ҚАУЛЫ №6000-25-00- 4к/2432
29 қаңтар 2026 жыл Астана қаласы
Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты, құрамындағылар: төрағалық етуші судья Е.М.Нұралиев, судьялар Р.М.Айнақұлова, Ш.С.Манжуева,
талап қоюшы М.Т.Адилбекованың, жауапкер Т.Е.Кабидолданың, жауапкердің өкілі Р.Р. Раимбековтың қатысуларымен,
ашық сот отырысында Адилбекова Меруерт Турсынбаевнаның (әрі қарай -талап қоюшы, өндіріп алушы) Алматы қаласы атқарушылық округінің жеке сот орындаушысы Кабидолда Тлек Ержанұлына (әрі қарай- жауапкер, ЖСО), Қойшыбаев Бауыржан Серғазыұлының қатысуымен (әрі қарай – мүдделі тұлға, борышкер), 2025 жылғы 24 сәуірдегі атқару құжатын орындаусыз кері қайтару туралы қаулыны заңсыз деп танып, күшін жою және атқарушылық іс жүргізуді қайта жаңартуға міндеттеу туралы талап қоюы негізінде қозғалған әкімшілік ісін,
Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 05 маусымдағы шешіміне, Алматы қалалық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 16 шілдедегі қаулысына талап қоюшының берген кассациялық шағымы бойынша қарап, төмендегені
АНЫҚТАДЫ :
Талап қоюшы бірінші сатыдағы сотқа арыз түсіріп, онда жауапкерге қатысты жоғарыдағы талаппен жүгінген. Оның пікірінше, жеке сот орындаушы тарапынан борышкердің тұрғылықты мекен-жайы мен мүлкі туралы нақты әрі толық дерек анықталмаған, борышкерге іздеу жариялау туралы қаулы бойынша Алматы қаласы полиция департаментінің көші-қон полиция басқармасынан ресми түрде жауап түспеген, борышкердің мүлкін, шоттарын, жұмыс орнын анықтау шаралары жеткілікті түрде атқарылмаған, сөйтіп жеке сот орындаушы дауланып отырған өз қаулысын, атқару өндірісі толықтай жүргізілмей жатып және орындауға мүмкін жағдайлар толық зерттелмей тұрып қабылдаған.
Бірінші сатыдағы соттың 2025 жылғы 05 маусымдағы шешімімен, әрі оны өзгеріссіз қалдырған екінші сатыдағы соттың 2025 жылғы 16 шілдедегі қаулысымен, аталған талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған. Талап қоюшыдан жауапкердің пайдасына өкілге жұмсалған шығын ретінде 100 000 теңге өндірілген.
Төменгі соттардың осы сот актілерімен келіспеген талап қоюшы кассациялық шағым беріп, олармен келіспейтіндігін, сондықтан күшін жоюды сұраған.
Іс бойынша тағайындалған кассациялық соттың отырысына мүдделі тұлға, борышкер Б.С.Қойшыбаев келмеді, себебін нақтыламады, әрі істің қаралуын кейінге шегеруді сұрамады.
Мұндай жағдайда, сот отырысын аталған тұлғаның қатысуынсыз қарауға негіз бар және бұл тұжырым Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік- процестік кодексінің (әрі қарай – ӘРПК) 115-бабы бірінші бөлігіне қайшы келмейді.
Тараптар арасында туындаған даудың мән-жайын зерттеп, іс құжаттары мен шағымның және шағымға қарсы пікірдің уәждерін бағалап, кассациялық сот төмендегі тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігі бойынша, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Мұндай мән-жайлар осы істі кассациялық тәртіппен қарау барысында анықталмады.
ӘРПК-нің 5 бабының екінші бөлігінен туындайтыны, әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады. Қазіргі таңда, талап қоюшының бұрын бұзылып, енді төменгі соттардың тарапынан қалпына келтірілуге жататын құқықтары, бостандықтары немесе заңды мүдделері жоқ.
