өтініші қанағаттандырусыз қалдырылғанын көрсеткен.

Арыз берушінің талабын қанағаттандыра отырып, жергілікті соттар М[...] 8 сәуір 2010 жылы тұрғын үй алу кезегіне заңды қойылғанын, кейіннен оның отбасы жағдайының өзгеруіне байланысты «толық емес отбасы» санатына жататындығын, ол кезектен заңсыз шығарылған деген қорытындыға келген.

Азаматтық істің материалдарын, өтінішхаттың уәждерін зерделеп, прокурордың дауланып отырған сот актілерін өзгеріссіз қалдыру туралы қорытындысын тыңдап, кассациялық сот алқасы төмендегідей қорытындыға келеді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438 - бабы 5-бөлігінің талаптарына сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Сонымен қатар, сот алқасы АПК-нің 449 - бабының 2 бөлігінде көрсетілген «кассациялық сатыдағы сот заңдылық мүддесiнде өтiнiшхаттың, ұсынудың немесе наразылықтың шегiнен шығуға және шағым жасалған, наразылық келтірілген сот актісінің заңдылығын толық көлемде тексеруге құқылы» деген нормасын басшылыққа алады.

Осы азаматтық дауды қарап және шешкен кезде жергілікті соттар қолданыстағы тұрғын үй қатынастары және көші-қон туралы заңнамаларды дұрыс қолданбай, іс бойынша заңсыз шешім қабылдаған.

Арнайы заңның 25-бабының 1) тармақшасына сәйкес, оралман мәртебесі оралман Қазақстан Республикасының азаматтығын алғаннан кейін тоқтатылады.

Ал, Заңның 73-бабының 1) тармақшасының талаптарына сәйкес азаматтар егер мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үй берiлуi үшiн негіздер жойылған жағдайда тұрғын үйге мұқтаждар есебінен шығарылуға жатады.

Азаматтық іске тігілген Нұр-Сұлтан қаласы Алматы аудандық Ішкі істер басқармасының 23 сәуір 2019 жылғы № 33-8-6-552 анықтамасына сай арыз беруші М[...] 29 қыркүйек 2009 жылы Қазақстан Республикасының азаматтығын алып, 29 қаңтар 2010 жылы № 024845644 жеке куәлігінен 16 қараша 2017 жылы № 043558838 жеке куәлігіне құжаттандырылған. Сондықтан, жоғарыда көрсетілген заңнама нормаларын ескере отырып, сот алқасы арыз беруші М[...] 2010 жылдың 8 сәуір күні мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың кезегіне заңсыз қойылған деген тұжырымға келеді, яғни ол кезекке қойылған уақытта Заңның 68-бабының 7 тармағында көрсетілген халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын азаматтардың санатына кірмеген.

Көрсетілген жағдайларға қарамастан жергілікті атқарушы органның өкілдері өздерінің қызметтік өкілеттіктерін теріс пайдаланып, М[...] тұрғын үй алу кезегіне заңсыз қойған.

Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың М[...] арызын қанағаттандыру туралы қорытындылары осы даулы қатынастарды реттейтін заңнамалардың талаптарына сай келмейді және жергілікті соттар қолданылуы тиісті материалдық заңнаманы қолданбай, заңнамаларды кеңінен талдап, заңсыз шешім қабылдауға жол берген.

Сонымен қатар, бірінші сатыдағы сот Басқарманың 29 желтоқсан 2018 жылғы № 02-41/291 бұйрығымен қоса Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің жанындағы тұрғын үй комиссиясының 21 желтоқсан 2018 жылғы № 19 хаттамалық шешімін де ішінара заңсыз деп таныған.

Алайда, аталған комиссияның хаттамалық шешімінің азаматтық іс жүргізу тәртібімен дауланатыны немесе дауланбайтындығы туралы мәселеге құқықтық баға берілмеген.

Жоғарыда айтылғандардың негізінде дауланып отырған сот актілерін заңды және негізді деп бағалауға болмайды.

Жергілікті соттармен материалдық заңнамаларды қолдануда елеулі қателіктер жіберілгендіктен аталған сот актілерінің күші жойылуға жатады. Сот алқасы азаматтық даудың мән-жайы толық, жан-жақты анықталғанын, бірақ материалдық заңнамаларды қолдануда қателіктерге жол берілгенін ескеріп, істі қайта қарауға жолдамай, жаңа шешім қабылдауға толық құқықтық негіздер бар деп есептейді.

Қазақстан Республикасы АПК-нің 451-бабы 1-бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы,

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Нұр-Сұлтан қаласы Есіл аудандық сотының 26 сәуір 2019 жылғы шешімінің және Нұр-Сұлтан қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 17 қыркүйек 2019 жылғы осы іс бойынша қабылдаған қаулысының күші жойылсын.

Іс бойынша жаңа шешім шығарылсын.

Арыз беруші М[...] арызы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Кассациялық өтінішхат қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші: М.Таймерденов

Б. Мақұлбеков

А.Сапарова

Көшірме дұрыс. Судья

Б. Мақұлбеков

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.