6кп-23-22
2022 жылғы 16 наурыз
Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші алқа төрағасы А.Қ.Қыдырбаева, судьялар Г.Ж.Әлмағамбетова, М.Т.Балкен, прокурор Т[...], әкімшілік жауаптылыққа тартылған тұлға А[...] қорғаушысы – адвокат Ә[...] қатысуымен, кассациялық тәртіппен ашық сот отырысында бейнеконференц байланыс арқылы Маңғыстау облысы Ақтау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының 2021 жылғы 23 тамыздағы қаулысына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуымен түскен,
А[...] (A[...]) қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 517-бабының 4-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы:
Маңғыстау облысы Ақтау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының 2021 жылғы 23 тамыздағы қаулысымен А[...] (A[...]) Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әріӘҚБтК) 517-бабының 4-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған осы бап бойынша Қазақстан Республикасы шегінен әкімшілік жолмен шығарып жіберу жазасы тағайындалған. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуында соттардың құқық нормаларын түсіндіруде және қолдануда бірізділіктің бұзылуына байланысты кассациялық тәртіппен іс бойынша шығарылған сот актісін қайта қарауды көрсетілген.
Алқа ұсынуды қолдау жөніндегі А[...] қорғаушысының, прокурордың пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, ұсынудың уәждерін талқылап, сот қаулысы өзгертуге жатады деп есептейді.
Іс материалдарына сәйкес А[...] заңнамада белгіленген мерзім өткеннен кейін он тәуліктен асатын кезең ішінде кетуден жалтаруынан көрінген, Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзған. Осы факті бойынша оған қатысты ӘҚБтК-нің 517бабының 4-бөлігімен әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қозғалған.
Бірінші сатыдағы сот А[...] кінәсі сот мәжілісінде мойындалған және зерттелген істегі дәлелдемелермен толық дәлелденген деген тұжырымға келіп, әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Сот әкімшілік жолмен шығарып жіберу түрінде жаза тағайындаған. Бірақ, істі қарау кезінде бірінші сатыдағы сот істің мән-жайларына және заң талаптарына тиісті дәрежеде көңіл бөлмегені көрінеді.
ӘҚБтК-нің 55-бабы 2 және 3-бөліктеріне сәйкес әкiмшiлiк жаза әдiл, құқық бұзушылықтың сипатына, оның жасалу мән-жайларына, құқық бұзушының жеке басына сай келетiн болуы тиiс. Жеке тұлғаға әкiмшiлiк жаза қолдану кезінде жасалған әкiмшiлiк құқық бұзушылықтың сипаты, кiнәлiнiң жеке басы, оның iшiнде оның құқық бұзушылық жасағанға дейiнгi және одан кейiнгi мiнез-құлқы, мүлiктiк жағдайы, жауаптылықты жеңiлдететiн және ауырлататын мән-жайлар ескерiледi.
Іс материалдары бойынша А[...] бұрын әкімшілік жауапкершілікке тартылмаған, ауырлататын мән-жайлар анықталмаған. Сот осы мән-жайларға қажетті көңіл бөлмей, ӘҚБтК-нің 56-бабы бойынша жеңілдететін мән-жайлар ретінде танып, жаза тағайындаған кезде ескермеген.
Әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі іс бойынша соттың қаулысы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2018 жылғы 20 сәуірдегі № 5 нормативтік қаулысының 19-тармағына сәйкес қаулыны қабылдау барысында ӘҚБтК-нің Ерекше бөлігі баптарының санкцияларында жазаның баламалы түрлері болған кезде әкімшілік жазаны дараландыру қағидатын қатаң сақтау қажет. Әкімшілік жазалау шарасын анықтау барысында сот қаулының сипаттау-уәждеу бөлігінде таңдап алынған әкімшілік жазалау шарасының уәждерін келтіруге міндетті. Жеке тұлғаға әкімшілік жаза қолдану барысында жасалған әкімшілік құқық бұзушылықтың сипаты, кінәлінің жеке басы ескеріледі.
ӘҚБтК-нің 41-бабында белгіленген әкімшілік жазаны тағайындаудың және түрін таңдаудың жалпы қағидаттарынан балама жазалар болған кезде соттар бірінші кезекте неғұрлым қатаң емес жазаны қолдануды және сосын одан да ауыр жазаны қолдануды талқылауы қажет.
Сот А[...] жұбайы Х[...] Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхаты барын, олардың кәмелеттік жасқа толмаған балаларының барын, отбасымен Ақтау қаласында тұрақты түрде тұрып жатқанын ескермеген.
Сондықтан, А[...] Қазақстан Республикасының шегінен шығарып жіберу туралы жаза оның Қазақстан Республикасына бес жыл бойы келуге тиым салу қолайсыз салдарға әкеп соғады.
Бірақ сот осы мән-жайларға қажетті көңіл бөлмей, ӘҚБтК-нің 56-бабы бойынша жеңілдететін мән-жайлар ретінде танымаған, жаза тағайындаған кезде осыны ескермеген.
Мұндай жағдайда, бірінші сатыдағы соттың қабылданған қаулысы ӘҚБтК-нің 851-бабының 5-бөлігінің 3) тармағында көзделген негіздер бойынша өзгертуге жатады, себебі соттардың құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзады.
ӘҚБтК-нің 517-бабының 5-бөлігімен 25 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салу көзделген. А[...] материалдық жағдайын ескере отыра, алқа ӘҚБтК-нің 829-11-бабының 2-бөлігіне сәйкес айыппұл мөлшерін 51 048 теңгеге дейін азайтады.
Жоғарыда көрсетілгеннің негізінде Қазақстан Республикасының ӘҚБтКнің 851-бабының 5-бөлігінің 3) тармағын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы,
Қ А У Л Ы Е Т Т І :
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 517-бабының 4-бөлігі бойынша А[...] (A[...]) қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша Маңғыстау облысы Ақтау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының 2021 жылғы 23 тамыздағы қаулысы өзгертілсін.
А[...] (A[...]) тағайындалған Қазақстан Республикасының шегінен әкiмшiлiк жолмен шығарып жiберу туралы әкімшілік жазаның орынына 51 048 (елу бір мың қырық сегіз теңге) теңге айыппұл салынсын.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші А. Қыдырбаева Судьялар Г. Әлмағамбетова М. Балкен Көшірмесі дұрыс Судья А. Қыдырбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.