ВС РК - Постановление от 09.11.2023 по делу 6001-23-00-6ап/1256 (Административное)

6001-23-00-6ап/1256

Қ А У Л Ы

2023 жылғы 9 қараша Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші судья Н.Ү.Қайыпжан, судьялар Б.Т.Нажмиденов, Ж.Б.Ермағамбетова болып,

талап қоюшы «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамының өкілі Т[...] қатысуымен

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамы жауапкер «Маңғыстау облысының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесіне 21.04.2022 жылғы тексеріс нәтижелері туралы актісін және №1-15/1 нұсқамасын заңсыз деп тану туралы талап арызы бойынша қабылданған

Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 6 сәуірдегі қаулысына жауапкердің келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

«Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамы (бұдан әрі - Қоғам) «Маңғыстау облысының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Басқарма) 21.04.2022 жылғы тексеріс нәтижелері туралы актісін және №1-15/1 нұсқамасын заңсыз деп тану туралы талап арызымен жүгінген.

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 30 қарашадағы шешімімен әкімшілік талап арыз қанағаттандырудан бас тартылған.

Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 6 сәуірдегі қаулысымен сот шешімінің күші жойылып, талап арызды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарылған.

«Маңғыстау облысының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің 21.04.2022 жылғы тексеріс нәтижелері туралы актісі және №1-15/1 нұсқамасы заңсыз деп танылған.

Апелляциялық саты сотымен Маңғыстау облысының бас мемлекеттік еңбек инспекторының атына жол берілген бұзушылықтар фактісі бойынша жеке ұйғарым шығарылған.

Басқарма апелляциялық алқа қаулысымен келіспей, кассациялық шағымында апелляциялық сатыдағы сот істің мән-жайларына дұрыс баға бермегенін, материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсетіп, сот актісін кассациялық тәртіпте қайта қарауды сұраған.

Жауапкер және мүдделі тұлға өкілдері сот отырысына келген жоқ. Әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымға қарсы пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабына сәйкес, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеліп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Осы іс бойынша апелляциялық алқа соты материалдық құқық нормаларын бұзуға жол берген. Іс материалдарымен анықталғандай, 11.12.2020 жылы Қоғам және «TSC[...]» ЖШС-нің (әрі қарай - Серіктестік) арасында «Қызметтерді сатып алу туралы» №497696/2020/1 шарты жасалған. Шарттың 2- қосымшасының 2-тармағында Серіктестік персоналды «Аутсорсинг» қызметін көрсетеді, қауіпсіздік мамандары - 16 бірлік деп белгіленген. 01.03.2021 жылы өндірістік қажеттілікке байланысты Қоғам және Серіктестік арасында №497696/2021/1-1, мерзімі 01.03.2021ж.- 31.12.2021ж. аралығына қосымша шарт жасақталып, оның 2 - қосымшасына сәйкес персоналды «Аутсорсинг» қызметі бойынша қауіпсіздік мамандары - 20 бірлік деп белгіленген.

Серіктестікпен «Қызметтерді сатып алу туралы» шарт шеңберінде Қоғамға «Аутсорсинг» қызметін көрсету максатында И[...], С.Е.Ө[...].Б[...], Б[...] еңбек шарттары негізінде жедел топ қауіпсіздік қызметінің маманы ретінде қабылданып, оның екеуі әкімшілік және өндірістік ғимараттарының қауіпсіздігін, келесі екеуі Мұнай дайындау және өндіріске қызмет көрсету басқармасының және Өндірістік техникалық қамту және жабдықтармен жинақтау басқармасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Қоғамға жолданған.

Қоғам мен Серіктестіктің арасында жасалған шарттың мерзімінің аяқталуына байланысты, қауіпсіздік қызметінің мамандары өз жұмыстарын, яғни Қоғамға қызмет көрсетуді 31.12.2021 жылы тоқтатқан.