Тараптар арасында туындаған дауды сотта қарау барысында анықталғаны, Солтүстік Қазақстан облысы Ғ.Мүсірепов атындағы аудандық сотының 2024 жылғы 13 ақпандағы шешімімен, осы іс бойынша мүдделі тұлға, борышкер (Б.С.Койшыбаевтан) осы іс бойынша (талап қоюшы, өндіріп алушы (М.Т.Адилбекованың) пайдасына 31 810 000 теңге қарыз сомасы өндірілген. Соттың сол жылғы 20 наурызда берген атқару парағы негізінде, осы іс бойынша жауапкер, ЖСО (Т.Е.Кабидолда) 2025 жылғы 26 ақпанда №150/245-4552-30/25-75-4141-271/25-31-2891-93/25-75-1982 атқарушылық іс жүргізу қозғаған және сол күнмен борышкерге осы туралы хабарлама жолдаған.
Қозғалған атқарушылық іс жүргізу барысында, жауапкер тарапынан оны орындау мақсатында бірнеше атқару амалдары атқарылған. Борышкердің жеке басының, әрі атында ешбір мүліктің анықталмауына байланысты 2025 жылғы 18 наурызда борышкерге іздеу жариялау туралы қаулы шығарылып, ол Алматы қаласы полиция департаментінің көші-қон полициясы басқармасына орындау үшін жолданған. Осы себепті 2025 жылғы 08 сәуірде атқарушылық өндіріс тоқтатылған.
Сол жылдың 14 сәуірінде, өзінің Ақтөбе облысы, Темір ауданы, Алтықарасу ауылы, 1 май фермасы, Ленин көшесі, 13 үйде тұратындығы, сондықтан атқарушылық іс жүргізу құжаттарын сонда жолдауды сұрап жолдаған борышкердің түсініктемесінің негізінде, оның анықталуына байланысты бұрын тоқтатылған атқарушылық іс жүргізу жаңғыртылып, жауапкер, ЖСО ол бойынша атқарушылық құжатты аумақтылығы бойынша жолдау туралы қаулы шығарған. Алайда арада үш күн өткен соң, 17 сәуірде ол өзінің бұл қаулысының күшін жойған, себебі атқарушылық іс жүргізуді арнайы базаға өз санаты бойынша енгізу қажет болған, себебі ол бұрын «еңбек ақы төлемі» деп онда қате енгізілген. Бұл туралы арнайы акті де толтырған.
Ал, 2025 жылғы 24 сәуірде жауапкер, ЖСО атқарушылық құжатты орындауға заңда көзделген барлық шаралар нәтиже бермегендіктен атқарушылық құжатты талап қоюшыға қайтару туралы Қазақстан Республикасы «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңының (әрі қарай – Заң) 48-бабы 1-тармағы 2- тармақшасының негізінде қаулы шығарған.
Жауапкердің осы соңғы қаулысының заңдылығын даулап, оны іс жүргізуді қайта жаңғыртуға міндеттеуді сұрап, талап қоюшы сотқа жүгінген.
Бұл талапты жан-жақты зерттеп, оған қажетті құқықтық баға берген төменгі соттар, жауапкер, ЖСО тарапынан қолданыстағы Заңның нормалары сақталғандығын анықтаған. Атап айтқанда, Заңның 126-бабы 2-тармағының 1) тармақшасына сәйкес, сот орындаушысы сот актілерін, оның ішінде талап арызды қамтамасыз ету және бітімгершілік келісімін бекіту жөнiндегi сот ұйғарымдарын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларда өзге де органдардың актілерін мәжбүрлеп орындатуға бағытталған шаралар қолдануға міндетті. Бұд міндеттердің орындалуы қамтамасыз етілген.
Жоғарыда аталған атқарушылық құжаттың талап қоюшыға қайтарылуына себеп болған жағдай, заңда көзделген барлық дерлік шаралардың қажетті нәтиже бермегендігі. Атап айтқанда, мүдделі тұлға, борышкердің тұрғылықты мекен-жайы мен жұмыс орны Алматы қаласының аумағында анықталмаған. Бұл жағдай борышкердің өз түсініктемесінен тыс, көрсетілген мекен-жайда жоқтығы жайындағы 2025 жылғы 12 наурыздағы актімен, Алматы қаласында 2019 жылдан бастап тіркелмегендігі туралы арнайы мәліметпен, борышкерге іздеу жариялау туралы қаулымен расталған.
