Қ А У Л Ы
2026 жылғы 13 мамыр №6003-26-00-2к/1536 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты, төрағалық етуші судья А.Даненова, судьялар М.Ибрагимова, А.Токсанбаев,
прокурор Н[...], талап қоюшының өкілі Ю[...], жауапкердің өкілі Т[...] қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы «Жамбыл облысы бойынша тексеру комиссиясы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жауапкер «Тараз қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне Жамбыл облысы бойынша Тексеру комиссиясының 2024 жылғы 4 мамырдағы №09-Н нұсқаманың 1-тармағы 2-тармақшасының 2.4 бөлігін орындауды міндеттеу туралы талап қоюы бойынша қабылданған Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 3 желтоқсандағы шешіміне және Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 11 ақпандағы қаулысына жауапкердің кассациялық шағымы бойынша келіп түскен электронды азаматтық істі қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы :
Жамбыл облысы бойынша тексеру комиссиясы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі жоғарыда көрсетілген талап қоюымен сотқа жүгінген. Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 3 желтоқсандағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.
Жауапкер «Тараз қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне Жамбыл облысы бойынша Тексеру комиссиясының 2024 жылғы 4 мамырдағы №09-Н нұсқаманың 1-тармағы 2-тармақшасының 2.4 бөлігі: №3-қосымшаға сәйкес жалпы сомасы 12 486,0 мың теңгені құрайтын негізсіз ұлғайтылған жобалардың сомалары жергілікті бюджеттің 206109 жіктемесіне өтелуі қамтамасыз етілуін орындауды міндеттеген.
Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 11 ақпандағы қаулысымен шешім өзгеріссіз қалдырылған.
«Тараз қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі кассациялық шағымында жергілікті соттармен материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылмағанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған.
Сот, тараптардың түсіндірмелерін тыңдап, шағым уәждері мен іс құжаттарын зерделеп, келесі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (әрі қарай – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Апелляциялық сатыдағы сот іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол бермеген.
Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Заңның (бұдан әрі - Заң) 25-бабы 2-тармағына сәйкес, ұсынымдардың қаралу нәтижелері туралы және нұсқамалардың орындалуы туралы ақпаратты мемлекеттік аудит объектісі және өзге де мүдделі тұлғалар растау құжаттарын қоса бере отырып, тиісті мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органына тиісті құжаттарда көрсетілген мерзімдерде жіберуге міндетті.
Заңның 5-бабы 2-тармағы 4) тармақшасына сәйкес, мемлекеттік қаржылық бақылаудың ден қою шараларының арасында Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, оның ішінде бюджетке өтеуді қамтамасыз ету, жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету, тауарлар беру және (немесе) анықталған бұзушылықтар сомасын есепке алу бойынша көрсету жолымен қалпына келтіру және нұсқамаларды орындау мақсатында сотқа талап қоюды беру болып табылады.
Нұсқама шығару мемлекеттік қаржылық бақылаудың ден қою шаралары болып табылатындықтан, тексеру комиссиясының актілері лауазымды тұлғалар, жеке тұлғалар мен заңды тұлғалармен орындалуға міндетті. Тексеру комиссиясының жүргізген тексеру нәтижесінде жауапкердің шарттар жасасу кезінде бюджет қаражатын жұмсау бөлігінде бұзушылықтарға жол бергені анықталған. Тексеру қорытындысы бойынша 12 486 000 теңге сомасындағы қаражатты бюджетке қайтару жөнінде шаралар 2024 жылғы 1 желтоқсанға дейін қабылдау туралы №09-Н нұсқама берілген.
2025 жылғы 13 мамырдағы және 20 мамырдағы сот алқасының қаулыларымен Жамбыл облысының мамандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 27 ақпандағы және 3 наурыздағы шешімдері өзгеріссіз қалдырылған. Аталған сот актілерімен «Тараз қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің шарттар бойынша ақшалай қаражатты қайтару туралы талаптары қанағаттандырудан бас тартылған. Бас тартуға негіз ретінде талап қоюшының мердігерлермен жасасқан қосымша келісімдерінің сот тәртібімен дауланбағаны көрсетілген. Занды күшіне енген сот актілерімен аталған соманы өндіруден бас тартылған, қаражатты өндірудің құқықтық негіздері анықталмаған, ал жұмыстарды орындауға және төлем жүргізуге негіз болған шарттар өз күшін жоймаған. Бірінші сатыдағы сот жауапкер тарапынан заңды күшіне енген №09-Н нұсқама орындалуға міндетті екенін, нұсқама талаптарын орындау мақсатында негізсіз артық төленген соманың өтелуін қамтамасыз ету шаралары толық жүргізілмегенін, яғни мердігерден соманы өндіру туралы талап беруден басқа өзге әрекеттер қабылданбағанын ескеріп, талап қоюды дұрыс қанағаттандырған.
Апелляциялық сатыдағы сот шешіммен келіскен.
Соттармен іс үшін маңызы бар мəн-жайлар ауқымы жан-жақты, толық анықтаған, процестік және материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылған. Соттардың қорытындылары істің мән-жайларына сәйкес келеді. Жауапкер шағымда нұсқамамен келіспейтіні туралы уәждер келтірген. Солай бола тұра, ол нұсқаманы сот ісін жүгізу тәртібінде дауламаған. Қазіргі таңда нұсқама заңды күшінде болғандықтан жоғарыда аталған заң талаптарына сәйкес орындалуға міндетті. Осыған байланысты жауапкердің бұл шағым уәжі негізсіз болып саналады.
Кассациялық шағымда көрсетілген басқа уәждер материалдық құқық нормалары мен іс бойынша жинақталған дәлелдемелерді қайта бағалауға байланысты келтірілгендіктен, сот оларды негізсіз деп санайды.
Шағымның уəждері сот актілерін күшін жоюға немесе өзгертуге негіз болып табылмайды. Сондықтан, сот актілер күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігі 1)-тармағын басшылыққа алып, сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І :
Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 3 желтоқсандағы шешімі және Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 11 ақпандағы қаулысы күшінде, жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші судья
А.Даненова
М.Ибрагимова
Судьялар
А.Токсанбаев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.