ВС РК - Постановление от 13.04.2023 по делу 6001-22-00-6ап/1177 (Административное)

№6001-22-00-6ап/1177 (3) №6001-22-00-6ап/1177 (4)

ҚАУЛЫ

2023 жылғы 13 сәуір Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Ш.Т.Даниярова, Е.Д.Өмірәлиев,

талап қоюшы С.Медеубаев, жауапкерлердің өкілдері А[...], Қ[...], мүдделі тұлға – «ЕА[...]» шаруа қожалығының басшысы Қ[...], оның өкілі М[...] қатысуыларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Сагимбай Медеубаевтың Шығыс Қазақстан облысы, [...] әкіміне (бұдан әрі – аудан әкімі), «Зайсан аудандық жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне 2020 жылғы 7 қазандағы №489 қаулыны заңсыз деп тану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Шығыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 28 сәуірдегі қаулысына жауапкер аудан әкімінің және мүделі тұлға «ЕА[...]» шаруа қожалығының келтірген кассациялық шағымдарымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Онда жергілікті атқарушы орган бұрын С.Медеубаевқа берілген жерді қазіргі таңда К[...] беру туралы шешімі заңсыз екендігін көрсеткен.

Шығыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 6 желтоқсандағы шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.

Осы соттың 2021 жылғы 6 желтоқсандағы жеке ұйғарымымен келешекте жол бермеу және тиісті шара қолдану мақсатында анықталған заң бұзушылықтар жөнінде аудан әкімінің назарына жеткізілген.

Шығыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 28 сәуірдегі қаулысымен бірінші сатыдағы шешімінің күші жойылып, жаңа шешім қабылданған.

С.Медеубаевтың қаулыны заңсыз деп тану туралы талап қою арызы қанағаттандырылып, Зайсан ауданының әкімдігінің 2020 жылғы қазандағы №489 қаулысы заңсыз деп танылып, оның күші жойылған.

Жауапкермен мүдделі тұлға кассациялық шағымдарында іс бойынша апелляциялық сот алқасы материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, шығарылған сот актісінің күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін қалпына келтіруді сұраған.

Жауапкер мен мүдделі тұлғаның кассациялық шағымдарды қолдап, сот актісінің күшін жою туралы, талап қоюшының апелляциялық сот алқасының қаулысын күшінде қалдыру туралы пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктерге апелляциялық сот алқасымен жол берілмеген.

Іс материалдарын анықталғандай, аудан әкімдігінің 2014 жылғы 24 сәуірдегі №27 қаулысымен С.Медеубаевқа «А[...]» ШҚ жүргізу үшін 5 жылға уақытша өтеулі жер пайдалану құқығымен берілген жер учаскесін пайдалану мерзімі аяқталуына байланысты «А[...]» ШҚ фермер қожалығын жүргізу үшін қосымша 10 жылға жалға берілген.

2019 жылғы 26 ақпанында Зайсан аудандық жер қатынастары бөлімі және С. Медеубаевтың арасында келісім шарт жасалған.

С.Медеубаев жаңадан мемлекеттік акті жасатпаған және қаулыны әділет басқармасында мемлекеттік тіркеуден өткізбегеніне байланысты, аталған жер учаскесіне қайтадан конкурс жарияланған.

Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандырудан бас тартып, С.Медеубаевтың атына аталған жер учаскесіне құқығының мемлекеттік тіркеуден өтпеуіне байланысты, жергілікті атқарушы органмен жер пайдалану құқығы заңды түрде Қ[...] берілгенін көрсеткен.

Апелляциялық сот алқасы бұл тұжырыммен келіспей, жергілікті атқарушы орган бұрын С.Медеубаевқа берілген жерді К[...] беру туралы шешім қабылдаған кезде Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 81бабының талаптарын бұзғанын анықтаған, яғни талап қоюшының жерді пайдалану құқығы заңда белгіленген тәртіппен тоқтатылмаған, жер телімі арнайы қорға енгізілмеген.

Қазақстан Республикасы Жер Кодексінің 81-бабы 1-тармағы 2) тармақшасына сәйкес меншiк иесi меншiк құқығынан немесе жер пайдаланушы жер пайдалану құқығынан бас тартқанда құқығы тоқтатылады, алайда С.Медеубаев жер учаскесінен бас тартпаған, 2014 жылдан бастап 2021 жылға дейін жер учаскесін жайылым ретінде пайдаланып келгенін анықтаған.

Бұл жағдайда апелляциялық сот алқасының талап қоюды қанағаттандыру туралы тұжырымы негізді, материалдық және процестік құқық нормаларына сәйкес келеді.

Кассациялық шағымдар өздерінің мазмұндары мен мәндері сот отырысында келтірілген дәлелдермен, уәждермен сонымен қатар берілген түсіндірмелермен біріңғай. Бұл дәлелдемелерге апелляциялық сот алқасымен тиісті құқық баға берілген, сот актісін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болатын материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы орын алмаған.

Бұндай жағдайда, кассациялық шағымдарда жаңа дәлелдердің жоқтығын ескере отырып, іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы дауланып отырған сот актіні ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды.

Сондықтан сот актісінің күшін жоюға негіздер жоқ.

ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Шығыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 28 сәуірдегі қаулысы күшінде қалдырылсын.

Жауапкер Шығыс Қазақстан облысы, [...] әкімінің және мүделі тұлға «ЕА[...]» шаруа қожалығының кассациялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Судьялар

С. Баймаханов Ш. Даниярова Е. Өмірәлиев

Көшірмесі дұрыс. Судья

Ш. Даниярова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.