11.03.2022 жылы еңбек шарттары негізінде қауіпсіздік қызметінің маманы ретінде Серіктестікке жұмысқа қабылданып Қоғамға қызмет көрсеткен И[...], Ө[...], Б[...], Б[...] төленген жалақыларымен келіспей Басқармаға Серіктестік пен Қоғамның әрекеттеріне қатысты тексеру жүргізу туралы ұжымдық шағым келтірген.

Келтірген шағым бойынша тағайындалған тексеру нәтижесінде еңбек инспекторымен Серіктестікке қатысты заң бұзушылықтар анықталмаған, ал Қоғамға қатысты 21.04.2022 жылы тексеріс нәтижелері туралы акті рәсімделіп, 21.04.2022 жылы Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы талаптары бойынша заң бұзушылықтарын жою туралы №1-15/1 санды нұсқама (әрі қарай -Нұсқама) берілген.

Серіктестіктің төрт қызметкері еңбек қызметін қабылдаушы тарапта, яғни Қоғамда 01.03.2021-31.12.2021 жылдар аралығында жүзеге асырған, жіберуші тарап қызметкерлерінің негізгі жалақысының мөлшері қабылдаушы тарап қызметкерлерінің негізгі жалақысының мөлшерімен теңестірілмегендігі анықталған.

24.05.2022 жылы аталған актілермен келіспей, Қоғам Басқармаға №16532-15/2191 хатпен қарсылық білдіріп, шағым жолдаған.

Қоғам тексеріс нәтижелері туралы акті және нұсқамамен келіспей әкімшілік талап арызбен сотқа жүгінген.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 24 - бабы 2-тармағының талаптарына сәйкес әркімнің еңбегі үшін қандай да бір кемсітусіз сыйақы алуға құқығы бар.

Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің (бұдан әрі - Еңбек кодексі) 137-1-бабының 6-тармағына сәйкес, жіберуші тарап жұмыскерлерінің жұмысты орындау шарттары мен тәртібі персонал беру жөніндегі қызметтерді көрсетуге арналған шартта айқындалады, ол Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жіберуші және қабылдаушы тараптар арасында жасалады.

Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен салыстырғанда жіберуші тарап қызметкерлерінің жағдайын нашарлататын персоналды ұсыну бойынша қызметтер көрсетуге арналған шарттың ережелері жарамсыз деп танылады және қолдануға жатпайды. Еңбек кодексінің 137-1-бабы 8-тармағының талаптарына сәйкес қабылдаушы тараптың персонал беру жөніндегі қызметтерді көрсетуге арналған шартты жасасу кезінде жіберуші тараптың жұмыскерлеріне қатысты еңбекке ақы төлеу саласында кемсітушілікке жол беруіне тыйым салынады.

Еңбек кодексінің 103-бабы 1-1-тармағына сәйкес, жіберуші тарап жұмыскерлерінің негізгі жалақысының мөлшері персонал беру жөніндегі қызметтерді көрсетуге арналған шартқа сәйкес ұқсас лауазымы, тиісті біліктілігі, мамандығы немесе кәсібі, орындалатын жұмыстың күрделілігі, саны және сапасы, сондай-ақ өндірістік-тұрмыстық жағдайлар бойынша қабылдаушы тарап жұмыскерлерінің негізгі жалақысының мөлшерінен кем болмауға тиіс.

Жоғарыда аталған нормалардың мазмұнынан жіберуші тараптың қызметкерлеріне қатысты еңбекақы төлеу саласында кемсітушілікке жол бермеу жөніндегі міндет қабылдаушы тарапқа жүктелгенін көрсетеді. Мұндай кемсітушілік фактісі анықталған кезде қабылдаушы және жіберуші тараптар арасындағы шарттың талаптары қолдануға жатпайды.

Дауды шешіп, талап арызды қанағаттандырудан бас тарта отырып, бірінші сатыдағы сот Еңбек кодексінің жоғарыда аталған ережелерін басшылыққа ала отырып, Қоғамға қатысты жүргізілген тексеру мен нұсқаманың заңдылығы туралы дұрыс қорытындыға келді.

