КСАД РК - Постановление от 22.10.2025 по делу 6003-25-00-4к/1986 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 22 қазан №6003-25-00-4к/1986 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:

төрағалық етуші - судья Д.Ә. Әбдіғалиев,

судьялар - Г.М. Ыдырысова, М.А. Қасымов,

талап қоюшының өкілі Т.А. Исмагуловтың, жауапкердің өкілі Д.Е. Орманбектің қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы «К.Канатбаева» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі - Серіктестік) жауапкер «Қызылорда облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Басқарма) қатысты конкурс қорытындылары туралы хаттаманы заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының (бұдан әрі - МАӘС) 2025 жылғы 14 мамырдағы шешімі мен Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі - ӘІжСА) 2025 жылғы 24 маусымдағы қаулысына жауапкер берген кассациялық шағым бойынша әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Талап қоюшы конкурсқа қатысуға берген өтінімінің негізсіз қабылданбағанын негізге ала отырып, жоғарыда көрсетілген әкімшілік талап қоюмен сотқа жүгінген.

МАӘС-тің 2025 жылғы 14 мамырдағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған. 2025 жылғы 18 наурыздағы №13829085-ОК1 конкурс қорытындылары туралы хаттама заңсыз деп танылып, күші жойылды. «Қызылорда облысының білім басқармасының «Жалағаш ауданы бойынша білім бөлімінің «Темірбек Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейі» КММ (бұдан әрі - №123 мектеп) мен ЖК Н.К. Нурмаханованың арасында жасалған 2025 жылғы 28 наурыздағы №31 қызмет көрсету туралы шарты жарамсыз деп танылды.

ӘІЖСА-ның 2025 жылғы 24 маусымдағы қаулысымен МАӘС-тің шешімі өзгеріссіз қалдырылды.

Кассациялық шағымда жауапкер сот актілерінің күшін жоюды және іс бойынша талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұрайды.

Мүдделі тұлға «Қазақстан Републикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті» РММ-ның өкілінен сот отырысына бейнеконференцбайланыс режимінде қосылу туралы өтінішхат түсті. Алайда, аталған өтінішхат қанағаттандыруға жатпайды, себебі сот отырысы Қазақстан Республикасы Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының ғимаратында тараптардың міндетті түрде жеке қатысуымен қарауға тағайындалған, бұл жөнінде іс жүргізуге қатысушылардың барлығы алдын ала хабардар етілген. Көрсетілген мән-жай соттың кассациялық сатысында сот отырысын өткізу форматын өзгертуге негіз болып табылмайды. Осыған байланысты, іс оның қатысуынсыз қаралды.

Әкімшілік іске қатысушы өзге тұлғалар сот отырысының күні, уақыты мен форматы туралы тиісті түрде хабардар етілгеніне қарамастан, сот отырысына келмеген және келмеу себептері туралы сотқа мәлім етпеген.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Кассациялық шағымның уәждерін талқылап, іс материалдарын зерттеп, ұсынылған дәлелдемелерді бағалап, кассациялық сот келесі қорытындыға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер ӘРПК-де өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сай заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы АПК-нің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Мұндай бұзушылықтарға төмен тұрған соттар жол бермеген. Іс материалдарынан Басқарма №123 мектептегі балаларды тамақтандыруды ұйымдастыру қызметтеріне қатысты №74093738-КпОПО1 лоты бойынша №13829085-ОК1 конкурсты жариялағаны анықталған.

Конкурсқа қатысуға Серіктестік, «Нурмаханова Н.К.» ЖК, «Rich Azamat» ЖШС және «Сарсенов С.» ЖК өтінімдер берген.

Дауланып отырған 2025 жылғы 18 наурыздағы №13829085-ОК1 конкурстың қорытындысы туралы хаттамаға сәйкес, конкурс жеңімпазы болып «Нурмаханова Н.К.» ЖК танылған, онымен 2025 жылғы 28 наурызда №31 шарт жасалған.

Қалған 3 әлеуетті өнім берушінің өтінімдері қабылданбаған.

