6001-24-00-6ап/534
ҚАУЛЫ
2025 жылғы 5 наурыз Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев, судьялар – Е.Д. Өміралиев, Г.К. Нұрбаев болып,
жауапкердің өкілі А.С. Қайыржанның қатысуымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында талап қоюшы Абзал Калымбетулы Асановтың жауапкер «Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Түркістан облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің 2023 жылғы 13 сәуірдегі №36 хаттаманың күшін жою және 2023 жылдың наурыз айынан бастап тұрғын үй төлемдерін қайта есептеу арқылы төлеуді міндеттеу туралы әкімшілік ісі бойынша,
Казақстан Республикасы Әскери сотының азаматтық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының 2024 жылғы 23 қаңтарындағы қаулысына жауапкердің кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы А.К.Асанов жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген. Шымкент гарнизонының әскери сотының 2023 жылғы 2 қазандағы шешімімен талап қоюы қанағаттандырылудан бас тартылған.
Казақстан Республикасы Әскери сотының азаматтық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының 2024 жылғы 23 қаңтарындағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарылған.
А. К. Асановқа тұрғын үй төлемдері мәселелері жөніндегі комиссия отырысының 2023 жылғы 13 сәуір №36 хаттамасы заңсыз деп танылып, күші жойылған.
«Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Түркістан облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің жол берген бұзушылықты бір ай мерзімде толық көлемде жоюға және А. К. Асановқа ағымдағы тұрғын үй төлемдері тоқтатылған күннен бастап оларды қайта бастауға міндеттелген.
Іс материалдарынан көрінгендей, талап қоюшының қызмет өткеру орны бойынша тұрғын үйге меншік құқығында болмағандықтан, ол 2021 жылы заңды түрде тұрғынжайға мұқтаж деп танылған.
Талап қоюшы 2021 жылғы 28 қаңтардан бастап ағымдағы тұрғын үй төлемдерін алады және Шымкент қаласында тұрғын үй төлемдері есебінен ипотекаға 2019 жылы 10 шілдеде №2417 тұрғын үйді сатып алу келісім шарты негізінде Шымкент қаласы, Қаратау ауданы, 190 квартал, Жаңақұрылыс көшесі,168А үйді сатып алған. Шарттың талаптары бойынша талап қоюшы үйдің толық құнын 2028 жылдың 1 сәуір айына дейін бөліп төлеуі керек.
Істі қарау кезінде бірінші сатыдағы сот, талап қоюшының әскери қызметін атқарып жүрген елді мекенде меншік құқығына екінші тұрғын жайды сатып алғаны, Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының (әрі-қарай – Заң) 101-4 бабының 2 тармағы 7-тармақшасына сәйкес тұрғын үй төлемдері тоқтатуға негіз болады деген қорытындыға келген. Осыған байланысты талап арыз қанағаттандырудан бас тартылған.
Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың қорытындыларымен келіспей, Заңның 101-4-бабы 2-тармағының 2) тармақшасына сәйкес, егер тұрғын үйді меншікке сатып алу мақсатында, оның ішінде төлемдерді бөліп төлеу немесе ипотекалық кредитті (қарызды) пайдалана отырып жасалған шарт бойынша міндеттеме орындалмаса, тұрғын үй төлемдері тоқтатыла алмайтынын басшылыққа алған. Бірінші пәтерді сатып алуға алынған банктік қарыз шарты бойынша міндеттемелерді талап қоюшы әлі орындаған жоқ деп тапқан. Сондықтан даулы тұрғын үй төлемдері жөніндегі комиссияның шешімі 2022 жылғы 15 сәуірдегі өзгерістер енгізілгенге дейін қолданыста болған редакциядағы Заңның 101-4-бабының талаптарына қайшы келеді және тұрғын үй төлемдерін тоқтатуға болмайды деп, бірінші сатыдағы сот шешімінің күшін жойып, А.К. Асановтың талабын қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдаған.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады. Іс бойынша мұндай кемшіліктер апелляциялық саты сотымен жіберілмеген.
Апелляциялық сот талап арызды қанағаттандыру туралы шешім қабылдағанда Заңның 101-4-бабы 2-тармағының 2) тармақшасына сәйкес, егер тұрғын үйді меншікке сатып алу мақсатында, оның ішінде төлемдерді бөліп төлеу немесе ипотекалық кредитті (қарызды) пайдалана отырып жасалған шарт бойынша міндеттеме орындалмаса, тұрғын үй төлемдері тоқтатыла алмайды деп тұжырымдаған.
Сот алқасы апелляциялық соттың тұжырымдарымен толық келісіп, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады деп тапты.
