Қ А У Л Ы
2025 жылғы 16 қыркүйек №6003-25-00-4к/163 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші судья Ж.А.Оспанова, судьялар Н.Е.Нуралыева, М.А. Туганбаев болып, ашық сот отырысында Серік Абилашұлы Есбосынның Маңғыстау облысы жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының жеке сот орындаушысы (бұдан әрі – ЖСО) Мади Еламанович Журхановқа алимент бойынша берешекті анықтау туралы қаулыларды заңсыз деп танып, күшін жою туралы талап қоюы бойынша
Маңғыстау облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 8 қаңтардағы шешіміне, Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 ақпандағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап, АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген. Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 ақпандағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Маңғыстау облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 8 қаңтардағы шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында жергілікті соттардың қорытындысы заңсыз және негізсіз екенін көрсетіп, қабылданған сот актілерінің күшін жоюды сұрайды. Тиісті түрде хабардар етілген тараптар кассациялық сатыдағы сотқа келмеді, бұл ӘРПК-нің 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді.
Кассациялық сот іс материалдары мен шағымның уәждерін зерделеп, келесі негіздер бойынша шағым қанағаттандырусыз, ал дауланып отырған сот актілері өзгеріссіз қалдырылуға жатады деп есептейді. ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Жергілікті соттар осы іс бойынша мұндай бұзушылықтарға жол бермеген. Қазақстан Республикасы Конституциясының 27-бабына сәйкес неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болады. Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу - ата-ананың етене құқығы әрі міндеті.
«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасы кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 66-бабының 1-тармағында, 138-бабының 1-тармағында баланың өзi ата-аналарынан күтіп-бағу қаражатын алу құқығы және ата-аналар өздерінің кәмелетке толмаған - балаларын күтіп бағуға міндетті екендігі регламенттелген.
Кодекстің 169-бабының 3-тармағына сәйкес осы Кодекстің 139бабына сәйкес кәмелетке толмаған балаларға төленетін алимент бойынша берешектің мөлшерін алимент төлеуге міндетті адамның алимент өндіріп алынбаған кезеңдегі жалақысы мен өзге де кірісін негізге ала отырып, сот орындаушысы айқындайды. Егер алимент төлеуге міндетті адам осы кезеңде жұмыс істемеген болса немесе оның жалақысы мен өзге де кірісін растайтын құжаттар ұсынылмаса, ай сайынғы төлемдер және (немесе) алимент бойынша берешек сол берешекті өндіріп алу кезіндегі Қазақстан Республикасындағы орташа айлық жалақының мөлшері негізге алына отырып айқындалады.
Кодекстің 169-бабына сәйкес алимент төлеу туралы келісімнің негізінде немесе атқару құжатының негізінде өткен кезең үшін алимент өндіріп алу атқару құжаты не осы Кодекстің 158-бабында көзделген алимент төлеу туралы келісім табыс етілгенге дейінгі үш жыл мерзім шегінде жүргізіледі.
«Атқарушылық іс жүргізу және және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі -Заң) 99бабының 2, 3-тармақтарына сәйкес алименттер бойынша берешек мөлшерiн сот орындаушысы өндiрiп алу жүргiзiлмеген уақыт iшiнде борышкер алатын нақты жалақыны (кірісті) негiзге ала отырып, шешiм орындалатын жерде белгiлейдi. Егер борышкер бұл кезеңде жұмыс icтeмeген немесе оның жалақысын және өзге де кірісін растайтын құжаттар ұсынылмаған жағдайда, ай сайынғы төлемдер және (немесе алимент бойынша берешек оны өндiрiп алу кезiнде Қазақстан Республикасындағы орташа айлық жалақы мөлшерi негізге ала отырып айқындалады. «Соттардың алименттерді өндіріп алу жөніндегі істерді қараған кезде заңнаманы қолдануы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2017 жылғы 31 наурыздағы № 1 нормативтік қаулысының (бұдан әрі - нормативтік қаулы) 30-тармағы бойынша алименттер төлеуге міндетті адамды берешекті төлеуден босату үшін екі мән-жайдың жиынтығын: сот дәлелді деп таныған себептер бойынша берешектің пайда болуы мен қиын материалдық және отбасылық жағдайға байланысты пайда болған берешекті өтеу мүмкін еместігін ескеру қажет. Көрсетілген мәнжайлардың бірінің ғана орын алуы берешекті төлеуден босатуға кедергі келтіреді.