Серіктестіктің өтінімін қабылдамаудың негізі болып, «ас үй жұмысшысы» еңбек ресурсы ретінде мәлімделген С.В. Абенованың еңбек шарты бойынша «тамақтандыру технологы» лауазымына қабылданғаны, ал еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесінде ол «нан кесуші, ас үй жұмысшысы» ретінде тіркелгені анықталғаны табылады. Осылайша, конкурстық өтінімнің мазмұны конкурстық құжаттаманың талаптарына сәйкес келмейтіні анықталған.

Төмен тұрған соттар дауды шешіп, талапты қанағаттандыру барысында келесі тұжырымдарға келген:

  • сот отырысында жауап алынған С.Абенова Серіктестікпен еңбек қатынастарының бар екенін растаған, қазіргі уақытта «Динара» кафесінде тазалаушы ретінде жұмыс істейді; С.Абенова мен Серіктестік арасында 2025 жылғы 8 қаңтардағы еңбек шартына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы 2025 жылғы 31 қаңтардағы қосымша еңбек шарты жасалған, оған сәйкес шарттың 1.1-тармағы «тамақтандыру технологы» лауазымын «ас үй жұмысшысы (жұмысшы)» лауазымына ауыстыру арқылы өзгертілген; еңбек шартының еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесінде (бұдан әрі - ЕШЕБЖ) тіркелуі бар; Серіктестік еңбек ресурсы ретінде қосымша (артық) «аспазды» мәлімдеген, ол С.Абенова атқаратын ас үй жұмысшысының функцияларын орындай алады;

  • конкурстық комиссия ұпайларды есептеу кезінде қате жіберген, Серіктестікке 41 айлық жұмыс өтілі үшін (әр 8 айға - 1 ұпай есебінен) 5 ұпай берілуі тиіс болған;

  • технолог Б.Ж.Іздібай болғаны үшін қосымша 2 ұпай берілуі қажет болған.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы № 598 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында, қосымша білім беретін мектептен тыс ұйымдарда білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру, сондай-ақ мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуге байланысты тауарларды сатып алу қағидаларының» (бұдан әрі - Қағидалар) 25-тармағына сәйкес, конкурсқа қатысу үшін әлеуетті өнім беруші келесі біліктілік талаптарына сәйкес келеді: 1) конкурс өткізу туралы хабарландыру орналастырған күннен кейін мемлекеттік кіріс органдарының мәліметтері негізінде веб-портал автоматты түрде айқындайтын тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің алты еселенген мөлшерінен асатын салық берешегінің болмауы; 2) банкроттық не таратылу рәсіміне жатқызылмауы; 3) материалдық және еңбек ресурстарының болуы.

Қағидалардың 72-тармағына сай, әлеуетті өнім беруші: 1) егер ол мынадай негіздер бойынша біліктілік талаптарына сәйкес келмейді деп анықталса: конкурстық құжаттамаға біліктілік туралы мәліметтерді ұсынбаса, сол сияқты мәліметтерді толық ұсынбаса; әлеуетті өнім беруші конкурстық құжаттамада көрсетілген шарт бойынша міндеттемелерді орындау үшін жеткілікті материалдық және еңбек ресурстарына ие болу бөлігінде біліктілік талаптарына сәйкес келмесе; біліктілік талаптары бойынша дұрыс емес ақпарат беру фактісі анықталса; 2) егер оның конкурсқа қатысуға өтінімі мынадай негіздер бойынша конкурстық құжаттаманың талаптарына сәйкес келмейді деп айқындалса: техникалық тапсырманы ұсынбаса; әлеуетті өнім беруші конкурстық құжаттаманың талаптарына сәйкес келмейтін техникалық тапсырманы ұсынса, сол сияқты техникалық тапсырмамен талап етілетін құжаттарды ұсынбаса; конкурстық құжаттаманың және осы Қағидалардың талаптарына сәйкес конкурсқа қатысуға өтінімді қамтамасыз етуді ұсынбаса; конкурстық өтінімде ұсынылған құжаттар бойынша дұрыс емес мәліметтерді ұсыну фактісі анықталса, конкурсқа қатысуға жіберілмейді.