Серіктестік пен И[...], Ө[...], Б[...] және Б[...] араларындағы еңбек шарттары бойынша, «жедел топтың қауіпсіздігі жөніндегі мамандары» лауазымына алынған, жалақылары 155 250 теңге деп көрсетілген. Алайда, 2021 жылғы штаттық кесте бойынша жалақылары 190 500 теңге деп бекітілгені анықталған.

Ал қабылдаушы тарап қызметкерлерінің жалақысы штат кестесіне сәйкес ұқсас лауазым бойынша 523 643 теңгені құраған.

Осылайша, жіберуші тараптың қызметкерлеріне еңбекақы төлеуде кемсітушіліктің болуы және қабылдаушы тараптың азаматтардың бірдей еңбекақы төлеуге конституциялық құқығын бұзуы іс материалдарымен толық дәлелденген.

Бұл ретте қабылдаушы және жіберуші тараптар арасындағы шарттың қолданылу мерзімінің өтуі, осы шарт бойынша жіберуші тарапқа соманы төлеу және қызметкерлермен жасалған еңбек шарттарының қолданылуын тоқтату осы іс үшін құқықтық мәнге ие болмайды.

Еңбек кодексінің 192 бабына сәйкес мемлекеттік еңбек инспекциясының негізгі міндеттері:

  1. Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ету;

  2. қауіпсіз еңбек жағдайларына құқықты қоса алғанда, жұмыскерлердің құқықтары мен бостандықтарының сақталуын және қорғалуын қамтамасыз ету;

  3. Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының мәселелері бойынша жұмыскерлер мен жұмыс берушілердің өтініштерін, арыздарын және шағымдарын қарау болып табылады. Еңбек кодексінің 195-бабының 1 және 3-тармақтарына сәйкес тексеру нәтижелері бойынша мемлекеттік еңбек инспекторы Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне (бұдан әрі - КК) сәйкес тексеру нәтижелері туралы акт жасайды.

Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының белгіленген бұзушылықтарына байланысты мемлекеттік еңбек инспекторы Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы нұсқама шығарады (жасайды), кінәлі адамдарды әкімшілік жауаптылыққа тарту жөнінде шаралар қабылдайды.

Мемлекеттік еңбек инспекторының актілері лауазымды, жеке және

заңды тұлғалардың орындауы үшін міндетті.

Еңбек кодексінің жоғарыда келтірілген нормаларын негізге ала отырып, мемлекеттік еңбек инспекциясы жұмыс берушілерді қадағалау жөніндегі функцияны жүзеге асыра отырып, олардың еңбек заңнамасы нормаларын бұзушылықтарын анықтап, оларды жою жөнінде шаралар қабылдайды.

Яғни, дауланып отырған еңбек инспекторының 21.04.2022 жылғы тексеріс нәтижелері туралы актісі және №1-15/1 нұсқамасы өз құзыреті шегінде шығарылған.

Сондықтан, бұл жағдайда, аталған актілерді заңсыз деп тануға және оның күшін жоюға алқа негіз жоқ деп есептейді.

Яғни, іс бойынша бірінші саты сотының қабылдаған шешімі істегі дәлеледемелерге және заң нормаларына негізделіп қабылданған.

Істің бұл тұрғысында апелляциялық сот алқасы қаулысының күші жойылып, бірінші сатыдағы сот шешімі күшінде қалдырылуға жатады.

Қаулының күшін жоюға байланысты апелляциялық сатының жеке ұйғарымы заңсыз шығарылған және де күшін жоюға жатады. ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 2) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 12 сәуірдегі қаулысының күші жойылсын, Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 30 қарашадағы шешімі күшінде қалдырылсын.

Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 12 сәуірдегі жеқе ұйғарымының күші жойылсын. Жауапкер «Маңғыстау облысының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші Судьялар

Н. Қайыпжан Б. Нажмиденов Ж. Ермағамбетова

Көшірмесі дұрыс Судья

Ж. Ермағамбетова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.