КСАД РК - Постановление от 01.10.2025 по делу 6003-25-00-4к/430 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 1 қазан 6003-25-00-4к/430 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының құрамында:

төрағалық етуші – судья Е.Б.Төлеев,

судьялар – Р.М.Айнакулова, Н.М.Кабдрахманова,

жауапкердің өкілі Ә.К.Каримовтың қатысуымен

ашық сот отырысында талап қоюшы Музаффархан Хикматханович Эралихановтың жауапкер Қазақстан Республикасы Қорғаныс Министрлігі «10216 әскери бөлімі» республикалық мемлекеттік мекемесіне әкімшілік актіні заңсыз деп тану, қолайлы әкімшілік акті шығаруға міндеттеу туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 18 желтоқсандағы шешіміне, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 наурыздағы қаулысына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы :

Талап қоюшы М.Эралиханов жоғарыда аталған Қазақстан Республикасы Қорғаныс Министрлігі «10216 әскери бөлімі» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Әскери бөлім) талап қоюымен сотқа жүгінген. Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 18 желтоқсандағы шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 наурыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Кассациялық шағымында талап қоюшы соттар құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Тиісті түрде хабарланған талап қоюшы мен мүдделі тұлға өкілінің кассациялық саты сотының отырысына келмеуі Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сай істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді.

Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот кассациялық шағымның уәждері мен іс құжаттарын жанжақты зерттеп, жауапкердің өкілін тыңдап, төмендегідей тұжырымға келді.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады. АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Соттармен анықталғаны, М. Эралиханов 2004 жылдың қазан айынан әскери қызмет атқарған, отбасында 7 адам бар.

Әскери бөлімнің 2024 жылғы 3 маусымдағы №54 ЖҚ бұйрығымен М.Х.Эралиханов «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 16 ақпандағы №561 Заңының 26-бабының 1-тармағындағы 1-тармақшаға сәйкес әскери қызметте болудың шектi жасына толуына байланысты әскери қызметтен босатылған.

Тараптар арасындағы қатынас талап қоюшыға тұрғын төлемдерін төлеуге қатысты шешім қабылданғанда қолданыста болған мәтіндегі «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының 16 сәуiр 1997 жылғы №94 Заңының (бұдан әрі – Заң) ережелері және 2018 жылғы 12 ақпандағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің №49 Қаулысымен бекітілген әскери қызметшілерді қызметтік тұрғынжаймен қамтамасыз ету, тұрғын үй төлемдерінің мөлшерін есептеу, оларды тағайындау, қайта есептеу, жүзеге асыру, тоқтату, тоқтата тұру және қайта бастау қағидаларымен (бұдан әрі – Қағида) реттеледі.

Заңның 101-2-бабының 1 және 5-тармақтарына сәйкес, егер осы тармақтың екінші және үшінші бөліктерінде өзгеше көзделмесе, әскери қызметшілердің (мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерді, әскери оқу орындарының курсанттары мен кадеттерін, әскери жиындарға шақырылған әскери міндеттілерді қоспағанда) тұрғынжай құқығын іске асыруы осы тарауда белгіленген тәртіппен олар тұрғынжайға мұқтаж деп танылған күннен бастап қызметтік тұрғынжай беру немесе олардың жеке арнайы шотына тұрғын үй төлемдерін аудару арқылы, жүзеге асырылады.

Әскери қызметшілер әскери қызметте болудың шекті жасына толуы, денсаулық жағдайы бойынша, штаттардың қысқартылуына байланысты, әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт мерзімінің аяқталуы бойынша, өздеріне қатысты келісімшарт талаптары елеулі және (немесе) жүйелі түрде (екі және одан көп рет) бұзылған жағдайда немесе отбасы жағдайы бойынша әскери қызметтен шығарылған кезде мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғынжаймен қамтамасыз етілмеген кезеңдері үшін:

  1. бұрын жүзеге асырылған тұрғын үй төлемдері;

  2. бұрын Қазақстан Республикасының аумағында мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген немесе әрбір қызмет өткеру орны бойынша меншік құқығындағы тұрғынжайда тұрған кезеңдері шегеріле отырып, арнаулы мемлекеттік органдарға, Қарулы Күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға қызметке кірген күннен бастап 2018 жылғы 1 қаңтарға дейін тұрғын үй төлемдерін алады.

Іс құжаттарына қарағанда М.Х.Эралихановқа 2004 жылғы 14 қазан мен 2007 жылғы 15 қаңтар аралығына 5812290 теңге көлемінде тұрғын үй төлемдері төленген.

М.Х.Эралиханов 2014 жылдың мамыр айынан бастап 2018 жылдың қаңтар айына дейін тұрғын үй төлемдерінің мөлшерін қайта есептеп тағайындауды сұраған.

Осыған орай оған 2024 жылғы 5 қазандағы хатпен Шымкент қаласында орналасқан тұрғын үйін 2014 жылдың мамыр айында өз иелігінен шығаруына байланысты соңғы бес жылда ол тұрғын үйге мұқтаж болып танылмайтыны және сол аралықта мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжаймен қамтамасыз етілуге жатпайтыны және біржолғы тұрғын үй төлемдерін төлеуден бас тартылғаны туралы жауап берілген.

Сонымен қатар, Заңның 101-3-бабының 3-тармағындағы 5-тармақшаға сәйкес арнаулы мемлекеттік органдардың, ішкі істер органдарының, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның жедел-тергеу бөлімшелерінің қызметкерлерін және (немесе) әскери қызметшілерді, егер олар не олардың зайыбы (жұбайы) зайыбының (жұбайының) некеге тұрғанға дейін тұрғынжайы болған жағдайды қоспағанда, өздері қызмет өткеріп жүрген елді мекенде тұруға жарамды тұрғынжайды соңғы бес жыл ішінде иеліктен шығаруды жүргізсе, тұрғынжайға мұқтаж деп танудан бас тартылады. Бұл жағдайда тұрғынжайда елу пайыздан кем үлестің иеліктен шығарылуы есепке алынбайды.

Соттармен анықталғаны, М.Х.Эралиханов Шымкент қаласында орналасқан тұрғын үйін 2014 жылдың мамыр айында өз иелігінен шығарған. Демек, талап қоюшы 2014 жылынан бастап бес жылдың ішінде тұрғын үйге мұқтаж деп танылуға жатпайды.

Мұндай жағдайда соттар М.Х.Эралихановтың талап қоюын қанағаттандырудан дұрыс бас тартқан.

Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға, кассациялық шағымды қанағаттандыруға негіздер жоқ деп табады.

Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандыруға жатпайды.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1)тармақшасын басшылыққа алып, әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 18 желтоқсандағы шешімі, Шымкент қалалық сотының қаулысы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшы М.Х.Эралихановтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші:

Е.Төлеев

Р. Айнакулова

Судьялар:

Н. Кабдрахманова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.