Қағидалардың 20-тармағының 4) тармақшасына сәйкес, білім беру ұйымдарында білім алушысы бар саны 651-ден 1300-ге дейін болған жағдайда, әлеуетті өнім берушінің кемінде 2 аспазы және 4 ас үй жұмысшысы болуы тиіс.

Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 23бабы 2-тармағының 27) тармақшасына сәйкес, жұмыс беруші жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган айқындаған тәртіппен жұмыскермен еңбек шартын жасасу және тоқтату, осы Кодекстің 28-бабы 1-тармағының 1), 2), 3), 4), 5) және 13) тармақшаларында көзделген мәліметтер, сондай-ақ 99бабында көзделген демалыстарды беру туралы мәліметтер қамтылған, оған енгізілетін өзгерістер және (немесе) толықтырулар туралы ақпаратты еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне енгізуге міндетті.

Іс бойынша анықталған мән-жайлардан, №123 мектепте 898 оқушы білім алатыны белгілі, осыған байланысты Қағидалардың 20-тармағына сәйкес Серіктестіктің кемінде 2 аспазы және 4 ас үй жұмысшысы болуы тиіс болған.

Серіктестік конкурстық құжаттаманың №6 қосымшасына сәйкес барлығы 9 адамды мәлімдеген, олардың ішінде: 3 аспаз (Қошқарбай Ж.Р., Шаекеева Г.С., Базарбай А.С.), 4 ас үй жұмысшысы (Кенжебаева Ж.Ж., Культешова А.А., Жиенбаева Л.Б., Абенова С.Ж.), 1 диетолог (Орынбекова Л.А.) және 1 технолог (Іздібай Б.Ж.).

Конкурстық комиссия Серіктестіктің өтінімін қабылдамай, С.Ж. Абеноваға қатысты конкурстық өтінімнің қойылған талаптарға сәйкес еместігін көрсеткен.

Кассациялық сот С.Ж. Абенованың конкурстық құжаттама талаптарына сәйкес еместігі жөніндегі конкурстық комиссияның қорытындысымен келіседі, өйткені оның ас үй жұмысшысы ретінде еңбек қызметін растайтын тиісті түрде ресімделген құжаттар ұсынылмаған.

Көрсетілген мән-жайларды бағалап, кассациялық сатыдағы сот келесі тұжырымдарға келеді.

2025 жылғы 8 қаңтардағы еңбек шарты бойынша С.Ж. Абенова «тамақтандыру технологы» лауазымына жұмысқа қабылданған. Ал жұмысқа қабылдау туралы №1 бұйрыққа сәйкес ол «ас үй қызметкері» ретінде көрсетілген, сондай-ақ еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесінің (бұдан әрі - ЕШЕБЖ) деректер бойынша ол «нан кесуші, ас үй жұмысшысы» ретінде тіркелген.

Кодекстің 1-бабы 1-тармағының 36) тармақшасында еңбек шартының үғымы беріліп, оған сәйкес еңбек шарты - жұмыскер мен жұмыс берушінің арасындағы жазбаша келісім, бұған сәйкес жұмыскер белгілі бір жұмысты (еңбек функциясын) жеке өзі орындауға, еңбек тәртіптемесін сақтауға міндеттенеді, ал жұмыс беруші жұмыскерге келісілген еңбек функциясы бойынша жұмыс беруге, осы Кодексте, Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік-құқықтық актілерінде, ұжымдық шартта, жұмыс берушінің актілерінде көзделген еңбек жағдайын қамтамасыз етуге, жұмыскерге уақтылы және толық мөлшерде жалақы төлеуге міндеттенеді.

Кодекстің 28-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында белгіленгендей, еңбек шартының міндетті реквизиті болып еңбек шартында белгілі бір мамандық, кәсіп, біліктілік немесе лауазым бойынша жұмысы (еңбек функциясы) туралы мәлімет табылады.