Борышкер Б.С.Койшыбаевқа қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (әрі қарай – ҚК) 430-бабы 1-бөлігімен 2024 жылғы 28 қарашада қозғалған қылмыстық іс Алматы облысының Қарасай ауданында орын алған, сондықтан азаматтық іс бойынша шығарылған сот шешімінің негізінде Алматы қаласы аумағында жүргізілген атқарушылық іс жүргізуді қайтаруға ол бөгет бола алмайды.
Кассациялық тәртіппен осы әкімшілік істі қарау барысында, яғни 2026 жылғы 23 қаңтарда алынған дерекке сәйкес, борышкер Б.С.Койшыбаев Алматы қаласы, Әуезов ауданы, Садовников көшесі, 69 мекен-жайында 2018 жылғы 23 сәуірден 2019 жылғы 23 сәуірге дейін уақытша тіркелген. Ал қазіргі уақытта ол Ақтөбе облысы, Ақтөбе ауданы, 12 ықшам ауданындағы Блок А корпусы, 38 үй, 23 пәтерде тіркелген.
Заңның 152 бабы 4 тармағының талаптарына сай, атқарушылық құжат борышкердің тұрғылықты жері, не жұмыс орны, немесе мүлкі орналасқан жер бойынша орындалуға жатады.
Ал, атқарушылық құжаттың бұдан әрі Алматы қаласында орындалуына қандай да бір негіз болмағандықтан, оның Ақтөбе облысының атқарушылық аумағында қаралуы заң нормаларына қайшы емес.
Сондықтан, іс бойынша дауланып отырған жауапкердің 2025 жылғы 24 сәуірде шығарған атқарушылық құжатты қайтару туралы қаулысы заң шеңберіне сәйкес келеді. Ерекше ескерер жағдай, кассауциялық сотта зерттелген құжаттардан анықталғанындай, Ақтөбе облысы атқарушылық аймағының жеке сот орындаушысы А.К.Космагамбетов аталған атқарушылық құжатты 2025 жылғы 23 желтоқсанда Заңның 48 бабы 1 бөлімі 1 тармақшасы негізінде өндіріп алушының арызы бойынша қайтарған. Оның үстіне, аталған сот орындаушы, қайтарылған құжатты орындауға қайталап ұсынуға мүмкіндік бар екендігі туралы өндіріп алушыға өз қаулысында түсіндірген. Мұндай жағдайда, өндіріп алушы М.Т.Адилбекованың құқығына шектеу жасалды деп санауға болмайды. Оның тікелей Ақтөбе облысының атқарушылық аймағына жүгініп, өзінің қарызын сол аймақта тұратын борышкер Б.С.Қойшыбаевтан талап етуі тиімді болмақ.
Жалпы дауды жан-жақты зерттеп, дұрыс шеше білген төменгі сатыдағы соттар заң шеңберінде әрекет етіп, іс қарауда қолданылуға тиісті талаптарды сақтаған. Сонымен қатар талап қоюшы тарапының ұсынған кейбір уәждеріне лайықты құқықтық баға бере білген. Ол туралы қабылданған сот актілерінде жан-жақты баяндалған, сондықтан қайтара қайталап көрсетудің қажеттілігі туындамады.
Қазіргі кезде іс бойынша қабылданған сот актілерін бұзуға немесе өзгертуге ешбір негіз жоқ, олар ӘРПК-нің 155 бабы 4 тармағының талаптарына сәйкес келеді.
Қандай да бір жаңа, әрі заңды уәждер кассациялық шағым иесінен кассациялық сотқа қазіргі кезде ұсынылмады.
Жауапкердің өкіліне төленген шығынның талап қоюшыдан өндірілуі АПК-нің 113-бабы бірінші бөлігіне сәйкес келеді, ол қажетті құжаттармен расталған.
Осы себептерді ескеріп, кассациялық сот іс бойынша шығарылған сот актілерін өзгеріссіз, ал талап қоюшының кассациялық шағымын қанағаттандырусыз қалдыру қажет деп табады.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Осы іс бойынша шығарылған Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 05 маусымдағы шешімі, Алматы қалалық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 16 шілдедегі қаулысы – күшінде, талап қоюшының кассациялық шағымы - қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Е.М. Нұралиев
Р.М. Айнақұлова
Судьялар
Ш.С. Манжуева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.