Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 03.02.2026 по делу 6003-25-00-2к/4057 (Гражданское)

6003-25-00-2к/4057 6003-25-00-2к/4057/2

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 3 ақпан

Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К. Рустембеков, судьялар А.О.Тогумбетова, Л.Б.Мамырбаева,

прокурор А.Кадылбековтың, аудармашы Р.Шайхының, талап қоюшының өкілі С.Х.Тастыбайдың, жауапкер Н.В.Илькаеваның және оның өкілдері Р.К.Альжанов пен Б.К.Бекмурзаеваның қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы Астана қаласы әкімдігінің жауапкер Нина Викторовна Илькаеваға өтемақы төлеумен жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару және үйден шығару туралы электронды азаматтық істі талап қоюшымен жауапкердің Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 18 сәуірдегі шешіміне және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 маусымдағы қаулысына берген кассациялық шағымдары бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, онда жауапкердің меншігіндегі жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін ақшалай өтемақы төлей отырып, мәжбүрлеп иеліктен шығаруды сұраған.

Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 18 сәуірдегі шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.

Н.В.Илькаеваға 16 660 000 теңге мөлшерінде ақшалай өтемақыны төлей отырып, Астана қаласы, Байқоңыр ауданы, Сырдария көшесі, 58 үй, 1 пәтер, мекенжайында орналасқан, кадастрлық №21-324-029-124, жалпы ауданы 0,0722 га, оның ішінде үлесі 0,0168 га жер учаскесі мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарылған. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.

Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында істі қарау барысында материалдық құқық нормаларының бұзылғанын, іс үшін маңызы бар мәнжайлардың шеңбері дұрыс анықталмағанын, сарапшының қорытындысымен келіспейтінін көрсетіп, апелляциялық соттың қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгертіп, төленетін өтемақыны 15 209 979 теңге мөлшерінде айқындауды сұраған.

Жауапкер Н.В.Илькаева апелляциялық шағымында шешімнің күшін жойып, іс бойынша қайталама сот сараптамасын тағайындауды сұраған.

Кассациялық сот тараптарды, сот актілерін күшінде қалдыруды сұраған прокурордың қорытындысын тыңдап, шағымның уәждерін талқылап, іс құжаттарын зерделеп, келесі қорытындыға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Астана қаласы әкімдігінің 2024 жылғы 12 тамыздағы №510-2652 қаулысына сәйкес, қаланың Байқоңыр ауданы, Сырдария көшесі, С.Сейфуллин көшесінен Ә.Жангельдин көшесіне дейінгі мекенжайында орналасқан, жалпы ауданы 1,1357 га, жер учаскесін сатып алу арқылы «Сырдария көшесі» объектісінің іздестіру және жобалау жұмыстарын жүргізу мақсатында мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығаруға жатады.

Уәкілетті органмен жауапкерлерге өтемақы төлеу арқылы мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы хабарлама табысталып, 15 209 979 теңге ақшалай өтемақы ұсынылған.

Алайда, жауапкерлер өзінің мүліктерін талап қоюшының бағалаған нарықтық құнымен келіспеген.

Осыған байланысты сот ұйғарымымен тағайындалған сарапшы В.Н.Лобаевтің 2025 жылдың 14 сәуірдегі қорытындысында Астана қаласы, Байқоңыр ауданы, Сырдария көшесі, 58 үй, 1 пәтер мекенжайында орналасқан, кадастрлық №21-324-029-124, жалпы ауданы 0,0722 га жер учаскесінің және онда орналасқан тұрғын үй құрылысы, жасыл желектермен бірге алғанда нарықтық құны 16 660 000 теңгеге бағаланған (бұдан әрі - сарапшының қорытындысы).

Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» заңының (бұдан әрі –Заң) 1-бабының 25) тармақшасының талаптарына сәйкес мүлікті мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару – жер учаскесін мемлекеттік мүлік құрамына алып қоюға байланысты жеке тұлғаларға немесе мемлекеттік емес заңды тұлғаларға тиесілі жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті алып қою, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген ерекше жағдайларда және құны тең бағамен өтелген жағдайда мемлекет мұқтажы үшін жүргізілетін реквизициялау, мемлекет меншігіне алу болып табылады.

Заңның 67-бабының 2, 3-тармақтарына сәйкес, мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесінің, сондай-ақ жер учаскесінде орналасқан жылжымайтын мүліктің құны жер учаскесіне құқықтардың туындау негіздеріне қарамастан, олардың нарықтық құны мөлшерінде айқындалады.

Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты иеліктен шығарылатын жер учаскесінің немесе өзге де жылжымайтын мүліктің нарықтық құнын бағалаушы Заңның 208-бабы 1-тармағының ережелерін ескере отырып, бағалау жүргізу күніне айқындайды. Бірінші сатыдағы сот шешім қабылдаған кезде сарапшының қорытындысын назарға алған. Өйткені, қорытынды иеліктен шығарылатын жер учаскесінің шынайы нарықтық құнын айқындайтын анық дәлелдеме деп танылған. Бұл сараптама заңдылық пен әділдік өлшемдеріне сәйкес келеді. Сарапшымен сараптама салыстырмалы тәсілімен жүргізіліп, зерттеу кезінде аналогтар пайдаланылған. Соттар бұл әдіс Объектінің нарықтық құнын анықтау кезінде ең сенімді әдіс болып табылатынын назарға алған. Аталған қорытынды ғылыми негізделген, бағалау тәртібі, стандарты мен әдістемесін көздейтін нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес, Астана қаласындағы нарықта қалыптасқан жылжымайтын мүлік объектілерінің нақты құнын талдау және зерделеу негізінде құрастырылған.

Апелляциялық сот алқасы соттың бұл тұжырымымен келіскен.

Істің мұндай тұрғысында, соттардың мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп алынатын жер учаскесі мен мүлік үшін өтемақы мөлшерін 16 660 000 теңге деп анықтауы заңды.

Кассациялық шағымдағы уәждер апелляциялық сатыдағы сотта келтірген уәждерге ұқсас және оларға тиісті құқықтық баға берілген.

«Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі» туралы Заңның 14бабына сәйкес, бағалаушының дереккөзiн көрсете отырып, бағалау стандарттарына және (немесе) халықаралық бағалау стандарттарына сәйкес бағалау әдiстерi мен бағалау амалдарын өзі дербес қолдануға құқығы бар. Сарапшының бағалау тәсілдері мен әдістері сот құрылыс-тауартану сараптамасын жүргізу кезінде жылжымайтын мүліктің құнын айқындау әдістемесінің талаптарына сәйкес келеді, оны теріске шығаратын дәлелдемелер ұсынылмаған.

Жергілікті соттар іс бойынша заңды маңызы бар мән-жайларды істі нақты қарау кезінде дұрыс анықтаған. Істің материалдары сотпен толық, жанжақты және объективті зерттелген, тараптар ұсынған дәлелдемелерге жергілікті соттармен тиісті құқықтық баға берілген.

Сондықтан дауланып отырған сот актілері күшінде, кассациялық шағымдар қанағаттандырусыз қалдырылады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 маусымдағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшының және жауапкердің кассациялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков

Судьялар: А.О.Тогумбетова

Л.Б.Мамырбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.