Серіктестік конкурска қатысуға өтінім беруде Типтік конкурстық құжаттаманың №4 қосымшасына сәйкес, конкурстық құжаттамамен танысқанын және конкурсты ұйымдастырушыға және конкурстық комиссияға өзінің құқықтық қабілеті, біліктілігі, сапалық және көрсетілетін қызметтердің немесе сатып алынатын тауарлардың өзге де сипаттамалары туралы дұрыс емес мәліметтерді бергені үшін жауапкершілігі, сондай-ақ Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген өзге де шектеулер туралы хабардар етілгендігін растайды.

Жоғарыда көрсетілгендерді тиісті түрде біле тұра, Серіктестік С.Ж. Абеноваға қатысты еңбек ресурстарын тиісінше растамаған, ал ұсынылған құжаттардағы жоғарыда аталған айқын қайшылықтар конкурстық комиссияға Серіктестіктің өтінімін қабылдамауға жеткілікті құқықтық негіз берген. Аталған жағдай маңызды болып есептеледі және формальды негіздерге жатқызылмайды.

Балалардың тамақтандыруында санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету әлеуметтік маңыздылығы мен қажеттілігін ескере отырып, әлеуетті өнім берушілердің осындай әрекеттеріне жол берілмейді.

Конкурстық комиссияның конкурсқа ұсынылған құжаттарды мұқият бағалауға деген мұндай көзқарасы дұрыс болып табылады.

Төмен тұрған соттардың С.Абенованың ауызша түсініктемелеріне сілтемесі негізсіз болып табылады, оларды жарамды дәлел ретінде қабылдауға болмайды, өйткені АПК-нің 65-бабының үшінші бөлігінің талаптарына сәйкес, істің заң бойынша белгілі бір дәлелдемелермен расталуға тиіс мәнжайларының ешқандай басқа дәлелдемелермен расталуы мүмкін емес. Қаралып отырған жағдайда, аталған ауызша түсініктемелер екі тараптың да қол қойған, оны «ас үй жұмысшысы» ретінде емес, «тамақтандыру технологы» ретінде жұмысқа қабылдау туралы жазбаша келісімнің бар екендігін жоққа шығара алмайды.

2025 жылғы 31 қаңтардағы қосымша еңбек шарты конкурстық комиссияға ұсынылмаған, Серіктестік өтінімге қоса бермеген және бағалауға жатпайды, сондықтан оны ескеру мүмкін емес. Тиісті түрде ресімделмеген құжаттарды түзету Қағидалардың 52-тармағына сәйкес рұқсат етілмейді.

Осылайша, кассациялық сот Серіктестіктің конкурстық өтінімін қабылдамауды негізді деп таниды, қажетті еңбек ресурстарының саны расталмаған, себебі қажетті 4 ас үй жұмысшысының тек 3-і расталған (Кенжебаева Ж.Ж., Культешова А.А., Жиенбаева Л.Б.). С.Абенова жоғарыда көрсетілген мән-жайларға байланысты аталған критерийлерге сәйкес келмеген. Осы бөліктегі кассациялық шағымның уәждері құқықтық мәнге ие болып табылады.

Осыған ұқсас айқын қайшылықтар және елеулі кемшіліктер Б.Ж. Іздібайға қатысты ұсынылған құжаттарда да орын алған, сондықтан Серіктестікке ол үшін қосымша екі ұпай беру негізсіз болады.

Б.Ж. Іздібай 2024 жылғы 2 қыркүйектегі еңбек шарты бойынша «ас үй қызметкері» лауазымына қабылданған, ал жұмысқа қабылдау туралы №1 бұйрыққа сәйкес ол «тамақтандыру технологы» ретінде көрсетілген, сондай-ақ ЕШЕБЖ деректері бойынша «тамақтандыру технологы» ретінде тіркелген.