Заңның 101-2-бабының 1-тармағына сәйкес әскери қызметшілердің тұрғынжай құқығын іске асыруы олар тұрғынжайға мұқтаж деп танылған күннен бастап қызметтік тұрғынжай беру немесе олардың жеке арнайы шотына тұрғын үй төлемдерін аудару арқылы, жүзеге асырылады.
Заңның 101-3-бабының 1-тармағына сәйкес әскери қызметшілер, егер олардың осы елді мекенде меншік құқығында тұрғынжайы болмаса немесе мемлекеттік тұрғын үй қорынан алынған тұрғын үйі болмаса, тұрғынжайға мұқтаж деп танылады.
Заңның жоғарыда көрсетілген құқықтық нормаларына сәйкес, талап қоюшының қызмет өткеру орны бойынша тұрғын үйге меншік құқығында болмағандықтан, ол 2021 жылы заңды түрде тұрғынжайға мұқтаж деп танылған.
2021 жылғы 28 қаңтардан бастап ағымдағы тұрғын үй төлемдерін алушы және Шымкент қаласында тұрғын үй төлемдері есебінен ипотекаға 2019 жылы 10 шілдеде №2417 тұрғын үйді сатып алу келісім шарты негізінде Шымкент қаласы, Қаратау ауданы, 190 квартал, Жаңақұрылыс көшесі,168А үйді сатып алды. Шарттың талаптары бойынша талап қоюшы үйдің толық құнын 2028 жылдың 1 сәуір айына дейін бөліп төлеуі керек.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әскери қызмет және арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлері мен әскери қызметшілердің тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2022 жылғы 15 сәуірдегі № 114-VII Заңымен Заңның 101-4-бабының 2-тармағы 7) тармақшамен толықтырылды Қазақстан Республикасының аумағында меншік құқығында өзге тұрғынжай сатып алған жағдайларда тұрғын үй төлемдері тоқтатылады.
2022 жылғы 15 сәуірдегі заңда кері күш қарастырылмаған.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 4-бабында азаматтық заң құжаттарының керi күшi болмайды және өздерi күшiне енгiзiлгеннен кейiн пайда болған қатынастарға қолданылады. Азаматтық заң құжаттарының заңдық күшi өздерi күшiне енгiзiлгенге дейiн пайда болған қатынастарға бұл оларда тiкелей көзделген реттерде қолданылады. «Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 6 сәуірдегі № 480-V ҚРЗ Заңының 43-бабының 1 және 2-тармақтарында Нормативтiк құқықтық актiнiң күшi ол қолданысқа енгiзілгенге дейiн туындаған қатынастарға қолданылмайды деп көзделген.
Нормативтiк құқықтық актiнiң немесе оның бiр бөлiгiнiң керi күшi оның өзiнде немесе нормативтiк құқықтық актiнi қолданысқа енгiзу туралы актiде көзделген жағдайда осы баптың 1-тармағының қағидаларына кiрмейдi.
Бұл Заңның 101-4-бабы 2-тармағының 7) тармақшасы 2022 жылғы 15 сәуірдегі Заң қолданысқа енгізілгеннен кейін, яғни заңға өзгерістер енгізілгеннен кейін өзге тұрғын үйді сатып алу фактісі орын алған кезде туындаған құқықтық қатынастарға қолданылатынын білдіреді.
Сонымен, сотта бірінші пәтерді сатып алуға алынған банктік қарыз шарты бойынша міндеттемелерді талап қоюшы әлі орындамағандығы анықталған.
Бұрын қолданыста болған заңнамада екінші тұрғын үйді сатып алуға байланысты тұрғын үй төлемдерін алуға қандай да бір шектеулер көзделмеген.
Даулы тұрғын үй төлемдері жөніндегі комиссияның шешімі 2022 жылғы 15 сәуірдегі өзгерістер енгізілгенге дейін қолданыста болған редакциядағы Заңның 101-4-бабының талаптарына қайшы келеді және тұрғын үй төлемдерін тоқтатуға болмайды.
Істің мұндай тұрғысында апелляциялық сот іс үшін маңызы бар мәнжайлар ауқымын дұрыс айқындаған, материалдық заң нормалары дұрыс қолданылған, процестік құқық нормалары бұзылмаған деп санайды.
Жауапкердің кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал тараптардың сот тұжырымдамасымен келіспеуі сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.
Сондықтан, сот алқасы жауапкердің кассациялық шағымын қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Казақстан Республикасы Әскери сотының азаматтық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасысының 2024 жылғы 23 қаңтардағы қаулысы өзгеріссіз, жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Г.Б. Дуйсенбаев Судьялар Г.К. Нұрбаев Е.Д. Өміралиев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.