ӘРПК-нің 155-бабының төртінші бөлігіне сәйкес сот, егер талап қоюды қарау кезінде даулы әрекет (әрекетсіздік) жасалғанын, шешім құзыретіне және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қабылданғанын анықтаса, оны қанағаттандырудан бас тартады.
Жергілікті соттар жоғарыда аталған нормаларды басшылыққа ала отырып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тартқаны негізді.
Іс материалдарынан анықталғандай, ЖСО-ның іс жүргізуінде талап қоюшыдан Н.Куанышбекованың пайдасына кәмелетке толмаған балалары 2016 жылғы 3 сәуірде туған Ринат Абилашты, 2019 жылғы 13 сәуірде туған Рыскелді Куанышбекті, 2021 жылғы 14 желтоқсанда туған Ханшайым Куанышбекті күтіп-бағу үшін алименттерді өндіру туралы сот бұйрығы мен сот шешімі бар.
2024 жылғы 13 қарашада ЖСО өндіріп алушының өтініші бойынша 2021 жылғы 1 қыркүйектен бастап 2024 жылғы 1 қазанға дейінгі кезеңде кәмелетке толмаған 2019 жылғы 13 сәуірде туған Рыскелді Куанышбекті күтіп-бағу үшін алименттер бойынша берешекті 3 164 104, 75 теңге мөлшерінде айқындау туралы қаулы шығарған.
Талап қоюшы осы қаулыны даулап отыр, оның пікірінше, алимент бойынша берешек мөлшері аз болуы тиіс, себебі 2020-2021 жылдары өзі өндіріп алушы Н.Р.Куанышбековамен бір отбасы ретінде бірге тұрып, балаларды қамтамасыз еткен. Кейін бөлек тұра бастағаннан кейін де балаларға материалдық көмек көрсетіп отырған.
Жергілікті соттар талап қоюды қанағаттандырудан бас тарта отырып, ЖСО-ның алимент бойынша берешекті анықтау жөніндегі іс-әрекеттері заңды деген дұрыс қорытындыға келген, өйткені нотариалды түрде куәландырылған келісім болмағандықтан талап қоюшының алиментті өз еркімен төлегені туралы уәждері негізсіз болып табылады. Қолданыстағы заң талаптарына сәйкес алимент нотариалды түрде куәландырылған келісім негізінде, ал егер келісім болмаған жағдайда, сот тәртібімен өндіріледі. Талап қоюшыдан алимент сот тәртібімен өндірілген. Берешек сомасы осы сот актісімен бекітілген мөлшерден айқындалған. Қолданыстағы заңда (Кодекстің 170-бабының 2-тармағы) дәлелді себептері болған жағдайда борышкерді алимент бойынша берешекті өтеуден соттың босатуы мүмкін екені көзделген. Бірақ бұл жағдайда да, берешекті анықтау туралы қаулының күші жойылмайды.
Нормативтік қаулының 30-тармағында көрсетілгендей, соттың алимент төлеушіні Кодекстің 170-бабы 2-тармағының негізінде алименттер бойынша берешекті төлеуден толық немесе ішінара босатуы сот орындаушысының алименттер бойынша берешекті белгілеу туралы қаулысын заңсыз деп тануға әкеп соқпайды
Қорыта келе кассациялық сот жергілікті соттардың дауланып отырған акті ӘРПК-нің 8-бабының екінші бөлігінде көрсетілген әділдік пен ақылға қонымдылық өлшемдеріне сәйкес келетіні туралы тұжырымдарымен келіседі. АПК-нің 426-бабының екінші бөлігінде жаңа дәлелдердің болмауына байланысты қаулының уәждеу бөлігінде сот актілеріне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым авторының уәждері өзінің мазмұны, мәні мен мақсаты бойынша бірінші және апелляциялық сатылардағы соттарда келтірілген уәждермен бірдей. Бұл уәждер апелляциялық сатыдағы сотта қаралып, оларға тиісті құқықтық баға берілген. Кассациялық шағымда жаңа уәждер келтірілмеген.
Жергілікті соттар іс бойынша мән-жайларды дұрыс анықтаған, материалдық және процестік құқық нормалары дұрыс қолданылған, сол себепті кассациялық сот дауланып отырған сот актілерінің күшін жоюға негіз жоқ деп есептейді.
Мұндай жағдайларда талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ: Маңғыстау облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 8 қаңтардағы шешімі, Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 ақпандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы Серік Абилашұлы Есбосынның кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Ж. Оспанова
Судьялар
Н. Нуралыева
М. Туганбаев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.