Төмен тұрған соттардың С.Абенованың мәлімденген ас үй қызметкері қызметін қосымша мәлімделген аспаз қызметі арқылы орындау мүмкіндігіне қатысты қорытындылары негізсіз, себебі сот өздігінен мұндай мәселелерді шешуге құқылы емес. Себебі Қағидаларда бекітілген өтінімдер беру тәртібі бар, онда конкурска қатысуға ұсынылған нақты тұлғалардың саны мен тізімі, сондай-ақ әр түрлі қызмет түрлеріне тағайындалатын қызметкерлер көрсетіледі. Қызметкерлерді ауыстыру Қағидалармен қарастырылмаған, сондықтан сот та, конкурстық комиссия да, мұндай әрекеттер жасауға немесе қызметкерлердің функционалдық міндеттерін еркін түрде қайта бөлуге құқылы емес.

Сонымен қатар, бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар істің мәнжайларына құқықтық баға берген кезде ұпайларды есептеуге және оларды нақты әлеуетті өнім берушіге тағайындауға құқылы болмаған, себебі бұл тиісті конкурстық комиссияның айрықша құзыретіне жатады. Салдарынан аталған қорытындылар сот актілерінің уәждеу бөлігінен алынып тастауға жатады. Сот конкурс нәтижелерін алдын ала шешуге құқылы емес, бұл сот бақылауының шеңберінен тыс болып табылады.

АПК-нің 427-бабының үшінші бөлігіне сәйкес мәні бойынша дұрыс сот шешімінің күші бір ғана формальды пайымдаулар бойынша жойылмайды.

Егер сот дұрыс шешім қабылдаса, бірақ көрсетілген бұзушылықтарға жол берілсе, қаулыда уәждер, материалдық және процестік құқық нормалары келтіріледі, оларға сәйкес шешім өзгеріссіз қалдырылуға жатады.

Жоғарыда көрсетілгенді ескере отырып, шағымданып отырған сот актілерін күшінде қалдыра отырып, кассациялық сот жалпы алғанда конкурстың қорытындысы туралы дауланып отырған хаттаманы заңсыз деп тану және оны жою туралы тұжырымдарды келесі негіздермен дұрыс деп есептейді.

Төмен тұрған соттармен анықталғандай, конкурстың жеңімпазы болып танылған «Нурмаханова Н.К.» ЖК-нің өтінімінде еңбек ресурсы ретінде З.Т.Батышева «аспаз» ретінде көрсетілген.

Алайда, 2025 жылғы 14 мамырдағы №216 жауапқа сәйкес, З.Т. Батышева Сырдария ауданы білім бөлімінің №44 орта мектебінде аспаз болып жұмыс істейді. Сонымен қатар, 2025 жылғы 7 сәуір жағдайы бойынша ЕШЕБЖ деректері бойынша ол «Демеу» ЖШС-да аспаз ретінде тіркелген. Яғни, сот анықтаған дәлелсіз деректерді ұсыну фактісі «Нурмаханова Н.К.» ЖК-нің өтінімін конкурска қатыстыруға жібермеуге жеке негіз болып табылады (Қағидалардың 72-тармағы). Сондықтан ол конкурстың жеңімпазы ретінде танылуға мүмкін болмаған, сәйкесінше конкурс қорытындылары жойылуға тиіс, ал онымен жасалған шарт заңсыз деп танылуы керек.

«Нурмаханова Н.К.» ЖК-нің Г.Жусипованы «аспаз» және Л.Оспанованы «диетолог» ретінде мәлімдеген еңбек ресурстары бойынша жұмыс тәжірибесіне қатысты өтінімі жөніндегі сот актілері тараптармен дауланбаған, ал Басқарманың кассациялық шағымында осы бөлімге қатысты уәждер жоқ. Сәйкесінше, кассациялық сатыдағы сот АПК-нің 449-бабының бірінші бөлігінің талаптарына сәйкес, сот актілерінің заңдылығын кассациялық шағымдағы уәждер шегінде тексереді.

Осылайша, кассациялық сот сот актілерін күшінде қалдыру туралы қорытындыға келіп, қабылданған қаулыда оларды өзгеріссіз қалдыруға негіз болатын материалдық және процестік құқық нормалары көрсетілген.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігі мен АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 14 мамырдағы шешімі мен Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 24 маусымдағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Жауапкердің кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылсын.

Д. Әбдіғалиев

Төрағалық етуші

Судьялар

Г. Ыдырысова

М. Қасымов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.